Жаңалықтар

11 қаңтар 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысы Наталия Заруднаның еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай онымен кездесу өткізді

 

Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының қазіргі ахуалына және болашақ перспективаларына қатысты кең ауқымдағы мәселелерді талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ ықпалдастығының тарихы бай екенін, соның ішінде еліміздің 2010 жылы осы ұйымға төрағалық еткенін, ЕҚЫҰ-ның соңғы саммитін Астанада ұйымдастырғанын және Астана декларациясының қабылданғанын атап өтті. Қазақстан өзі төрағалық еткен кезде ЕҚЫҰ аясында өзара теңдік негізіндегі іс-қимылды дамытуға дайын, белсенді әрі сенімді серіктес ретінде танылды.

ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің ұйымдастыруымен ұйым хатшылығының және ЕҚЫҰ құрылымдық бөлімшелері басшылығының Қазақстанға бірнеше сапары, елімізде және шетелдерде әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық сипатта түрлі формат пен деңгейдегі бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова ЕҚЫҰ кеңсесінің басшысы Н.Заруднаға ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар кеңсесін басқарған кезінде Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен табыс тіледі.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар