Жаңалықтар

27 қыркүйек 2016
Елбасының атына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтан хат келіп түсті

Елбасының атына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорынан хат келіп түсті. Хатта университеттің барлық маңызды жетістігі Қазақстан Президентінің басшылығымен елдің тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды дамуына тікелей байланысты екеніне назар аударылған.

«Бұл жылдары Қазақстан әлемдегі танымал әрі бәсекеге қабілетті іргелі мемлекеттің біріне айналып, тиімді экономика құру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, саяси демократияландыру және халықаралық интеграция мен жаһандық үдерістерге көшбасшылық ету жолында зор табыстарға қол жеткізді» – делінген хатта.

Ғ.Мұтанов университеттің әлемдік беделі артып келе жатқанына тоқталады.

«ЮНЕСКО-ның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Орталық Азия өңірі бойынша хаб ретінде және тұрақты даму мәселелері жөніндегі жаһандық хаб ретінде мойындауы осының дәлелі саналады. Университеттің маңызды жетістігі – 2016 жылы беделді QS рейтинг агенттігінің (Ұлыбритания) зерттеу қорытындысы бойынша әлемнің үздік ТОП-250 университеттері қатарына енуі» – делінген хатта.

Сондай-ақ, университет ректоры халықаралық стандарттарға сәйкес келетін басқарудың тиімді жүйесінің ҚазҰУ-да табысты енгізілгенін атап өткен.

«Университетте үдерістік менеджмент пен еңбек жетістігін рейтингтік бағалауға бағытталған басқару жүйесі енгізілді. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері үлгісімен ҚазҰУ-да халықаралық аккредитациядан өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа енгізілді» – делінген хатта.

Оқу ордасының басшысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқасында университеттің бірқатар білім беру және инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы аяқталғанын атап өткен.

«Механика-математика, физика-техника және химия факультеттерінің жаңа оқу ғимараттары, әл-Фараби ғылыми кітапханасы, Жас ғалымдар үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, медициналық диагностикалық орталығы салынды. Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында Д.Баландин атындағы жүзу бассейні және Студенттер мен түлектердің салтанатты қақпасы ашылды» – делінген үндеуде.

Соңында университет ректоры оқу орнының ұжымы атынан университетке көрсеткен қолдауы және отандық білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне қамқорлығы үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар