Жаңалықтар

12 қазан 2015
Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады

 

Кездесу барысында Б.Байбек қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту жұмыстары жөнінде баяндады.

Атап айтқанда, негізгі азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, тиімді оқу үдерісін ұйымдастыруға жағдай жасау, жылу беру маусымына дайындық жөніндегі шаралар қабылдануда.

Б.Байбек жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын меморандумға қол қойылғанын, соған сәйкес Алматы кәсіпорындары өз өнімдерін «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының құрылысына жеткізіп отыратынын айтты. Мұндай қадам алдағы Универсиада нысандарына да байланысты жоспарланып отырғаны атап өтілді.

Сонымен қатар Алматы әкімі биылғы шілдеде болған көшкін зардабын жою жұмыстары туралы да айтты. Мәселен, тиісті өтемақылық төлемдер жасалып, аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізілді, Қарғалы өзенінің сағасын бекіту жөнінде шаралар қабылданды.

Б.Байбек «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында таяу уақытта қала мектептері мен ауруханаларының қаржылық есептерін жариялау тәжірибесін енгізу қарастырылып отырғанын хабарлады.

Алматы әкімі халықпен кері байланыстың жолға қойылғанын айтып, сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін одан әрі жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдар жөнінде, соның ішінде Қаланың 2020 жылға дейін дамыту стратегиясын әзірлеу ісінің басталғаны туралы баян етті.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар