National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков елдің үздік журналистеріне Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы мен гранттарын тапсырып, Алғысын жариялады

2014 жылғы 27 маусым

 

ҚР Мемлекеттік хатшысы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтап, отандық журналистиканың басымдығы бар міндеттері ел басшылығы қойған мақсаттарға жету үшін қазақстандықтарды ұйыстыру, бірыңғай қазақстандық жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру, патриотизмді нығайту болып саналатынын атап өтті.            

-«Қазақстан-2050»  Стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің дамуымыздың бұлжымас шарты қоғамдық келісімді сақтау және нығайту екенін айтты. Бұл орайдағы айрықша жауапкершілік бұқаралық ақпарат құралдарына жүктеледі, - деді Мемлекеттік хатшы.

Ә.Жақсыбеков отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы заманауи талаптарға сай болуы керектігіне де тоқталды.                            

- Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өзінің қалыптасу кезеңінен табысты өтті. Бірақ қазіргі заманғы жағдайлар олардың алдына соңғы әлемдік трендтерді ескере отырып сапалы жаңару міндетін қойып отыр. Ақпараттық технологиялар, интернет және әлеуметтік желілер ақпарат жеткізудің тәсілін және БАҚ-тың қоғамдағы рөлін өзгертуде. Қазақстанның медиа-кеңістігіне соңғы үдерістерді аңғарып қана қоймай, соларға сәйкес икемделе білудің маңызы зор, - деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы.

Ә.Жақсыбеков сондай-ақ қазіргі медиа-кеңістікте жүріп жатқан өзгерістерге қарамастан, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының шынайылық пен нақтылық секілді түпкі қағидаттары сақталуы тиістігін де айтып өтті.  

Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы «Жас қазақ» газетінің бас редакторы С. Смайылға, «Время» газетінің бас редакторы Л.Тараковқа берілді, гранттары «КТК» телеарнасының Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі Я.Красиенкоға, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Ж.Төлемісоваға тапсырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы «Айғақ»  телерадиокомпаниясының, «Казконтент» акционерлік қоғамының, «Коре ильбо» газетінің, «Мир» Мемлекетаралық компаниясының Қазақстан Республикасындағы ұлттық филиалының шығармашылық ұжымдарына жарияланды.

Салтанатты рәсім соңында Мемлекеттік хатшы  БАҚ өкілдерінің жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі және журналистік шеберлікті ұдайы жетілдіре отырып, елде болып жатқан маңызды оқиғалардың ортасында болуға шақырды.

Биыл ақшалай марапаттың жалпы қоры – 7 миллион 408 мың теңге. Сыйлық лауреаттары 2 миллион теңге,  грант иегерлері 1 миллион 700 мың теңгеден астам қаражат иеленді.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің