Жаңалықтар

7 наурыз 2015
Елбасы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Жүрегімнің жыры» атты мерекелік концертті тамашалады
«Қазақстан» орталық концерт залы

 

Қазақстан Президенті еліміздің нәзік жанды әйелдер қауымын келе жатқан мерекемен құттықтап, халқымыз әйел затын әрдайым айрықша құрметтегенін атап өтті.

– Зауалы көп заманда қазақ қыздары қиындыққа төзіп, үнемі қайсарлық танытты. Аяулы арулар тәуелсіздік алған жылдары да ауыртпалықты қайыспай көтерді. Жас мемлекетіміздің керегесін кеңейтіп, іргесін нығайтуға айрықша үлес қостыңыздар. Сіздердің еселі еңбектеріңіз еңселі еліміздің дамуына ерекше серпін берді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әйелдер әрбір отбасының бақ-берекесі және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің негізі екендігіне тоқталды.

– Бүгінгі заманда әйелдің қоғамда атқаратын рөлдері арасындағы айырма қарқынды ұлғайып келеді. Бір полюстің басында – әйелдері отбасы төңірегінде шектелген елдер, ал екінші полюсте – керісінше әйелдері балаларына, ұрпақ жалғастығына деген сезімдерінен айрылып, отбасынан жедел алыстап бара жатқан мемлекеттер тұр. Осы екі полюс ортасындағы біздің еліміздің жағдайы – нағыз «алтын аралық». Біздегі әйелдер жұмыста, шығармашылықта, спортта, ғылымда табыстарға жетуде. Сонымен қатар отбасының да сақтаушысы болып қалып отыр. Мұның қаншалық қиын екенін түсіне отырып, мемлекет сіздерге жәрдемдесуге тырысады, ауыртпалықтың бір бөлігін өзіне алады. Бұл қолдау жалғаса беретін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан арулары әйел-ана және әйел-маман бейнесін үйлестіре алып келе жатқанына назар аударды.

– Қазақстандық әйелдердің қайталанбас осы ерекшелігі – қоғамымыздың сондай мықты тірегі әрі біздің этносаралық және дінаралық келісім үлгісі сияқты танымал брендіміз. Біздің әйелдер отбасылық қарым-қатынасты әрдайым батыл қорғады. Осы залда отырған және Қазақстан қоғамының барлық нәзік жанды қауымы өкілдеріне айтарым: Еш әсірелеусіз айтсақ,  біздің ұлттық байлығымыз – сіздерсіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әйелдердің тумысынан сенімді тірек іздеуге бейім екенін, оны тапқан соң да мінсіздікке қарай ұмтылуын тоқтатпайтынын айтты. Мемлекет басшысы мұндай ұстаным қарқынды әрі үйлесім тапқан Қазақстан жолының түпкі арқауы екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басымдығының бірі лайықты ұрпақ тәрбиелеу болып саналатынына тоқталды.   

– Бұл істе ананың ғаламат қажыр-қуатын ештеңе алмастыра алмайды.  Егер әрбір отбасында ана махаббаты жалындап тұрса, онда бүкіл ел келісім мен өсіп-өркендеудің арайлы шуағына бөленетін болады. Жынысқа, дінге, ұлтқа қарамастан, біздің бәріміздің ортақ қазақстандық арманымыз бар. Біздің арманымыз – басында баспанасы бар, балаларға жақсы білім бере алатын және олардың болашағына сенімді үлкен әрі берік отбасы. Бұл ретте әйелдердің еңбегіне баға жетпейді, мен сіздердің әрқайсыңызға ризамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келе жатқан мерекемен тағы да құттықтап, әрбір әйел заты мен қазақстандық отбасыға жылылық, шаттық және келісім тіледі.

Мемлекет басшысы концерт басталмас бұрын «Жасампаз Астана» фотокөрмесін аралап көрді, сондай-ақ осы жобаға қатысушы әйелдермен әңгімелесті.

Концертте белгілі отандық әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Қойылым түрлі музыкалық жанрды қамтыды, олардың кейбірі хореографиялық номерлермен сүйемелденді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу