Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

11 сәуір 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Отырыс барысында Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдер, сондай-ақ оның активтерін орналастыру бағыттары қаралды.

Отырыс барысында Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдер, сондай-ақ оның активтерін орналастыру бағыттары қаралды.

Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің экономикалық саясатындағы ұзақ мерзімдегі перспективаға арналған Ұлттық қордың одан арғы рөлі мен орнын нақты айқындау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұлттық қор, бұл ­– болашақ ұрпақтың ақшасы, соған байланысты оның тек ең айрықша жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін екенін атап көрсетті.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы мәселелерді шешудің көзі ретінде қарастырмау, ал оның орнына тиімсіз бюджет шығысын қысқарту, қаржы тәртібін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және салық салынатын базаны арттыру қажеттігін қадап айтты.

Осы орайда, Қазақстан Президенті таяу уақытта бюджеттің теңгерімділігі жөнінде нақты шара қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.

Мемлекет басшысы отырыс барысында маңызды мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгеніне тоқталды.

- Біріншіден, Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, 1 маусымға дейін қаржы-кредит қатынастарының жаңа жүйесі аясында Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлестірілген шарасы есебінен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөнінде толық есебін қосып, бірлескен ұсыныстар енгізсін. Екіншіден, Ұлттық қордың Тұжырымдамасының республикалық бюджетке мақсатты трансферттер бөлу бөліміне ұсынылған өзгерістер мақұлдансын. Бұл ретте мен Үкіметке өзге мүмкіндіктерді мейлінше пайдалану туралы тапсырма беремін. Ұлттық қор тек стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың басқа көздері болмаған жағдайда ғана пайдаланылуға тиіс. Сондықтан бірінші кезеңде, жоба, оның техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сондай-ақ қаражат қайтарымы есептеліп болғаннан кейін ғана біз аса маңызды автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін қаржы бөлетін боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.              

Осыған орай, Қазақстан Президенті Астана-Алматы жүрдек пойызына арналған теміржол құрылысының жобасы қосымша тиянақты талдауды қажет ететінін мысал ретінде келтірді.

- Осындай теміржолды салғымыз келеді, алайда мен Қытайда болғанымда бұл мәселені зерделей келе, біріншіден, оның өте қымбатқа түсетін жоба екенін байқадым. Екіншіден, мұндай теміржол үнемі назарда ұстап отыруды және жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның үстіне, Астана мен Алматы арасындағы жолаушылар ағыны осынау жолдың лайықты табыс әкелуін қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл идея, ең алдымен біз қаржыландыруды бастамай тұрып, мұқият есептеуді талап етеді, - Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Үкіметке 1 маусымға дейін ұсынылған инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі қажетті құжаттарды әзірлеп, бекітуді және оларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тетіктерін айқындауды тапсырды. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жобалардың қаржылық бөліміне мониторинг және аудит жүргізу тетіктерін пысықтаған жөн.

- Белсенді талқыланып жатқан тағы бір мәселе – Ұлттық қордың екінші деңгейдегі банктерді қорландыру үшін қаражат бөлуі. Мен бұған үзілді-кесілді тиым саламын, бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылданды. Екінші деңгейдегі банктерде қаражат тартудың көптеген түрлі мүмкіндіктері мен тәсілдері, сондай-ақ, өзге де резервтер бар. Және біреу тегін ақша береді деп сеніп отырмай, оларды пайдалану керек, керек. Жұмыс жүргізіп, бәсекеге түсу қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.                   

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов пен Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченко есеп берді.

Мемлекет басшысы отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелер жөнінде нақты тапсырмалар берді.      

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар