National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Қазақстан Президенті Назарбаев Университетінде болып, студенттер алдында дәріс оқыды

2012 жылғы 05 қыркүйек

Мемлекет басшысы алдымен сандық телевидение ұлттық бағдарламасы аясында арнайы ашылып отырған «Білім» жаңа телеарнасын іске қосты. «Білім» телеарнасының мақсаты – білім мен ғылымды кеңінен тарату және жоғары оқу орындары мен ғылымның басым саласына талантты адамдарды көптеп тарту.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивтік дәрісінде еліміздің табысты алға жылжуын жалғастыру үшін білім, ғылым, экономика және саясатта алда қандай жаңа міндеттер тұрғаны туралы өзінің ой-толғамдарын бөлісті.

- 20 жылдық табысты және тұрақты даму барысында Қазақстан өзінің тарихи мақсаттарына қол жеткізді. Біздің халқымыздың тарихында бірінші рет қазақ даласында абсолютті халықаралық легитимдікті пайдаланатын мемлекет өмірге келді. Мойындалған мемлекеттік егемендік – кез келген халықтың орасан әрі аса қымбат ресурсы екенін айту керек, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің үш таған - «білім-ғылым-инновация» басқаратын постиндустриялық әлемге қадам басқанына тоқталды. БҰҰ жанындағы халықаралық ұйымдар, жетекші еуропалық көшбасшылар, көптеген белгілі экономистер мен саясаткерлер бүгінде Үшінші индустриялық революция тұжырымдамасын ресми түрде қабылдады.

- Таяу жылдарда Үшінші индустиялық революция үшін жаңа инфрақұрылым құруда Интернет технология мен жаңартылған энергия көздері бірге пайдаланылады. «Энергетикалық Интернет» миллиондаған адамдарға өз үйінде, кеңседе және зауытта таза энергия алуға және оны еркін алмасуға мүмкіндік туғызады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық білім жүйесін жаңарту, білім алу және жоғары технологияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

- Немқұрайлы қарауға болмайтын тағы бір құндылық – білімге ұмтылу. Әлемдік сарапшылар білікті мамандардың жетіспейтінін болжауда. Болжамдарға сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдік еңбек нарығында тағы да жоғары білімді 40 миллион жұмысшының және кәсіптік-техникалық білімі бар 45 миллион маманның  қажеттілігі туындайды. Бүгінде инженерлерге, дәрігерлерге, химиктерге, биологтерге, «нақты» және «жаратылыстану кәсіптері» бойынша мамандық иелеріне сұраныс басым. Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия тәрізді елдерге қараңыздаршы, олар өздерінің идеясы мен технологиясын меңгерудегі шеберліктің, табандылық пен еңбектің арқасында табысқа жетуде. Сендердің білімдеріңнен еңбектеріңнің нәтижесі көрінеді. Сендер неғұрлым көп еңбектеніп, білімді өздігінен жетілдірсеңдер, соғұрлым дүниені тани түсесіңдер. Біз білімді мемлекеттің экономикалық ресурсы, өндірістің факторы ретінде қарастырамыз. Біз ұлттық білім жүйесін дәйектілікпен жаңғыртамыз, оны халықаралық стандарттарға жақындатамыз, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті Назарбаев Универсиетінің зияткерлік-инновациялық әлеуеті одан әрі арта түсуі қажеттігін атап көрсетті.

- Назарбаев Университеті зияткерлік-инновациялық кластерге айналуы тиіс. Үкіметке халықаралық тәжірибені ескере отырып, онда арнайы экономикалық аймақ құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Индустриялық жоғары технологиялық алаң құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. «Қазатомпром» және «Қазғарыш» ұлттық компаниялары бүгінде Университетпен бірлесіп, оның жанынан күн энергетикасы, ғарыштық технологиялар жөнінде ғылыми-өндірістік орталықтар құруда. Үкіметке және «Самұрық-Қазына» қорына университеттің маңына жоғары технологиялық өндірістер мен ұлттық компаниялардың салалық ғылыми-зерттеу институттарын орналастыру жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар да бұл жобадан тыс қалмауға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында еліміздің жастарын жан-жақты болуға, спортпен шұғылдануға, өнерлі болуға, шетел тілдерін меңгеруге, отандық және әлемдік әдеби мұраны терең білуге шақырды.

Президенттің интерактивтік дәрісі Қазақстан бойынша ғана емес, сонымен бірге Еуропаға, Азия мен Америкаға таратылды. Нұрсұлтан Назарбаев дәріс аяқталғаннан кейін еліміздің әр өңірі мен алыс шет елдердегі студенттер мен оқушылардың көптеген сауалына онлайн-режимінде жауап берді, сондай-ақ университет жанындағы Білім мектебін ашты.

Назарбаев Университеті Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізде жоғары білікті кәсіби мамандар даярлау, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамыту жөніндегі таңдаулы оқу орны ретінде құрылды. Бүгінде оқу орны әлемнің ең үздік университеттерінің рейтингінен орын алған жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.

Университетте университет жанында даярлық орталығы, 18 мамандық бойынша бакалавриат бағдарламасын қамтитын үш мектеп, үш жоғары мектеп және 4 ғылыми орталық жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта университетте 1477 студент білім алады.           

 

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың интерактивтік дәрісінің толық мәтіні.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің