Жаңалықтар

24 маусым 2016
Елбасы қазақстандық БАҚ өкілдері үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысына қатысу қорытындысына арналған брифинг өткізді
Өзбекстан Республикасы, Ташкент қ.

Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі отырысына қатысуының басты қорытындыларын атап өтті.

– Бүгін ШЫҰ-ның маңызды, тарихи мәні бар саммиттерінің бірі өтті деп есептеймін. Қазақстан Қытаймен шекараға қатысты аумақтық мәселелерін шешіп жатқан бес республиканың қатарында Ұйымды құрудың бастамашыларының бірі ретінде оның бастауында  тұрды. Қазіргі басым бағытының бірі экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналатын біздің Ұйым экономикалық және саяси жағынан маңызды әлемдік ойыншыға айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті саммит аясында Үндістан мен Пәкістанның Ұйымға кіруі жөніндегі негізгі құжаттарға қол қойылғанын айтты.

– Үндістан мен Пәкістанның қосылуының арқасында ұйым Еуразияның көп бөлігін, жер шары тұрғындарының жартысын және әлем экономикасының 20%-ын қамтитын одан да зор жаһандық құрылымға айналды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік-логистика пунктері арқылы тоғысуы, елдеріміздің экономикалық шекараларының ашылуы және Ұлы Жібек жолының жаңғыртылуы Қазақстанға болашақта зор басымдықтар береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы іс-шара аясында өткен екіжақты келіссөздердің негізгі нәтижелері туралы айтып өтті.

– Біз бүгін ҚХР төрағасымен кездесу кезінде елімізді индустрияландыруда маңызды рөл атқаратын 50-ден астам бірлескен кәсіпорын құру перспективаларын қарастырдық. Ауғанстан Президентімен келіссөздер барысында сол елдегі жағдай талқыланды. Бүгінде Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына қолдау көрсетуін жалғастыруда. Ауғанстанға 150 маман қайта оралып, олар таяуда жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар біз еліміздің жоғары оқу орындарына жыл сайын 50 адамнан қабылдап, Ауғанстан экономикасының қайта қалпына келуіне көмек көрсетудеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада өтетінін хабарлады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев саммит қорытындыларына қанағаттанатынын айтып, оның еліміз үшін дер кезінде өтіп отырған және аса маңызды шара екенін атап өтті. 


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда