Жаңалықтар

7 ақпан 2008
Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Бас хатшысы Тайыр Мансұровты қабылдады.

ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Мемлекет басшысына таяуда Мәскеуде өткен Мемлекетаралық кеңестің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысының қорытындысы жөнінде баяндады. Онда ЕурАзЭҚ-тың Бірыңғай көлік кеңістігін құру тұжырымдамасы бекітіліп, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде әлеуметтік саланы дамыту, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар» мемлекетаралық бағдарламасын әзірлеу мәселелері қаралды.


2007 жылы ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер арасындағы тауар айналымы 94 млрд. АҚШ долларын құрағандығы, бұл 2001 жылғы деңгейден үш есеге жоғары екендігі атап көрсетілді.


Қазақстан Президенті Беларус, Қазақстан және Ресей құрып отырған Кедендік одақтың құқықтық базасын құру барысымен танысты. Мемлекет басшылары өткен жылдың 6-шы қазанында Душанбеде қол қойған төрт халықаралық Келісімге қосымша Мәскеуде үкімет басшылары деңгейінде тағы 9 келісімге қол қойылды. Осылайша, Кедендік одақтың құқықтық базасы 13 құжатты қамтиды.


Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшылары бекіткен Кедендік одақ құру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын тиянақты орындау, Қоғамдастықты одан әрі дамыту жөніндегі ЕурАзЭҚ-тың барлық органдары жұмысының тиімділігін арттыру және жұмыстарын жандандыру қажеттілігін атап көрсетті.


Қазақстан Президенті экономикалық ынтымақтастықтағы жетістіктер мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени саладағы өзара іс-қимылына тиімді ықпал ететінін атап өтті. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтары өздерінің күнделікті өмірінде ықпалдастықтың оң нәтижелерін сезінуі тиіс.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар