Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

1 шілде 2016
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасының 2016 жылғы І жартыжылдықтағы жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңеске қатысты

 

Елбасы іс-шара алдында тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптің және фармацевтика өндірісінің халық тұтынатын тауарларымен танысып, «Қазақстанда жасалған» атты көрмені аралады.

Жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасының бірқатар жобалары іске қосылды. Бұдан бөлек, істеп тұрған өндірістердің жұмысы таныстырылды.

Кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы іске қосылған өнеркәсіптер ел экономикасының дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтті.

– Индустрияландыру – жаңа экономикалық ахуалдағы біздің жұмысымыздың басты бағытының бірі. Осыдан 6 жыл бұрын елдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын үдетуді бастаған болатынбыз. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптің өңдеу секторында мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген 500-ге жуық өнімнің мүлде жаңа түрлері шығарыла бастады. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, индустрияландыру бағдарламасының басты нәтижелерінің бірі өңдеуші салалардың оза дамуы болды.

– Өсім қарқыны бойынша өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру секторын 1,4 есе басып озады. Осылайша экономикамыздың құрылымы жақсаруда. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі оң нәтижелер көрсетуін жалғастырып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бастапқы кезеңі елдің ішкі өндірісі мен қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрінетін әлемдік экономикадағы түйткілдердің көбеюі кезеңімен сәйкес келгенін атап өтті.

Осыған орай Мемлекет басшысы Индустрияландыру бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу қажеттігіне назар аударды.

– Баршамыз көріп отырғандай, ел экономикасы тауарларымызға деген сұраныс пен бағаның төмендеуі арқылы көрініс тапқан зор сыртқы қысымды сезінуде. Елдегі экономикалық белсенділік көп жағдайда ауқымды мемлекеттік инвестициялар арқылы қолдау тауып отыр. Сондықтан қазіргі кезде экономика өсімінің жаңа көздерін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, алдағы жылдары Үкіметтің күш-қуатын бірнеше экспортқа бағытталған басым салаларға шоғырландыру керек. Мысалы, олар өнеркәсіп саласында азық-түлік өнімдері өндірісі, металлургия, машина жасау, агрохимия және мұнай химиясы өндірісі болуы тиіс. Қызмет көрсету саласында көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік-техникалық қызметтер және туризмге назар аудару керек. 2025 жылы шикізаттық емес экспортты 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыруға қол жеткізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтудың аясын кеңейту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы жақсы нәтижелер болғанына қарамастан, индустрияландыру үдерісінде кемшіліктер де бар екенін айтты.

– Өнеркәсіптік өндірістерді көптеп құру мақсат болмау керек. Негізгі назарды жобалардың сапасы мен өміршеңдігіне аударған жөн. Сондықтан, қазіргі бесжылдықта жобаларды іріктеу және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету олардың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін ескере отырып қана жүзеге асырылуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін еліміздің алдынан ашылған мүмкіндіктер туралы айта келіп, Үкіметке Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау жөніндегі шараларды әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы қазіргі заманғы сарапшылардың көпшілігінің бағалауы бойынша, әлем өзгергенін және жаңа жағдайда өмір сүріп жатқанын, бұл кезде «ресурстар экономикасының» орнына «білім экономикасы» келетінін айтты.

– Бірінші орынға жаңашыл (креативті) және өнімділігі жоғары жеке бизнес шығып отыр. Қазір әлемде технологиялардың дамуы арқасында заттар интернеті, нано және биотехнологиялар, жаңа материалдар және тағы басқа жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Болжам бойынша, болашақта жаңа технологиялар ғана 30-дан 70 пайызға дейінгі ІЖӨ өсімін қамтамасыз ететін болады. Егер біз жаңа технологиялармен және инновациялармен айналыспайтын болсақ, бәсекелестікте табысты болмаймыз. Сондықтан, 2014-2015 жылдардың өзінде ғана ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстары 142 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Әлемдік тәжірибе жоғары оқу орындары ғалымдар ғана емес, студенттер арқылы да әзірленетін инновациялық шешімдер орталығын қалыптастырушы болып табылатынын көрсетіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті университеттер жанынан инновациялар орталығын құру жұмыстарын жандандыру міндетін қойды, оларда қазіргі заман талаптарына сай келетін кадрлар даярлануға тиіс.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жоспарын толықтыруға қосар бірқатар ұсыныстарын айтты.

– Біздің қызметіміздің басты мақсаты – халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі. Бұл үшін бізге бірқатар міндеттерді орындау керек, соның ішінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Халыққа, жастарға әсіресе ауылда өз ісін бастауға мүмкіндік беру керек. Бастапқы капитал алуды жеңілдетіп, шағын несие беру аясын ұлғайтқан дұрыс. Агроөнеркәсіп  кешеніне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде ол негізінен халықтың жеке үй шаруашылығынан тұрады. Өндіріс көлемі аз болғандықтан, олардың сақтауға, өңдеуге және өнімді өткізуге мүмкіндіктері жоқ. Олардың өнімдерін өңдеу және өткізуді қамтамасыз ету үшін осындай шаруашылықтарды кооперациясын жеделдетіп дамыту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстан Президенті халық табысының өсімін барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі басымдық ретінде қарастыру қажеттігіне айрықша назар аударды.

– Қымбат импорттық тауарларды отандық өнімдермен алмастыру керек. Үкімет пен Ұлттық банк халықтың табысына тікелей әсер ететін инфляция деңгейін төмендетудің қамтамасыз етілуін қадағалауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жерді суару және ирригация жүйесін қалпына келтірудің кешенді жүйесін әзірлеу қажеттігіне тоқталып, бес жылда 600 мың гектардан астам суармалы жерді іске жаратуға болатынын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, тағы бір маңызды міндет – таяу 15 жылда 1,5 миллион отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.

– Бұл ретте қаржыландыру Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі мен Қазақстандық ипотекалық компания арқылы жүргізілуге тиіс. Барлық қаражатты шоғырландырып, арнаулы шарт жасалатын екінші деңгейлі банктер арқылы бағыттау керек. Мемлекет өзіне тек бақылау міндетін қалдыруы қажет. Сонымен қатар, болашақта жұмыс күші қозғалысының мобильділігін қамтамасыз ету үшін сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана берген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтарды техникалық біліммен тегін қамтамасыз ету және инвестицияның макроэкономикалық тұрақтылығы мен өсімі үшін жағдай туғызу жөніндегі қойылған бұған дейінгі міндеттерді еске салды.

– Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландыруына басымдық бере отырып, экономиканы несиелендіру көлемін қалыпқа келтіруі жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

Үкіметке қолданыстағы бағдарламаларды, соның ішінде индустриялық бағдарламаны бүгін жүктелген міндеттерді ескере отырып қайта жаңартуды тапсырамын. Осы мәселенің бәрін Үкімет, Ұлттық банк және барлық жауапты ведомстволар 1 қыркүйекке дейін қарастырып, ол бюджетте ескерілуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар еліміздің дамуы үшін жаңа сапалы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Іс-шара барысында инвестиция және даму министрі Ж.Қасымбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асырудағы жаңа қадамдар туралы әңгімеледі.

 


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда