National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековпен кездесу

2013 жылғы 05 желтоқсан

 

Р.Түсіпбеков Мемлекет басшысын агенттіктің биылғы 10 айдағы қызметінің қорытындылары туралы хабардар етті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі рейтингінде еліміздің позициясы төмендегенін атап көрсетті.

– Рейтингтің нашарлауы бұл бағыттағы жұмыс қарқынының төмендегенін немесе агенттіктің қызметінде тиісті есеп жүргізілмейтінін білдіреді. Жергілікті жерлерде тұрғындар сыбайлас жемқорлықтың ахуалынан жақсы хабардар, солармен тығыз жұмыс істеу қажет. Оған қоса, бұл іспен «Нұр Отан» партиясының өкілдігі айналысуда, оларға мұндай фактілерді жұрт хабарлап отырады. Егер осындай ескертулерді назардан тыс қалдырмай, тексеріс жүргізіп, істі соңына дейін жеткізсе, онда бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты іс-қимыл болады, – деді Қазақстан Президенті.      

Мемлекет басшысы жемқорлықты жою үшін жалғыз агенттіктің немесе құқық қорғау органдарының күші жеткіліксіздігін, жүйелі шаралар қажет екенін атап өтті.

– Жылдан-жылға экономикалық, заңнамалық жағдайлар жақсара түсуде, тексерістер саны қысқаруда. Шенеуніктер мен тұрғындар арасында байланыс азайып, еңбекақы мөлшері артып келеді. Осының бәрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған. Көрсеткіштерді жасанды түрде көтерудің қажеті жоқ, барлығы сезінетін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нағыз күрес жүргізілуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар халықаралық және қазақстандық қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық туралы айтты және бұл жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.   

Р.Түсіпбеков агенттік өз жұмысының бірқатар бағыттары бойынша көрсеткіштерді жақсартқанын да баяндады.

– Биылғы жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған 900 тұлғаға, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды тұлғалар мен оларға теңестірілген тұлғаларға қатысты 1333 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде, республикалық және облыстық деңгейдегі 120-дан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Көлеңкелі экономика бойынша, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, біз алкогольдің, мұнайдың заңсыз айналымына, жалған кәсіпорындарға қарсы күресті күшейттік. Жалпы, 4652 қылмыс анықталды. Бүгінде осы жұмыстың барлығы нәтижесін беруде, – деді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің