Жаңалықтар

22 сәуір 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өткен биылғы есептік концертінде болды

 

Мәдени іс-шарада «Ұлы Дала» композициясы тұңғыш рет орындалды. Бұл шығарма Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетімізді ресми атауымен қатар «Ұлы Дала Елі» деп  атау жөніндегі бастамасынан кейін дүниеге келген болатын.

Сондай-ақ Президенттік оркестрдің жас дарындары концертте «Ахау, арман», «Жыр-шашу» сияқты қазақтың халық әндерін, классикалық және қазіргі заманғы музыкалық шығармалар мен билерді  орындады.

Президенттік оркестр 1992 жылы Қазақстан Республикасының протоколдық, дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да іс-шараларын музыкалық жағынан қамтамасыз ету үшін құрылды. Ұжым фольклорлық музыкадан бастап, қазіргі авторлардың композицияларына дейінгі әлемдік музыкалық өнердің барлық жанрларын қамтитын шығармаларды орындайды.

Президенттік оркестр еліміздің мәдени өміріне белсене атсалысып, Қазақстанды жаһандық музыкалық аренада лайықты танытып келеді. Оркестр әртістері ТМД, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан елдерінде және басқа да әлемге әйгілі сахналарда табысты өнер көрсетті.

Президенттік оркестрді 2006 жылдан бері «Елім менің» алғашқы республикалық патриоттық әндер конкурсының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, полковник Талғат Бердіғұлов басқарып келеді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар