ЕКПА төрағасы Қазақстан Республикасында 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен президенттік сайлауды бақылау жөніндегі ЕКПА арнайы комтиетінің қорытынды баяндамасынан хабардар етті. Аталған құжат биылғы жылдың 27 мамырында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Киевте өткен көшпелі отырысында жария етілген.
ЕКПА байқаушылар делегациясының ресми қорытындыларын негізге ала отырып, М.Чавушоглу өткен сайлау барысын жоғары бағалап, нәтижесі еліміз сайлаушыларының еркін толығымен білдіргенін атап өтті.
ЕКПА төрағасы Президент Н.Назарбаевты тамаша жетістігімен құттықтап, Қазақстан өкіметіне ЕКПА байқаушы миссиясына көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдірді.
М.Чавушоглу және Ассамблеяның Киевтегі көшпелі отырысында сөз сөйлеген ЕКПА-ның бірқатар депутаттары Қазақстан 20 жыл тәуелсіздік ішінде әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуда елеулі жетіктіктерге қол жеткізді, бүгінде демократия жөніндегі әріптес мәртебесіне лайықты деген пікір білдірді.
М.Чавушоглу әріптестік деңгейде қол жеткізген жетістіктерге қанағаттанушылығын білдіре келе, ЕКПА Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге дайын екендігін мәлім етті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, ЕКПА төрағасына өткен президенттік сайлауға және Қазақстан мен оның көшбасшысы Н.Назарбаев тәуелсіз жылдары қол жеткізген табыстарға берген жоғары бағасы үшін алғысын айтып, Астана ЕКПА-мен ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ұмтылып отырғанын растады. Қ.Саудабаев ЕКПА төрағасын Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысуға шақырды.
М.Чавушоглу шақыруды ықыласпен қабыл алып, өзінің ИКҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысатынын айтты.