Жаңалықтар

30 маусым 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

 

Комиссия отырысын ашқан Мемлекеттік хатшы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен өткізіліп келе жатқанын және аудандық, өңірлік және ұлттық сияқты үш кезеңді қамтитынын атап өтті.

Г.Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында үлгілі отбасыларды таңдау барысында олардың тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан үлестері ескерілетінін айтты.

Байқау отбасы институтын, адамгершілікті нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, балаларға қамқорлық жасауға және аға ұрпаққа құрмет көрсетуге бағытталған. Байқауға мүшелері еңбекте, зияткерлік пен ғылымда, шығармашылық пен спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар қатысады.

Байқау жеңімпаздарын анықтаудың басты өлшемі – отбасы мүшелері жетістіктерінің мәні, рухани-адамгершілік құндылықтар мен шынайы отбасылық дәстүрлерге ұстанымдығы, өмір сүру салты мен қоғамдық бедел-абыройы.

Биылғы маусым айында еліміздің барлық өңірінде екінші кезеңнің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімдері өткізілді, сондай-ақ әрбір облыстан, Астана және Алматы қалаларынан үшінші кезеңге – ұлттық кезеңге қатысу үшін екі отбасыдан анықталды.

Байқаудың аталған кезеңіне дайындық аясында Комиссия мүшелері финалға қатысатын 16 үміткерді анықтады, сондай-ақ байқау жеңімпазына табысталатын дипломдар мен мүсіншелердің эскиздерін бекітті.

«Мерейлі отбасы» байқауының финалдық кезеңінің жеңімпаздарын анықтауға еліміздің барша азаматтары онлайн-дауыс беру арқылы телефон бойынша, kaztube.kz порталында, сондай-ақ SMS-хабарлама жолдау арқылы тікелей қатыса алады. Дауыс беру биылғы 2-9 қыркүйек аралығында өткізіліп, оның қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні қарсаңында жарияланатын болады.

Байқауды Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларының және  облыс әкімдері жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың қолдауымен Мәдениет және спорт, ақпарат және коммуникациялар министрліктері ұйымдастырады.

Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға байқауды әрі қарай ұйымдастыру мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда