Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

13 мамыр 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Австралияның, Ирландияның, Бенин Республикасының, Сирия Араб Республикасының және Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

 

Австралия елшісі П.Тешпен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан үшін Австралия Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктес болып саналатынын атап өтті. Астана Канберрамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор мән береді. 2015 жылы Қазақстан мен Австралия арасындағы жалпы сауда айналымы 74,2 миллион доллар болды.

Ирландия елшісі Э.Макдейдпен кездесу барысында Мемлекеттік хатшы екіжақты қарым-қатынастар серпінді дамып келе жатқанын айтты. Қазақстан Ирландиямен ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты шарттық-құқықтық база аясын кеңейтуге ерекше назар аударады. Гүлшара Әбдіқалықова екі елдің салық қызметтерінің арасындағы қосарланған салық салудан бас тарту туралы конвенция бойынша келіссөздер қорытындысына қанағаттанушылық білдірді. Мемлекеттік хатшы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін ирландық тарапқа алғыс айтты.

Бенин Республикасының елшісі А.Кочофамен кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан Африкадағы саяси және экономикалық үдерістерді мұқият бақылап отыратынын және құрлық елдерімен байланысты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің Штаб пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік  қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру туралы идеясын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.

  Сирия Араб Республикасының елшісі Р.Хаддадпен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова  Қазақстан халықаралық қауымдастықтың, сондай-ақ Сирия билігі мен оппозициясының зорлық-зомбылық пен қантөгісті тез арада тоқтату үшін өзара диалог пен мәмілеге келу арқылы Сирияның саяси болашағын айқындауға жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын айтты.  Мемлекеттік хатшы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсеткені үшін Сирия тарапына да ризашылық білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Сирия арасында сан ғасырлық дәстүрлі байланыс орныққанын, көрнекті тұлғалар – Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс екі халық арасындағы достық қарым-қатынастың символы болып саналатынын айтты.

Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі А.Воркнемен екіжақты кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның Африка құрлығына қатысты сыртқы саясатында Эфиопияның айрықша орын алатынын атап өтті. Екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мақсатымен Аддис-Абебада 2014 жылы Қазақстанның елшілігі ашылды. Мемлекеттік хатшы Эфиопия халқын алдағы 25 мамыр – Африка күнімен, сондай-ақ 28 мамырда атап өтілетін Эфиопия демократиялық күштері жеңісінің 25 жылдығымен құттықтады.

Шет мемлекеттердің елшілері кең ауқымды мәселелер бойынша байланыстарды, соның ішінде  қаржы, мұнай-газ, азық-түлік өндіру, қосалқы қуат көзі және т.б. салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді.

Г.Әбдіқалықова аталған мемлекеттердің Төтенше және Өкілетті елшілерінің жұмысы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдірді, сондай-ақ оларды Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына қатысуға шақырды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар