Жаңалықтар

25 мамыр 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова IX Астана экономикалық форумы аясында «БҰҰ Даму бағдарламасының 50 жылдығы: Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін жаңа мүмкіндіктерді зерделеу» атты панельдік сессияға қатысты
Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы

 

Сессия жұмысына Қазақстандағы халықаралық агенттіктер өкілдіктерінің басшылары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, Қазақстан және шетел сарапшылары қатысты.

Шарада сөйлеген Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның елдік командасымен серіктестік қарым-қатынасы жиырма жыл бұрын басталғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде 170-тен астам әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген тиімді өзара іс-қимыл жүйесі қалыптасты.

Г.Әбдіқалықова Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммиті барысында Қазақстан Президенті «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифесін жария еткенін атап өтті. Онда Елбасы әлемдік қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, дүние жүзін соғыс қатерінен құтқаруға шақырды. Манифест БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.

Мемлекеттік хатшы бүгінде БҰҰ ДБ ынтымақтасу аясында 10 жобаның іске асырылып жатқандығын хабарлады. Олардың ішінде ең маңыздылары –  сот мониторингі жүйесін жетілдіру, гендерлік теңдікті ілгерілету, жасыл экономикаға өту, мемлекеттік қызмет салалары. Бүгінде Қазақстан «жасыл бастамаларды» ілгерілету мәселелері бойынша жаһандық деңгейде маңызды жетістіктерге қол жеткізді. «Жаһандық энергиялық экологиялық стратегия», «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы сияқты  бастамалар БҰҰ-ның  тұрақты даму жөніндегі барлық форумдарында қолдау тапқан.

Г.Әбдіқалықова БҰҰ ДБ басшылығын 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаңа Жаһандық күн тәртібін іске асыру 20 жылдық сенімді ынтымақтастық нәтижелерін нығайтуға және жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сессия аяқталған соң Мемлекеттік хатшы БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Еуропа мен ТМД елдері үшін БҰҰ ДБ аймақтық бюросының басшысы Ж.Сұлтаноғлымен кездесті. Тараптар Қазақстан мен БҰҰ-ның елдік командасының 2016-2020 жылдарға арналған Серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыру аясындағы Қазақстан мен БҰҰ ДБ ынтымақтастығының келешегі жөнінде пікір алмасты.

Г.Әбдіқалықова «Қазақстан-2050» стратегиясында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында, «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы негізгі бағыттар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен және БҰҰ Бас хатшысының Бес жылдық іс-қимыл жасау бағдарламасының мақсаттарымен үндесетінін атап өтті.

Әңгіме барысында Мемлекеттік хатшы БҰҰ ДБ серіктестікті ынтымақтастықтың барлық бағытында – бірлесіп қаржыландырылатын жобалар аясында, Астанадағы мемлекеттік қызмет істері өңірлік хабын одан әрі ілгерілету бағытында жалғастыруға мүдделілік бар екенін білдірді.

Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Ж.Сұлтаноғлыға тығыз ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, оған табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда