National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

2016 жылғы 09 қыркүйек

 

Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.

Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екенін атап өтті.

– Күрделі жағдайға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қызметкерлерінің орташа жалақысын 30%-ға, стипендия мен жәрдемақыны – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі үшін және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңдағы жаңа жағдай қосымша нақты шаралар қабылдауды талап етіп отырғанын айтты.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша төмендегідей бірқатар нақты міндеттер қойды.

Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту

Қазақстан Президенті жаппай кәсіпкерлік мәселелері Үкімет жұмысының басты бағытының бірі болып табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды және қолдау тетіктерін жетілдіруді тапсырды.

– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жергілікті жерлердегі ауқымды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мен өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге еңбекке жұмылдыру және жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің бірін-бірі іздеп табуына ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінде барлық жағдайлар жасалып, құқықтық негіз қалыптасты. Қазірдің өзінде оң мысалдар бар. Мемлекет мектепке дейінгі білім беру ісінде бизнеспен бірлесіп,  мектепке дейінгі жекеменшік білім беру мекемелеріне мемлекеттік тапсырыс беру арқылы тиімді жұмыс жасай бастады. Бұл жағдайда бизнес өз инвестициясын құрылысқа өзі салады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы министрліктер мен ведомстволардың ведомствоға бағынысты ұйымдарын бәсекелік ортаға беру немесе жергілікті деңгейге бейімдеу мақсатымен оларды қайта инвентаризациядан өткізу қажеттігін атап өтті.

Экономиканы әртараптандыру

Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазына 830 миллиард теңге қосымша кіріспен толығады деп жоспарланып отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Қазақстан Президенті негізгі үш міндетке тоқталды.

Агроөнеркәсіп кешені

Мемлекет басшысы «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

– Нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ең алдымен ұзақмерзімді қолжетімді несие беру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ суармалы жердің айналымын енгізу бағдарламаның басымдықтары болуға тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуге тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.

Елбасы ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.

– Биыл сібір жарасы бірнеше өңірде орын алып, одан адам өлді. Біз емдеу үшін  қаражатты көбейте бергенше, бұл ауруларды оны түбегейлі жоюымыз қажет. Әкімдер ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға тікелей жауапты болады. Бұл мәселелер 2014 жылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне жатады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңіндегі әртараптандыру

Қазақстан Президенті бүкіл экономика мен экспорттың әртараптандырылуы оның тұрақтылығының кепілі екенін, Үкімет пен әкімдер экспортты жандандыру мен  дамытуға ден қоюға тиіс екенін айтты.

– Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге басымдық берілу қажет екенін баса айтқым келеді. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуға тиіс. Үкіметке осы бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасынан тұратын тізбе жасалды. Бұл жобалар осы кезеңде айрықша өзекті болып саналатын қосымша құн және жаңа жұмыс орындары түріндегі тәуір экономикалық нәтижеге жеткізеді. Үкімет «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы аясында белгіленген жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Көлік инфрақұрылымын дамыту

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты тетігі болып отырғанына назар аударды.

– Алдымызда көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру міндеті тұр. Азия-Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды түрде өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін «Алматы-Шу» теміржол желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін, ұзындығы 920 шақырымдық автомобиль жолының құрылысын және оны жөндеу жұмысын аяқтау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қолға алынған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта ең алдымен іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламентеуді тапсырды.

– Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді.  Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына  жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.

– Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін  биылғы жылдың соңына шейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, биыл табиғи монополиялар қызметі тарифтерінің өсуіне жол бермеуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.

– Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамызда 41%-ға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие жиынтығы 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард  теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Президенті экономикаға инвестиция тартудың елеулі жолының бірі  халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу екенін айтты.

– Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама  2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойынша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ 5 жылда Қазақстанға 7 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Үкімет пен әкімдер осы бағдарламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.

– Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.

– Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Мемлекет олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ төлемге мүмкіндігі бар тұрғындардың сұранысын ынталандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату шараларын ойластыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір бөлігі тұрғын үй құрылысының жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыруға арналуы тиіс екендігін атап өтті.

– Бұл ретте несиелік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесіне көшіру керек, ал бюджеттен займдық ресурстар құнын төмендету үшін субсидиялау түрінде ғана қолдау көрсеткен жөн. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қажет. Бұл міндеттің орындалуы бөлінетін жерлерді мемлекеттің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкіндігімен тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұндай инфрақұрылым қалыптастыруға жұмсалған қаражаттың қайтарылу тетігін ойластыруға тиіс. Бұл оны қайтарымды негізде қайта пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қоры жөнінде талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды.

– Сонымен қатар, әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқық беру керек. Көлікке қатысты шешімдерді және қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік тиімділігі болатынына сенімдімін. Жаңа жұмыс орындарына қоса, миллиондаған қазақстандық тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсарта алады. Жаңа бағдарламаның маңызды әлеуметтік мәнін ескере отырып, Үкіметке «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, халықпен, жұртшылықпен және бизнес өкілдерімен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылауды тапсырды. 

– Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев баяндама жасады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің