National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

2016 жылғы 25 наурыз

 

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын паш еткенін атап көрсетті. Өткен шақырылыммен салыстырғанда, Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің саны артты. Жаңа құрамға 29 әйел сайланып, олардың үлесі 27,1 пайыз болды. Бұл көрсеткіш әйелдерді саяси ілгерілету жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сай келеді.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жолдауын іске асыруға, соның ішінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларға әйелдердің қатысуы мен кәсіпкерлік секторға тартылуының маңыздылығын атап өтті.

 Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, соңғы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі  2009 жылғы 17,7 пайыздан 2014 жылы 26,2 пайызға дейін артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері иелерінің құрылымында әйелдердің үлесі – 42 пайыз. ЕҚДБ мен ҚР Үкіметінің «Бизнестегі әйелдер» атты бірлескен бағдарламасы аясында әйелдер басқаратын кәсіпорындарға жалпы құны 49,2 млн АҚШ доллары болатын 1200-ге жуық несие беру жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудағы пәрменді құралдың біріне айналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жандандырылғанын хабарлады. Айталық, бағдарламаны іске асыру кезеңінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 290,7 мың әйел тартылды, оның ішінде 222,5 мың адам еңбекпен қамтылды. Енді бағдарлама аясында барлық бағыт бойынша 50 мыңнан астам әйелді қамту жоспарлануда.

Отырыста  Қазақстан   Республикасы   Тәуелсіздігінің  25 жылдығына   арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясының іске асырылу барысы талқыланды. Акция әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға, дарынды жетім балаларды қолдауға, отбасылық-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жастарды ар-ұждан тұрғысынан тәрбиелеу, ерте жүктіліктің алдын алу шаралары туралы ақпараты тыңдалды. Гүлшара Әбдіқалықова отырысқа қатысушылар назарын өскелең ұрпақтың ар-ұждан тәрбиесін күшейту, білім мекемелері мен ата-аналар тарапынан алдын алу жұмыстарын жүргізу, жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту мәселелеріне аударды.

Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша орталық және жергілікті  мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің