Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 маусым 2008
Ақордада ішкі саясат мәселелері бойынша кеңес болып өтті.

Бүгін Ақордада Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен ішкі саясат және идеологиялық жұмыс мәселелері жөнінде кеңес болып өтті. Кеңеске Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің басшылары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей есепті мемлекеттік органдар басшылары, Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдері қатысты.


Кеңес барысында кейбір мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, ұлтаралық және конфессияаралық саясат, көші-қон, шетелдік кәсіпорындардағы қазақстандық азаматтардың құқықтарының сақталуы, ақпараттық және тіл саясатына қатысты, сондай-ақ басқа да мәселелер талқыланды.


Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күнгі ішкі саясаттың басты басымдықтарын айқындай келе, ұлттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуы мен оның бірлігінің нығайтылуы мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өтті. Ұлтаралық тұрақтылық пен конфессияаралық келісім құндылықтары «халықтар бірлігі» ұғымына тоғысуы тиіс. Ішкі саясатты жоспарлау мен ұйымдастыруға деген жаңаша көзқарас сенімділік пен әлеуметтік оптимизмге негізделуі шарт.


Кеңесті қорытындылай келе Елбасы ішкі саясат саласын жетілдіруге, қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірігу, топтасу әлеуетін нығайтуға жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ішкі саясаттың жаңа тұжырымдамасын және осы саланың 3 жылдық іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.


Аймақтық әкімдерге инфляция мен бағаның өсуін тежеу, шағын және орта бизнесті несиелендіру, қысқы мерзімге дайындық жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ кеңесте елорданың 10 жылдық мерейтойына дайындық барысы туралы Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің есебі тыңдалды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар