Жаңалықтар

27 маусым 2016
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсырды және алғыстарын жариялады

Мемлекеттік хатшы рәсім барысында сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерін, Мемлекет басшысының алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанның барша журналистер қауымын кәсіби мерекемен – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.

– Биыл республикамыз өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Ширек ғасырда Қазақстан кемел азаматтық қоғамы бар қуатты да орнықты мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл іске отандық бұқаралық ақпарат құралдары өлшеусіз үлес қосты. Олар мемлекет пен халық арасындағы ажырағысыз байланысты қамтамасыз ете отырып, республиканың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерінің бәрін шынайы түрде жариялап-көрсетті, – деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы Елбасы бастамашы болған Бес институционалдық реформаны ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету олардың табысты жүзеге асырылуының маңызды шарты екенін де атап өтті.

– Отандық ақпарат кеңістігін өрістету жөніндегі маңызды шараның бірі өз кәсіби деңгейін ұдайы арттырып келе жатқан журналистер мен шығармашылық ұжымдарды ынталандыру болып табылады. Шеберлігін, талантын бүкіл қоғамның игілі жолында барынша жарқыратып көрсеткен баспасөз өкілдерін Мемлекет басшысының арнаулы марапаттарымен атап өтеміз, – деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекет басшысының өкімімен Президент сыйлығы «Түркістан» газетінің бас редакторы Паттеев Шәмшиддин Әшенқожаұлына, «Казахстанская правда» республикалық газетінің саясат бөлімінің редакторы Курятов Владимир Геннадьевичке берілді.

Гранттар «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының тілшісі Ибраймов Мұхтар Сейтқасымұлына, «Свобода слова» қоғамдық-саяси апталығының тілшісі Ляховская Вера Андреевнаға тапсырылды.

ҚР Президентінің алғыстары «Дойче Альгемайне Цайтунг» газеті, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақ радиосы» радиостанциясы және «РИКА-ТВ» телекомпаниясы шығармашылық ұжымдарына жарияланды. 


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда