Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

28 маусым 2016
Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөнінде өткен ведомствоаралық кеңеске қатысты

 

Бас прокуратурада өткен кеңеске Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы ісіндегі заңнаманы жүзеге асыруға байланысты барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту жөнінде пәрменді заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды, тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі құқықтық тетіктер қалыптастырылды.

Кеңесте атап өтілгендей, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы салалық заң қабылданғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгере бастады. Құқықтық акт тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық жанжал тудырушыларға қатысты қылмыстық-процестік тұрғыда мәжбүрлеудің қажетті әдістерін пайдалануға және зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Профилактикалық жұмысты жандандыру және әкімшілік-құқықтық шараларды қолдану өз нәтижесін берді. Соңғы төрт жыл ішінде тұрмыстық сипаттағы қылмыстар саны екі есе азайды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, әйел адамдарға қатысты жазаланатын қылмыстық әрекеттер жасаған адамдардың жауапкершілігін күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарға арналған дағдарыстық орталықтардың жұмысы негізінде бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.

Биылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша, тұрмыстық сипаттағы  қылмыстың 54,4 %-ға көбейгені байқалады. Елімізде зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 60%-ға жуығы отбасында жасалады. Бұдан туындаған агрессиялық көңіл-күй сыртта да жалғасып, өзге ауыр қылмыстарды жасауға себепші болады.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ әйелдер көп жағдайда өз жұбайының немесе отбасы мүшелерінің тарапынан тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық құрбанына айналғанын жасыратынына тоқталды. Соның салдарынан тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық құрбандары одан әрі тексеру жүргізгенді қаламай, сотқа шағымданбайды, сондықтан ішкі істер органдары сотқа жіберген материалдар қараусыз қалады. Тек 2015 жылы ғана отбасылық жанжал тудырушы 2 мың адам жауапкершіліктен құтылып кеткен.

Гүлшара Әбдіқалықова тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

– Заң барша халыққа түсінікті және әр адам үшін қалыпты норма болуы үшін қызмет ету керек. Біз әйел адамдарға медициналық, құқықтық, психологиялық көмек көрсету жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді қалай нығайтатынымыз туралы айту үшін жиналдық,– деді Мемлекеттік хатшы.

Кеңеске қатысушылар құзыретті құрылымдардың өзара келісілген іс-қимылын қамтамасыз етудің, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған тиімді құқықтық және тәжірибелік шаралар қабылдаудың маңызы туралы айтып өтті. Бұл жұмыстың сәтті жүруіне мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының бірлескен күш-жігерінің жұмылдырылуы, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын нақты шешумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимылдары ықпал етпек.

Кеңес соңында Мемлекеттік хатшы тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты түбірімен жою үшін құзырлы мемлекеттік органдар жүзеге асыруға тиіс бірқатар міндеттерді айқындап берді.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда