National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2015 жылғы 28 қазан

 

Елбасыға Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Траян Лауренциу Христеа, Польша Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мачей Ланг, Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Доан Тхи Хиен Суан сенім грамоталарын тапсырды.  

Мемлекет басшысы дипломаттарды біздің елдегі қызметтерінің басталуымен құттықтады, сондай-ақ олардың Қазақстанға мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде келгенін айтты.

Қазақстан халқы жуырда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттігінің қалыптасуында зор рөл атқарған елдік құрылым. Ерте заманда бұл Ұлы даладан Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бір бөлігі өтіп жатқан. Қазақстан сол дәстүрді жаңғырта отырып өз дамуының жаңа белесіне көтерілді. Елімізде «Нұрлы» жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы іске асырылуда. Оның мақсаты – Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін барынша арттыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу дайындығы мен Бес институционалдық реформаға қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

 Осы бастаманың бәрі тиімді ынтымақтастық үшін жаңа перспективаларға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі сыртқы саясат мәселелеріне тоқталды.

Бір ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясы ашылғаны белгілі. Ондағы дебаттар адамзат дамуының жаңа парадигмасын әзірлеудің аса қажеттігін дәлелдеп берді. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі –  соғыстар мен қақтығыстардың себептеріне жол бермейтін стратегия жасау, – деді Қазақстан Президенті.   

Мемлекет басшысы XXI ғасырда адамзаттың басты мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру болуға тиіс екенін, сол үшін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынатынын айтты.

Қазіргі уақытта терроризм мәселесі өте өзекті болып тұрғаны атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев Ислам радикализмі мен бейбітсүйгіш ислам ұғымдарының ара-жігін ажыратудың маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты біздің ел «Ислам терроризмге қарсы» атты форум өткізу туралы идея ұсынып отыр. 

Қазақстан Президенті Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.

Елдің жалпы тауар айналымы мен шетелдік инвестиция көлемінің жартысына жуығы Еуроодаққа тиесілі. Менің Брюссельге былтырғы қазан айындағы сапарым кезінде біз Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жөніндегі, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары туралы келіссөздерді аяқтадық. Осы тарихи құжатқа қол қою үшін Еуроодақ басшылығының Астанаға ресми сапармен келуін күтеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Венгрия халқын ортақ тарих мен мәдениет байланыстыратынын айтты.  

Екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстары стратегиялық серіктестік аясында дамып келеді. Біз Премьер-министр В.Орбанның биылғы сапарының қорытындысын жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев арада жоғары деңгейдегі өзара сенімді диалог орнағанын айта келіп, Қазақстанның Польша Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екеніне назар аударды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Президент А.Дудамен кездестік. Сауда-экономика байланыстары жанданып, өзара тауар айналымы ұлғаяды деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Вьетнам Социалистік Республикасымен ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз беріп отырғанын айтты.

Біз вьетнам бизнесінің Қазақстан нарығына қатысу аясын кеңейтуге мүдделіміз. Тоқыма өндірісі, жиһаз жасау, халық тұтынатын тауарлар өндіру саласында бірлескен өндірістер ашуға әзірміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бауырлас Түркия Республикасымен ынтымақтастықты Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағытының бірі ретінде атады.

Қазақстанда түрік компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы ынтымақтастық аясын кеңейте түсу маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рәсім соңында Қазақстан Президенті елшілерге жаңа қызметтерінің жемісті болуына тілектестік білдірді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің