National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройл» Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорнының құрылғанына 20 жыл толуын мерекелеу рәсіміне қатысты

2013 жылғы 03 сәуір

Іс-шараға Премьер-Министр С.Ахметов, Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Д.Уотсон, компания директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы К.Дерр, «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры С.Дэвис, сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері қатысты.   

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Теңіз жобасының тарихы кеңестік кезеңнен басталатынын атап өтті.

- Мен Қазақстанның жаңа тарихында жүретін жолдарын іздестіріп, 1990 жылы АҚШ-қа бардым. Мен «Шеврон» корпорациясының барлық маңызды кәсіпорындарында, соның ішінде Мексика шығанағында орналасқан кәсіпорындарда да болдым. Оның экологиялық және технологиялық мүмкіндіктерімен таныстым. Серіктестік басталған кездері бізде инвестицияны қорғау, жер қойнауы, салықтар және басқа да құқықтық базалар туралы заңдар болған жоқ. Өткен 20 жылда «Шеврон» шамамен 20 миллиардтай доллар инвестиция салды. Қазақстан салықты қосқанда 77 миллиардқа жуық доллар иеленді. Атырау облысының әлеуметтік дамуына 800 миллион доллар жұмсалды. Мыңдаған қазақстандық мамандар даярланды, онда біздің 3300 азаматымыз жұмыс істейді. Бүгінде Атырау еліміздегі ең әсем қаланың бірі болып саналады, біз оны Қазақстанның мұнайлы астанасы деп атаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы компания өндірісті 26 есе арттырғанын, ал Қазақстан экономикасы 15 жылда 16 есе өскенін атап өтті.

- Қазақстандық үлес үлкен маңызға ие болды. Бүгінде еліміздегі барлық сатып алудың үштен біріне жуығы компания еншісінде. Біз бұл көрсеткіштің арта түскенін қалаймыз. Сіздер менің өтінішімді орындап, полиэтилен құбыры зауытын, Атырау облысында теңіз академиясын салғандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Атырауда Жастар сарайының құрылысы басталғаны туралы айтып өткім келеді. Бұл барлық атыраулықтар үшін қуанышты оқиға деп ойлаймын, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен жұмыстың жалғасатынын, алда жаңа міндеттер, компанияны одан әрі дамыту, тағы да 7,5 миллиард доллар салу жоспарланған өндіру көлемін ұлғайту жобасы күтіп тұрғанын атап өтті.

– Мен үшін «Шеврон» компаниясының біздің елде сәттілікке қол жеткізгені, бүкіл әлемге және өзге компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге әрі табысты жұмыс істеуге болатыны көрсетілген маңызды болды. Сіздер соны жасадыңыздар, мен сол үшін ризамын. «Шевронның» арқасында біз АҚШ-пен жақсы қарым-қатынас орнаттық, көптеген америкалық компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс жасауда. Біз алдымызға 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін қойдық, сондықтан елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Мен «Шеврон» бұған белсене атсалысады деп сенемін. Үкіметпен бірлесіп, сіздер мұнай өндіру, өңдеу кәсіпорындарын салуларыңыз, мұнай өндіру мен өңдеу құрал-жабдықтарын шығаруларыңыз, жаңа жұмыс орындарын, жаңа кәсіпорындарды құруларыңыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

«Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы К.Дерр жаңа елорда әрбір тұрғынынан, сондай-ақ Президенттің ұлттық және жаһандық ауқымдағы көшбасшылығынан көрінетін бүкіл елдің керемет ілгерілеуін айқын танытатынын айтты.

– Мен үшін жобаның бастауында Сізбен бірге болу мәртебе болды. Үлкен үмітті оятқан сол күн – сейсенбі, Алматыдағы 1993 жылғы 6 сәуір әлі есімде, біз Қазақстан Президенті екеуміз Теңіз жөнінде тарихи келісімшартқа қол қойдық. Оны біздің компаниямыз бен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің символы деп атағанымызды ұмытқан жоқпын. Бүгін ол шынымен солай және әрқашан солай бола береді, - деді К.Дерр.

Сонымен қатар, компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мемлекет басшысына және Қазақстанға көп жыл бойы өсіп-өркендеп, мемлекеттіліктің өңірлік те, жаһандық та деңгейде нығая беруін тіледі.

Іс-шара барысында АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фейрфакс АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің хатын оқып берді, онда Қазақстан мен «Шеврон» корпорациясы серіктестігінің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа жол ашып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы табысты экономикалық өзара қарым-қатынастардың негізіне айналғаны айтылған. Мемлеткеттік хатшы Қазақстан халқын тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктермен құттықтады, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру және ұлттық мұрат – әлемнің ең бәсекеге қабілетті экономикалары қатарына ену үшін реформалардың одан әрі жүзеге асырылуында АҚШ тарапынан достық ниет пен қолдау жасалатынына қазақстандықтарды сендірген. 

Өз сөзінде «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Д.Уотсон өзі үшін осы жерде болудың және тарихи серіктестік құру жолында негізгі рөл атқарған екі адамның – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шевронның» бұрынғы төрағасы К.Деррдің қасында болудың зор мәртебе екенін атап өтті.

- Бүгін біз тарихи серіктестікке қол жеткізгенімізді ғана емес, сондай-ақ оның тарихқа айналып, барған сайын нығая түскенін атап өтудеміз. Серіктес бола отырып, біз әлемдегі ең күрделі мұнай кен орындарында – Теңіз бен Қарашығанақта жұмыс істейміз. Және біз бүкіл индустрияда стандарттар бекіте отырып, қауіпсіздік пен өндірісті оңтайландыруда әлемдік деңгейдегі нәтижелерге біртіндеп қол жеткіземіз, - деді Д.Уотсон.

Сөзінің соңында «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Атырауда Жастар сарайының құрылысы басталғаны, оның білім, кәсіптік-техникалық бағдарлау және демалыс үшін жаңа мүмкіндіктер беретін озық орталыққа айналатыны туралы айтып өтті. Оның айтуынша, компания еліміздің әлеуметтік дамуына және орнықты экономикалық прогресіне көмек көрсетуді жалғастыра бермек.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің