National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Көрме» орталығында болып, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің архитектуралық эскиз-идеяларымен танысты

2013 жылғы 13 тамыз

Қазақстан Президентіне әлемнің түрлі елдерінен архитектуралық конкурсқа қатысқан 50-ге жуық маманның жұмысы таныстырылды. Оның идеясына болашақ көрме кешенінің көрінісі, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің символы енгізілген.

Жобалармен танысып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Қазақстан үшін тарихи оқиғаға айналатынын атап өтті.

– Әлемнің көптеген мемлекеттері арасынан біздің еліміз көрмені өткізу құқығын жеңіп алды. Кешен Астанадағы және бүкіл Қазақстандағы ауқымды нысандардың біріне айналады. Осыған байланысты түрлі жобаларды қарастыру керек. Біз конкурсқа қатысқан қазақстандық және шетелдік барлық архитекторларға, үздік жобаларды таңдап алатын комиссия мүшелеріне алғыс айтамыз. Көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті таңдау қорытындысының маңыздылығына тоқталды.

– Біздің көрменің тақырыбы әрбір құрылыста энергияның баламалы көздерін пайдалану, жылумен және сумен дербес қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыратын  «жасыл экономикамен» тығыз байланысты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынылған өтінімдерден көрменің негізгі параметрлері, тиісті тұжырымдамасы ескерілетін «жоба-симбиоз» қалыптастыру мүмкіндігі бар екенін атап өтті.    

Конкурсқа 20 елден – Австрия, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, АҚШ, Нидерланды, Корея, Ресей, Португалия, Норвегия, Түркия, Тунис, Жапония, Франция, Украина және Қазақстаннан алдын ала жүзден астам өтінім келіп түсті.

Архитектуралық конкурс Миланда, Сарагоседе, Сан-Паулуда өткен ЭКСПО көрмелері кешендері мен объектілерін жобалаудағы табысты тәжірибелері бар шеберлердің назарын аударды.

ЭКСПО-2017 көрмесінің жобасы үшін идеяны Астананы жобалауда табысты тәжірибелері бар шетелдік архитекторлар мен компаниялар – Манфреди Николлети («Қазақстан» киноконцерт залы), «Студия-44» (Оқушылар сарайы), «Сембол» компаниясы («Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы) және өзгелері де ұсынды.

Қатысушылар арасында елімізден Қазақстан қала құрылысы одағы, «KAZGOR» жобалау академиясы, Қазақстан дизайнерлер одағынан Тимур Сүлейменов, Қазақстан архитекторлар одағынан архитектор Сәкен Нарынов шеберханасы, ЕҰУ «Этноархитектура ҒЗИ»-мен бірлескен «Қазөркенжоба» ЖШС және тағы басқалар бар.

Конкурсқа қатысушылардың жұмысы белгілі экономист, Экономикалық үрдістерді зерттеу қорының президенті Джереми Рифкин басшылық жасаған техникалық кеңестің бағалауынан өтті. Кеңес құрамына орнықты даму және энергия тиімділігі саласындағы белгілі архитекторлар мен мамандар енді.

Сонымен қатар, көрме орталығын аралау барысында Мемлекет басшысы «Жасыл орам» жобасы тұжырымдамасымен және жобалық үлгісімен танысты.

Алаңы 100 гектардан кем емес «Жасыл орам» аумағында әкімшілік-іскерлік орталық, тұрғын үйлер ауданы, саябақтар мен мәдениет нысандарын орналастыру жоспарлануда. Осы орайда бүкіл құрылыста энергия тиімділігі саласындағы жаңа әзірлемелер қолданылатын болады.  

Қорытындыда Мемлекет басшысы бір ай ішінде конкурс нәтижесін шығару және ЭКСПО-2017 көрме кешені үшін негіз бола алатын эскиз-идеяны анықтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.          


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің