Жаңалықтар

24 сәуір 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясының жұмысына қатысты

Қазақстан Президенті өз сөзінде құрылған кезінен бастап Ассамблея кәмелет жасына жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматтық институтына айналғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Ассамблея кәмелет жасына жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматтық институтына айналғанын атап өтті.

- Қазақстан этностық жанжалдардан азат аумақ болып саналады. Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған  жұмыстың басты нәтижесі, міне, осы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлем өзгеріп жатқанын, онда көптеген оқшаулағыш сызықтар: өңірлік және конфессиялық, әлеуметтік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болғанын айтты.

- Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ басқан кезде қоғамның көпқырлылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз. Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс. Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді, - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді атап көрсетті. Ол қазақ халқы Қазақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлттық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі болып табылатынына тоқталды.

- Қазіргі заманғы қазақтар ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, өзінің  өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс жалпыұлттық тарихи сананы дамыту қажет.

Қазақстан Президенті толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыратын қазақ қоғамының ішкі бірлігін нығайтқан жөн екенін атап өтті.

Ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі ­– мемлекеттік тіл болып саналады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ментальділік моделін, елдің болашақ бейнесін «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

– Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы сипатта болуға тиіс. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз өзіміздің мәдени кодымызды – тілді, салт-дәстүрді, құндылықтарды сақтай отырып қана оған балама бола алатын жауап қайтара аламыз. Ұлт бірлігін нығайтуда интеллигенция қызметі айрықша маңызға ие. Тек интеллигенция ғана қоғамды топтастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, бірліктің негізі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруы болып саналады. Елде индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда, әлеуметтік жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл – Қазақстан халқының бірлігінің ең берік, материалдық негізі. Бүгінде баршаға мәлім шындық мынау: бейбітшілік пен келісім саясаты тікелей экономикалық тиімділікке ие. Ішкі тұрақтылық инвесторлардың сенімінің бекуіне, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.

Қазақстан Президенті мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аударды. Ол біздің еліміздің тарихи таңдауы зайырлы мемлекет пен қоғам болып саналатынын атап өтті. Қазақстан дәстүрлі діндерді қолдайды, бірақ кез-келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарады.

Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық нормасы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы екі онжылдық ішінде Қазақстанның жолы ұлттық табыстың өнегелі үлгісіне айналғанына тоқталды.

– Бұл – бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасуының нәтижесі! Бұл – ұлттың нағыз пассионарлық бұлқынысы! Бұл – тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет. Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз! Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау. Алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Оларды жүзеге асыру жаһандық өзгерістердің күрделі жағдайында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін барлық күш-жігермен нығайту қажет. Өйткені, біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз! – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор К.Серікбаев қазақстандық жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

- Біз олардың бойына аға ұрпақта бар барлық жақсы қасиеттерді сіңіруіміз керек. Осы орайда Қазақстан ардагерлерінің «Намыс, ерлік және адамгершілік сабағы» оқыту бағдарламасын енгізу және әскери-техникалық мектеп базасында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу орталығын құру туралы өтініші бар, - деді К.Серікбаев.

Семей қаласындағы Пригородный мектебінің директоры Наталья Тегай өткен жылы Қазақстан кәрістері қауымдастығы Үштөбе қаласында алғашқы қоныс аударушыларды күтіп алған қонақжай қазақ халқына арнап «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнатқанын айтты.

- Бұл - бізді тарих тозаңына айналып кетуден сақтап қалған халыққа алғысымыз. Бүгінде мен өз балаларымыз бен немерелеріміздің, өз оқушыларымыздың болашағы кемел екеніне сенімдімін, - деді мектеп директоры.      

Ресей стратегиялық әзірлемелер орталығының жетекшісі Юрий Солозобов «бейбітшілік және келісім» қағидаты Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізіне айналғанын атап өтті.

- Этносаралық толеранттылық саласындағы интеграциялық үдерістердің бастамашысы және «ноу-хау» жеткізушісі ретіндегі Қазақстанның тәжірибесі бірегей. Ол Еуразиялық және Еуропалық одақтар үшін «алтын стандарт» болуы мүмкін және болуға тиіс. Ассамблея Қазақстанның халықаралық имиджін құрушы базаның біріне – табысты елдің көптілді «визиткалық карточкасына» айналатынына сенемін, - деді саясаттанушы.

Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры Зульфия Чумакова шешен-ингуш халқы қоныс аударылған Қазақстанда дүниеге келді.

- Менің әкем бала кезімде қандай жағдай болса да ұмытылмайтын оқиғалар бар деп айтқан еді. Мысалы, біздің халқымыз үшін қиын-қыстау жылдарда қазақтар бізбен өз Отанына паналатты. Адам үшін ең қымбаты – атамекен, - деді З.Чумакова.   

ҚХА мүшесі, «Динар-Электромаш» ЖШС іс басқарушысы Сергей Вишняк мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығына назар аударды.

- Мен осы мінберден сөзімді барша – шағын, орта, ірі кәсіпкерлерге арнаймын. Табысты бизнес жүргізгіңіз келсе – қазақ тілін үйреніңіз. Қазақ тілі – ең жақсы бизнес-стратегия, – деді бизнесмен.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Елена Михеева туған елінің тілін білу патриотизмнің болып болып саналатынын атап өтті.

- Мені қазақ халқының сөздің құдіретіне деген құрметі тәнті етті. Мен қазақ сөзінің адамдарды жақындастыратын рухын, қуат-күшін ұғындым, – деді ол. 

 Қостанай облысындағы «Агрофирма «Диевская» ЖШС бас директоры Олег Даниленко бүгінде Ресейден, Германиядан және өзге де елдерден отандастарымыздың қайта оралып жатқанына тоқталды.

- Олар өздерінің ата-бабалары, достары, ал ең бастысы – татулық-келісім бар жерге оралуда. Мен мына бір ойды санама түйдім. Біздің бірлігіміз болса – нан да болады, – деді  О.Даниленко.

Қазақстандық альпинистер құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаев жеңіске жету үшін берік сенім мен қолдауға сүйену қажет деп санайды.

- Біз бір елде тұрамыз, біздің тағдырымыз ортақ. Бірлесе отырып, біз кез келген биік шыңды еңсере аламыз деп сенемін, - деді альпинист. 

Сондай-ақ, сессияда Ассамблея Төрағасының этномәдени орталықтардың атынан өкілдік ететін екі орынбасары тағайындалды.

Сессия барысында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің президенті С.Абдрахмановқа, болгар этно-мәдени бірлестігінің төрағасы О.Дымовқа, Талғар қаласындағы қайырымдылық  «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Т.Есқожинға, Павлодар облысының украин этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Парипсаға, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Хамедовқа, ҚХА Ақмола аймақтық балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығының төрағасы Д.Галлямовқа тапсырды.

Сонымен қатар, сессияда Қазақстан халқы ассамблясының XX сессиясына қатысушылардың Үндеуі жарияланды.   

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы ҚХА сессиясы ел өміріндегі елеулі оқиға екенін тағы да атап өтті.

- Татулық пен достық – біздің дамуымыз бен болашақты қалыптастыруымызға негіз болатын басымдығымыз. Бұдан әрі қарай да Ассамблеяның рөлін, әсіресе өңірлерде күшейте түсу қажет. ҚХА – тек жай ғана мәдени орталықтар деген түсінік болмауға тиіс. Кіші ассамблеялар өкілдері елдің өзге өңірлеріне барып, тәжірибе алмасқаны және оң жетістіктерді үйренгені жөн деп санаймын.  Бүгінде қоғамдық-саяси өмірдегі Ассамблеяның рөлі айрықша, оны ешқандай мемлекеттік орган алмастыра алмайды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бұл мерекенің нағыз халықтық мерекеге айналуы тиістігін атап өтті.

Сөздің толық мәтінін  мына жерден қараңыз.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу