Жаңалықтар

26 ақпан 2016
Қазақстан Президенті мен Мысыр Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз брифингін өткізді

 

Қазақстан Президенті өз сөзінде Ә.Ас-Сисидің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде келуінің мәні зор екеніне назар аударды.

Мысыр біздің егемендігімізді араб елдерінің арасынан бірінші болып таныды. Бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Біз де араб мемлекеттеріндегі алғашқы елшілігімізді Каирде ашқанбыз. Мысыр – сан ғасыр бойы ғылым мен білім орталығы, өркениеттер бесігі болған қасиетті жер. Азия, Африка және Еуропаны түйістірген Перғауындар елі – араб-мұсылман әлеміндегі жетекші мемлекеттердің бірі. Кейінгі қиындықтарға қарамастан, Сіз билікке келгелі жағдай тұрақтала бастағанын байқап отырмыз. Біз Мысыр елінің ішкі тұрақтылығы берік, экономикасы қуатты мемлекет болуына тілектеспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел ынтымақтастығының маңызды жайттары талқыланған келіссөздердің мазмұнды болғанын, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелерге қатысты пікір алмасылғанын айтты.

Қазақстан мен Мысырдың  халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын нығайтуға келістік. Талқыланған барлық мәселе бойынша өзара ортақ түсіністікке қол жеткіздік. Осының бәрі біздің көзқарасымыз бен ұстанымдарымыздың ұқсастығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты іс-қимылдың  бірқатар бағыттары  айқындалғанын айтты. Соның ішінде елдеріміздің көлік-транзит саласындағы әлеуетін бірлесіп пайдалану және дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Біз Каирдің Еуразиялық экономикалық одақпен Еркін сауда аймағын құруға талпынысын қолдаймыз. Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуінде» Қазақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағытта тиімді жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік туғызады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнату қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан – астық экспортындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Мысыр – осы өнімді импорттайтын ең ірі мемлекет. Қазақстан 2006-2010 жылдары Мысырға 1 миллион тоннадан астам астық жеткізді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев фармацевтика саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атады.

Елімізде қазірдің өзінде Мысырдың 40-қа жуық дәрі-дәрмегі,
30 шақты медициналық бұйымдары тіркелген. Біз Мысыр тарапына елімізде бірлескен дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын ашуды ұсындық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы  бүгінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты.

Мысырлық іскерлер Каспий теңізі жағалауындағы курорттар құрылысына инвестиция құю және Алматы облысында құс фабрикасын салу мәселесін қарастыруда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ғарыш саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызды екеніне назар аударды, өйткені  Мысыр – өзінің ғарыш серігін ұшырған алғашқы араб мемлекеті.  Мысырдың «ИджиптСат» екінші жер серігі Байқоңырдан ұшырылды.

Алдағы уақытта осы салада үкіметаралық келісім жасау мәселесін қарастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде аз байытылған уран банкі құрылуына және Мысырда Атом электр стансасын салу жоспарына сәйкес, осы бағытта ынтымақтастық орнату жайы талқылана бастағанын айтты.

Мемлекет басшысы екі ел де исламофобияның таралуына, дініміздің терроризммен және жиһадпен байланыстырылуына  қарсы күш-жігер жұмылдыруға ниетті екенін атап өтті.

 Біз халықаралық терроризм мен экстремизмге, қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Елдеріміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің платформасын мұсылман мемлекеттерінің бірлігін сақтайтын, дініміздің толеранттылығы мен бейбітсүйгіштігін көрсететін шара ретінде қолдануға уағдаласты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ядролық қарусыздану және таратпаудың, ядролық қарудан ада аймақтар құрудың маңыздылығы жөнінде де пікір алмасылғанын айтты.   

Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөздердің Қазақстан-Мысыр қарым-қатынастарының жаңа кезеңінің басы екеніне назар аударды.   

Жоғары Мәртебелі Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Астанаға алғашқы ресми сапары ынтымақтастыққа тың серпін береді. Бүгін айқындалған өзара іс-қимыл бағыттары елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, халықтарымыздың игілігін еселей түседі деп сенемін, –  деді Қазақстан Президенті.

Ә.Ас-Сиси өз кезегінде екі елдің арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын және болашақта, әсіресе сауда-экономика саласында зор перспективаларға ие екенін айтты.

Мысыр Президенті Астана мен Каир берік саяси байланыстар арқылы ортақ мүдделерді табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Ә.Ас-Сиси өткен келіссөздерге жоғары баға берді және екі елдің сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және білім беру саласында ынтымақтасуға мүдделі екенін атап өтті.

Екіжақты ынтымақтастықта терроризмге қарсы іс-қимыл мен діни саладағы өзара ықпалдастық айрықша орын алады. Бұл мәселелерде біздің елдеріміз өзге әлемге жақсы үлгі болып табылады, – деді Мысыр Президенті.

Ә.Ас-Сиси кездесу екі мемлекеттің бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған өңірлік және халықаралық саясат мәселелеріндегі ортақ ұстанымдарын көрсеткенін айтты.

***

Мысыр Араб Республикасы Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға ресми сапары аясында мемлекеттер басшыларының  бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Мысыр Араб Республикасы Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысу шарты;

– Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысы. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар