Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 сәуір 2013
Бүгін Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астананы дамыту жөнінде кеңес өтті

Кеңес Астана қаласын одан әрі дамыту және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік мәселелерін талқылауға арналды.

Кеңес Астана қаласын одан әрі дамыту және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік мәселелерін талқылауға арналды.

Қазақстан Президенті өз сөзінде архитектура және қала құрылысы тақырыбын қозғай келіп,  жаңа ғимараттардың маңайында да көлік қоятын орын жетіспейтін атап көрсетті.

- Жаңа үйлерді салу кезінде мен көлікке арналған орын мәселесін міндетті түрде қарастыруды тапсырдым. Бірақ соңғы үш жылда 41 мың пәтер берілсе, 3,5 мың көлікке арналған тұрақ қана салынды. Оған басты себеп әкімдіктің көлікке арналған тұрағы жоқ үйлер құрылысына да рұқсат беруінде болып отыр. Бас прокуратураға осы фактілерді тексеруді және көлікке арналған тұрағы жоқ үйлерді, аулаларды, балалар алаңдарын пайдалануға кім рұқсат бергенін және шешім қабылдағанын баяндауды тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы қалалықтар демалатын және бос уақытын өткізу үшін арнайы орындар салу қажеттігіне назар аударды.

- Әлемнің барлық астаналарында ауасы таза, адамдар бос уақытында демалатын қоғамдық кеңістік бар. Мысалы, Лондонда – Пикадилли көшесі, Парижде – Елисей алаңы, ал Нью-Йоркте – Таймс-сквер бар. Астанада мұндай орын, ойымызша, Сулы-жасыл бульвар болуға тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, бұлай болып отырған жоқ. Бульварды қайта құрылымдап, оны қалалықтар мен астана қонақтары үшін мәдени орынға айналдыру керек. Алаңды машиналардан босатып, жаяу жүргіншілер жүретін аймақ жасап, суретшілер мен музыканттарға арналған кеңістікке айналдыру қажет. Бульварды жол өтетін бөлікке дейінгі деңгейге көтеріп, субұрқақ маңынан 3-5 мың орынға арналған көлік тұрағын салу қажет. Сол жерден сауда және ойын-сауық орындарын, кинотеатрлар салу ұсынылады. Тиісті жоба әзірлеуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Қазақстан Президенті үлескерлер проблемасын шешу үшін едәуір қаражат бөлінгенін, тек Астанада 40 мыңнан астам адамға көмек көрсетілгенін атап өтті. Құрылыс салушылар талаптарын қатайтатын заң қабылданды. Соған қарамастан, көптеген компаниялар үлескерлік қатысу шарттарын жасасу орнына инвестиция салу шарттарын жасасады, бұл 25 пайыз мөлшеріндегі өз қаражатын салуға және сатуға, минималды капиталы болуы жөніндегі талаптан жалтаруға мүмкіндік береді. Осы орайда үлескерлерге қатысты жаңа проблемаға жол бермес үшін қажетті шаралар қабылдау қажет.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Астанада игерілмеген қаражаттың көлемі  екі есе төмендегенін, жобалардың қымбаттауы жайттарының саны 18-ден 5-ке дейін қысқарғанын, кредиторлық қарыздың азайғанын атап өтті. Сонымен бірге қаражатты қайта бөлу фактілерін жоя отырып, бюджетті жоспарлауға бақылауды күшейту қажет.

Мемлекет басшысы бұдан бөлек жер телімдерін сатып алуда бірыңғай көзқарас пен ашықтықтың жоқтығына, соның нәтижесінде  баға айырмасының 10 есеге дейін болуы мүмкін екендігіне назар аударды. Ол жер ресурстарын басқару тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Астаналық жер – инвестиция тарту үшін маңызды экономикалық актив. Алайда бүгінде, Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, қалада алаңы 10 мың гектардан асатын 503 учаске игерілмей отыр. Көбі жерді су тегінге алған, енді ештеңе істемейді. Оны қайта сатуға болатын уақытты күтуде. Мен игерілмеген учаскелерге жоғары салық енгізуді тапсырдым. Бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елордада индустриялық парктер, арнаулы экономикалық аймақ, заманауи ғылым орталықтар ашылғанына тоқталды. Сонымен бірге инвесторларға ұсынылған салық және кеден жеңілдіктері өндірісті арттыру саласында тиісті нәтиже бермей отыр. Индустриялық паркте жарияланған 46 жобаның тек 11-і іске қосылған, ал былтыр ашылған екінші индустриялық парк бекер тұр. Мемлекет басшысы өнеркәсіп секторын ынталандыру жүйесінде тәртіп орнатуды, инновациялық өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуына қол жеткізуді және машина жасау саласының өнімдері экспортын ұлғайтуды талап етті.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы үш жылда жол жөндеуге және құрылысына 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенін атап өтті.

- Алайда жұмыс сапасы төмен. Тіпті өткен жылы тас төселген жолдар қазір қайта жөндеуді қажет етеді. Қалаға төрт және бес жолақты жолдар қажет. Бірақ оларды екі және үш жолақ түрінде салуды жалғастыруда. Егер қазірдің өзінде осындай «кептеліс» болса, онда ЭКСПО-да бірнеше миллион адам келгенде не күтуге болады? Жол логистикасы саласында проблемалар бар. Көпірлер мен айналмалы жолдар қиылысы жеткіліксіз қолданылуда. Осының салдарынан негізгі көлік жолдарында кептеліс көп, - деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы қоғамдық көлік саласында бірыңғай стандарттар енгізуді, Астана әуежайын жаңғыртуды, сондай-ақ, жаңа автовокзал құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан Президенті электр және жылу желілерін жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтіп, энергетиканы басқарудағы тиімсіз құрылымдар бар екеніне назар аударды.

- Мемлекет инвестиция салатын кәсіпорын жылу мен электр энергиясын өндіреді және жеткізеді. Ал барлық қаражатты, 31 миллиард теңгені, қаланың энергиялық жүйесіне бір теңге де салмайтын жеке компания жинап алады. Соның өзінде халыққа қызмет көрсету сапасы өте төмен, үнемі шағым түседі. Мұны да тәртіпке келтіруді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қаланы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін Сәтбаев атындағы арнадан суды Астанаға ағыту қажет.  Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Талдыкөл су жинақтаушысын жою жөніндегі жобаны дер кезінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекет басшысы елорданың «жасыл белдеуі» алаңын ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, қылқан жапырақты ағаштардың ұласып өсуін арттыруда, атап айтқанда, қоқыс өңдейтін зауыт шығаратын биогумус үшін тиімді технологияны жеткіліксіз пайдаланады.

- Толық қайта өңдеу жүргізілмейді, өйткені инвестиция жетіспейді. Сонымен қатар, халықтан алынатын қаражаттың зауытқа тек 17 пайызы ғана түседі, ал қоқыс тасымалдау жөніндегі компанияларға 80 пайызы түседі. Әкімдік қоқыс шығаратын және арнайы техника жөніндегі мемлекеттік кәсіпорындар акциясының 51 пайызын жеке компанияларға берді. Бір жарым жылдан бері тіпті ешкім олардан акция төлемін талап етіп отырған жоқ. Осы ретте қалада қоқыс уақтылы шығарылмайды, контейнерлер толып қалған. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, қоқысты тасымалдау және қайта өңдеу саласындағы проблеманы шешуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астана тұрғындары жыл сайын 40-50 мың адамға өсуде екенін, осы ретте олардың көпшілігі қала маңы аумағына орналасатынын айтты. Осы орайда қала маңы аймағындағы 20 елді мекенде экономикалық белсенді тұрғындар үшін жұмыс орнының тек 11 пайызы ғана ашылған. Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту жөнінде шоғырландыру мүмкіндіктері жеткілікті пайдаланылмайды.

- Бүгінде азық-түлік өнеркәсібі саласында Қарағанды облысында 55 кәсіпорын, Ақмола облысында 43 кәсіпорын, Астанада 1 кәсіпорын жұмыс істеуге бейімделіп отыр. Ал елордадағы азық-түлік тауарлары импорты соңғы үш жылда 200 миллионнан астам долларды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен бірге, қаражат азық-түлік сатып алу үшін Тұрақтандыру қорынан жұмсалуда. Бұл ретте өнімнің 70 пайызы сатылмайды. Рынокқа тасымалданатын өнімдер реттеушілік ықпалын тигізе алмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы білім деңгейін арттыру үшін қаланың барлық мұғалімдерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, аула клубтарын құру бастамаларын ынталандыруды қоса алғанда, жастардың өз істерін көрсетулері үшін жағдай жасау талап етіледі.

- Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында клубтар жұмыс істеп тұруы керек. Бүгінде бүкіл еліміз бойынша кітапхана қорының бөлмелері түгелге жуық бос тұр, өйткені ескі әдіспен жұмыс істейді. Жастарды тарту үшін қазіргі заманғы тәсілдер керек, - деді Қазақстан Президенті.

Денсаулық сақтау саласында елордадағы емханаларда адамның көптігі негізгі проблема күйінде қалуда. Сондай-ақ,  олардың құрылысы барысында денсаулық сақтау нысандарының қымбаттауы атап өтілді, Мемлекет басшысы Үкіметке осыған байланысты бұл фактілерге тексеріс жүргізуді тапсырды.                                   

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мәдени өмірдің бір жолғы іс-шаралармен шектелуде екеніне тоқталды. 

– Бұл жұмыс астаналықтардың қалың ортасын әлемдік мәдениет жетістіктеріне ортақтасуға мүмкіндік тудыра отырып, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Алайда танымал мұражай, театр ұжымдары Астанаға әзірге шақырылмай отыр. Қазір жаңа «Астана-опера» театры салынып бітуге таяды, ол құлазып бос тұрмауы керек. Әкімдікке мұнымен жүйелі түрде айналысу қажет. Сонымен бірге, ешқандай әсем ғимараттар мен мұражай коллекциялары біз оған өзіміз ұмтылмайынша мәдениетіміздің деңгейін көтере алмайды. Қонақтар мен туристердің қала туралы әсерлері ең алдымен елорданың өз тұрғындарының мәдениетінен құралады. Баршаға биік мәдениет үлгісін көрсете отырып, ментальділік тұрғысынан өз-өзін өзгертетін уақыт жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Астананы «Смарт сити – Ақылды қала» форматы бойынша болашақтың қаласы ретінде дамыту қажеттігін атап өтті.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық аясындағы ұйымдастыру жұмыстарына қатысты Мемлекет басшысы түрлі мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін үйлестіріп, нақты жауапты адамдарды анықтау қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық бюрода бекітілуі тиіс тіркеу мәліметтері жинағын дайындау мерзімінің созылып кеткеніне тоқталды. 

Осыған байланысты ол Премьер-Министр Серік Ахметовке ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға қатысты барлық кемшіліктерді жою жөнінде шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ оны дайындаудың стратегиясын аяғына дейін жасап бітірген жөн.

- Әлі күнге дейін ұлттық холдингтің тұжырымдамасы жоқ. Қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізілмеген. Есесіне барлығы байқау мен сатып алуды өткізумен белсене айналысып кетті. Көрме елорда және жалпы республика тіршілігінің көптеген салаларына әсерін тигізеді. Біздің міндетіміз – оның ЭКСПО-ға дайындық үдерісіне қатысуға әзірлігі мен тиімділігін барынша қамтамасыз ету. Бірінші кезекте туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін ойластыру қажет. Туристердің үлкен ағыны 3-4 айға тура келетінін ескерген жөн. Саны мұншама көп адамды қабылдау тәжірибесі де, мамандар да бізде жоқ. Сондықтан туристік нысандар олардың одан әрі қарай пайдаланылуын ескере отырып салынуы тиіс. Үкіметке туризмді дамыту бағдарламасын  ЭКСПО өткізуді ескере отырып, 1 тамызға дейін қайта қарауды тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, даму институттарының, ғылыми орталықтардың басшылары ЭКСПО-ға қатысу жоспарын бекітіп, оны жеке бақылауына алулары тиіс екенін атап айтты.

- Олар практикалық пайда алу жағын ескеруге тиіс. Көрмеге дайындық процесінің өзі жаңа технологиялар мен әзірлемелерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Олармен тек танысып қана қоймай, сол технологиялардың Қазақстан экономикасына трансфертін қалай жүзеге асыруды ұйымдастыру жайын ойластыру керек. Ең алдымен бұл биомедициналық, ақпараттық және телекоммуникациялық, ғарыштық, ядролық технологияларға, энергия үнемдеу саласындағы технологияларға қатысты. Егер жобаларды әзірлеу үшін өз кадрларымыз жетіспесе, шетелдік мамандарды шақырыңдар. Үкіметке салалық көрмелер сериясын ұйымдастыруды тапсырамын. Онда ең озық технологиялар көрсетілуі тиіс. Көрмелерді энергетика, экология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша өткізуге болады. Салалармен қатар өңірлердің тартылуын қамтамасыз еткен жөн. Өткен жолы біз барлық өңірлік индустрияландыру карталарын Көрмеге дайындық және ұйымдастыру жөніндегі ұлттық жоспармен сәйкестендірілуі тиіс деп шешкенбіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеге өңірлердің қатысуы тек жай ғана стенділер мен макеттерді көрсету еместігіне тоқталды. Маңыздысы – республиканың технологиялық серпін жасауына септесуде.

- Сондықтан ЭКСПО өткізудің ұлттық жоспарына барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізуге бағытталған нақты іс-шараларды енгізуді тапсырамын. Астана үлгі болатын өңір ретінде 2017 жылға қарай әлемнің 50 ақылды қаласы рейтингіне енуі тиіс. Қазіргі кезде алғашқы бестікке  Вена, Торонто, Париж, Нью-Йорк және Лондон кіреді. Біздің елордамыз  рейтингтің  16 көрсеткішінің 4 көрсеткіші бойынша қазірдің өзінде көшбасшы деңгейіне лайық. Бірақ «ақылды қаланың» көптеген индикаторлары бойынша Астана әзірше едәуір артта қалып келеді. Оның әрқайсысы бойынша  іс-әрекет жоспары әзірленіп, тікелей жауаптылар таңдалуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында күн тәртібінің негізгі тармақтары бойынша баяндама жасаған Премьер-Министр С.Ахметов және Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов сөз сөйледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар