Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 қараша 2012
Бүгін Мемлекет басшысы, "Нұр Отан" ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның "Жас Отан" жастар қанатының II съезінің ашылуына қатысты

Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден жастар ұйымдарының өкілдері, Астана қаласының оқушылары, мәслихаттардағы жас депутаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, "Нұр Отан" ХДП мүшелері қатысты.

 

Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден жастар ұйымдарының өкілдері, Астана қаласының оқушылары, мәслихаттардағы жас депутаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, "Нұр Отан" ХДП мүшелері қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастарды қолдауға мемлекеттік саясатта басты назар аударылғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жас мамандар резерві», «Жастар саясаты» тәрізді және басқа да бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды.

- Соңғы жеті жылда жастар саясатындағы жобаларды қаржыландыру он есе өсті. Мысалы, жас мамандарды қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тек биылдың өзінде 12 миллиард теңге бөлінді. Мен 2020 жылға дейін жас отбасылар үшін 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салуға тапсырма бердім. Осы деректер жастарға қолдау мен қамқорлықтың мол екенін көрсетеді. Осының бәріне қазақстандық жастар жақсы түсіністік пен қолдау білдіріп отыр,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Жас Отан» бұдан төрт жыл бұрын дербес бірлестікке айналғанын айтты. «Нұр Отанның» жас мүшелеріне өздерінің болашақ іс-қимыл стратегиясын дербес анықтауға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде «Жас Отан» жастардың анағұрлым белсенді және жауапты бөлігін біріктірді, студенттердің ауқымды коалициясын, жас фермерлер мен жұмысшыларды, ғалымдар мен шығармашылық иелерін қалыптастырды. Жастар қанаты «Жас қыран» және «Жас ұлан» атты балалардың жаңа ұйымдарының тәлімгеріне айналды.

«Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиясы жастарды елдің индустриалды-инновациялық даму жөніндегі міндетін іске асыруға, Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға тартуға бағытталатын болады.

- Бұдан төрт жыл бұрын «Жас Отаның» бірінші съезінде мен «Жастар - Отанға» акциясын бастап бердім. Оның аясында жастарымыз көп игілікті істерді атқарды, көптеген соны бастамаларға ұйытқы болды. Ақтөбелік жастардың ұсынысы бойынша «Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» атты марафон-эстафета өтті. Ол 700 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктірді. Сіздердің қолдарыңызбен ел көлемінде 640 мың көшет отырғызылды. Мыңдаған көл, өзен мен бұлақтар тазартылды. Төрт жүз елу мың тонна қоқыс жиналды. Бұл – Отанға деген нағыз махаббат. «Жас Отан» менің «Дипломмен – ауылға» атты тағы бір бастамама кеңінен қолдау көрсетті. Соңғы үш жылда жоғары оқу орындарының 20 мыңнан астам түлегі ауылға оралды. Олар ауылдың өркендеуі үшін аянбай еңбек етуде. Алдағы бірнеше жылда жас мамандар қатарына олардың тағы 16 мың құрдасы қосылады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жастар саясатының негізгі міндеттерін белгілеп берді.

- Менің бастамам бойынша Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленуде. Онда «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиясының барлық негізгі ережесі ескерілуі қажет. Қазір жастар саясаты жөнінде заң жобасы әзірленуде. Оны келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қабылдау керек. Үкіметке «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп, жобаның сапалы әзірленіп және Парламентке жедел енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жастарды жұмысқа орналастыру барлық деңгейдегі әкімдіктер үшін маңызды қамқорлық болуы тиіс екенін қадап айтты.

- Мен Үкімет алдына орта мектепті бітірген әр қазақстандық мамандық алу мүмкіндігіне ие болу туралы міндет жүктеймін. Экономикаға орта буынды техникалық жұмысшылар – слесарьлар, электриктер, механиктер және басқа мамандық иелері қажет. Индустриаландыру, бизнестің жол картасы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы әрбір ірі кәсіпорын жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру жөнінде квота белгілеуі тиіс. Өзге маңызды бағыт - мамандарды даярлаудағы қосар жүйе. Менің тапсырмам бойынша, бұл үлгі қазірдің өзінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында, Дон кен-байыту комбинатында, Павлодар электролиз зауытында енгізілді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры өз компанияларына қолдана бастады. Бүгінде 60-тан аса ел қосар жүйеде табысты жұмыс істеуде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда «Жас Отанды» қосқанда, 11 ірі жастар ұйымы жұмыс істейтініне тоқталып өтті.

- Олармен Үкімет, әрбір министрліктер мен ведомстволар жұмыс істеуі тиіс. Сіздердің өкілдеріңіз үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі кеңеске кіруі тиіс. Мен Үкіметке Жастар бастамалары қорын құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Барлық министрліктер мен әкімдіктер стратегиялық жоспарларына жастармен жұмыс жөнінде индикаторды енгізуі қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Жиналғандар Нұрсұлтан Назарбаевтың елордадағы ең үздік архитектуралық ғажайыптарының бірі болуы тиіс Астанада Жастар сарайын салу туралы ұсынысын қолдады.

Мемлекет басшысы маңызды міндеттің бірі ретінде «Жас Отан» жастар қанатының жаңғырту үдерісіндегі қазақстандық жастардың басты саяси үйлестірушісі саналатын рөлін атап өтті.

- Қалалар мен аудандар деңгейіндегі Жастар қанатын күшейтуді қамтамасыз ету қажет. «Жас Отан» - болашақ саясаткерлер мектебі. Сондықтан өкілетті органдардағы, жергілікті мәслихаттардағы жасотандық-депутаттар қатарын ұлғайту мәселесін шешу маңызды. «Нұр Отан» ХДП басшылығына осындай жұмыс жүргізуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, съезде жастардың әртүрлі ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.

«Дипломмен – ауылға» жобасына қатысушы Әлия Широжеева елімізде жастарға арналған «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» тәрізді ауқымды бағдарламалар іске асырылып жатқанына және қолға алынған бұл істер Мемлекет басшысының саясаты мен бағытының айқын нәтижесі болып саналатынына тоқталды. Республикадағы ауылдарға жіберілген жас мамандар Қазақстан Президентінің идеясын іске асырушыларға айналуда және елдің кәсіби және мәдени деңгейін арттыруға өздерінің өлшеусіз үлестерін қосуда.

Семей ядролық полигоны жабылған жылдың төлі Еркебұлан Балтабеков съездің делегаттарына үн қата отырып, оның жабылуы ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасының нақты дәлелі екеніне және бүгінде әлемдік сарапшылар ядролық қарусыздандыру үдерісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық рөлін мойындап отырғанына сенім білдірді.

«Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы мен паралимпиялық ойындарға қатысушы Әнуар Ахметов Мемлекет басшысының еліміздің ақпараттық даму саясатын жүзеге асырудағы және Қазақстанның спорттық табысындағы жетістіктерге жетуде жоғары деңгейдегі ерекше рөлін атап көрсетті.     

Павлодар облысындағы «Жасыл ел» жастардың еңбек отрядының жетекшісі Сапар Шалабаев, «Назарбаев Университетінің» студенті Нұрсұлтан Томпиев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ менеджері Ольга Долженко мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Татьяна Нуштаева өз сөздерінде Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жөніндегі бастамасына толықтай қолдау білдірді және «Жас Отан» жастар қанатының өңірлік бөлімдерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға көмек көрсету, мамандар резервін қалыптастыру, қалалар мен ауылдық округтер аумақтарын жинап-тазалау және басқа да көптеген түрлі іс-шараларды өткізудегі белсенді қызметін атап өтті.

Съездің бірінші бөлігінің соңында «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды.     

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу