Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

4 мамыр 2014
Мемлекет басшысы Азия даму банкі басқарушылары кеңесінің 47-отырысына қатысты

Өз сөзінде Қазақстан Президенті отырысты өткізу үшін таңдалған елімізге көрсетілген жоғары сенім үшін Азия даму банкіне мүше барлық елдерге ризашылығын білдірді.

 

Өз сөзінде Қазақстан Президенті отырысты өткізу үшін таңдалған  елімізге көрсетілген жоғары сенім үшін Азия даму банкіне мүше барлық елдерге ризашылығын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл Азия даму банкімен еліміздің серіктестік қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толатынын атап өтті.

 – Осы кезеңде банк біздің елге 3,5 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салды. Қазақстан былтырдан бастап банктің донорына айналды. Еліміз Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына белсене қатысып келеді. Бұл жұмыс аясында банкпен бірлесіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құруға арналған маңызды жоба жүзеге асырылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті  біздің еліміз мен банктің бірлескен жұмысы Азия өңіріндегі экономикалық өсімге дем беруге бағытталғанына тоқталып өтті.

– Қазақстан Азияның 14 елімен өзара инвестицияны қорғау туралы келісім жасады. 2013 жылғы жалпы мөлшер бойынша азиялық инвестициялардың үлесі 17%-ға жетті. Азия даму банкі Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі ұзақмерзімді инвестициялардың маңызды көзі болып саналады. Оның үстіне банктің беделі Азия-Тынық мұхит өңірі ауқымынан асып түседі, бұны әлемнің  АҚШ, Канада, Германия сияқты ірі елдерінің оған қатысуы айғақтайды. Банктің инклюзивті және орнықты дамуды ынталандыру, сондай-ақ интеграцияның дамуын қолдау жөніндегі айқын стратегиясы әлемдегі көптеген адамдарға өз тұрмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы  тек соңғы он жылдықтың өзінде АДБ қолдауымен миллиондаған жастар сапалы білім алып, бірнеше миллион үй шаруашылығында таза ауыз суға және электр қуатына қол жеткізілгенін, өңірдің жүздеген миллион тұрғыны үшін әлеуметтік қызметтер стандарттары жоғарылағанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев 47-ші жылдық отырыстың «Жаңа жібек жолы – Азияны өзгеріс үстіндегі әлеммен бірлестіру»  деген тақырыбы біздің еліміздің тарихымен үндесетініне назар аударды.

– Бүгінде біз Ұлы Жібек жолының кезекті қайта өрлеу кезеңіне куә болып отырмыз, ол Азияның дамуындағы жаңа белеске айналады деп сенемін. Ол үшін бірқатар алғышарттар бар. Бұл – Қытай, Үндістан, Жапония, Корея және көптеген дамушы елдерді біріктіретін ең қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сонымен қатар, бұл аса ірі тұтынушылық сұраныстың негізін құрайтын, әлемдегі халқының ең саны көп аймақ.  Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай әлемдік сауданың, инвестицияның және ІЖӨ-нің жартысынан көбі Азияда шоғырланады. Бұл үрдістерді урбандану қарқыны,  ірі агломерациялардың құрылуы, өндірістер қуатының артуы күшейте түседі. Өңірдің өркендеуінің жаңа кезеңі мен «Азия ғасырының» басталуы осындай сценарий ұсынып отыр, – деді Мемлекет басшысы.   

Қазақстан Президенті өңірдің дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келу міндеті өзекті болып қала беретініне тоқталды. Нарығы енді дамып жатқан көптеген елдер жекеменшік секторды, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, кедейшілікті азайту үшін айтарлықтай құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру қажет болады.

Нұрсұлтан Назарбаев Азия елдерімен де, өзге интеграциялық бірлестіктермен де ынтымақтастықтың шекарасын ұлғайту қажеттігі туралы пікірін білдірді.

– Ашықтық, теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген өңірлік интеграция табысты дамудың сенімді құралы болып санады. Бүгінде біз Азия-Тынық мұхиты өңірі ауқымында өңірлік интеграцияның күшейгенін байқап отырмыз. Экономикалық интеграция салаларының аясы Оңтүстік Шығыс Азияда қарқынды түрде кеңеюде. Қазақстанда Ресей және Беларусьпен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біз Кедендік Одақ аясында ықпалдастық, енді өзара іс-қимылдарымызды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге ниеттіміз. 170 миллионнан астам тұтынушы  бар жағдайда бұл бастаманың әлеуеті зор деп санаймыз. Сонымен қатар, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтап, биыл толық мүшелікке өтеміз дем үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ортақ интеграциялық үдерістерді Ұлы жібек жолын жаңғырту аясында құруға болатынын атап өтті.   

– Жібек жолының қазіргі аумағымен шекараласатын елдердің нарықтары өзінің ауқымы мен әлеуеті жағынан теңдессіз болып саналады. Мұнда 3 миллиардтан астам адам тұрады. Транзиттік сауда жолдарын дамыту ғана емес, қосылған құнның жаңа тізбегін құру, қаржы нарықтарын интеграциялау, өңірде қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру, мәдени байланыстар мен көпжақты ынтымақтастықты нығайту да негізгі идея болуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өңірдегі 10 елдің Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуының оң тәжірибесін еске салды. 

– Бұл бастаманы интеграциялық үдерістердің шекарасын жылжытып, Азияның барлық елдерімен сауда-экономикалық, көліктік, энергетикалық, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайта отырып кеңейту арқылы қолдау қажет. Еуропа мен Азияның тоғысындағы Орталық Еуразияда бірегей орны бар біздің ел осындай интеграцияға қажетті барлық шарттарды жасай отырып, өңірлердің синергиясын күшейту арқылы оларды бір-бірімен байланыстыруға дайын. Қазақстан осы өңірдегі экономикасы ең ірі және ең жылдам дамушы ел ретінде өз тәжірибесі және ресурстары арқылы көмектесе алады, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Басқарушылар кеңесі отырысы жалпы әлемдік экономиканың дамуына  жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

– Азия даму банкі адам тұрмысын жақсарту жөнінен маңызды міндет атқарады, сол арқылы Азия өңірімен қатар бүкіл әлемді біріктіруде шешуші рөлге ие. Өз кезегімізде біз АДБ-мен бұдан әрі де жемісті ынтымақтастықты жалғастыратынымызға сендіреміз және Банктің игі миссиясын жүзеге асыру жолында оны қолдауға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Азия даму банкінің президенті Т.Накао өз сөзінде Қазақстан Үкіметімен арада қол қойылатын келісімшартқа қанағаттанушылығын білдіріп, Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі елдердің экономикалық өсімдеріне қатысты болжамдары жөнінде ой бөлісті.

Отырыс қорытындысы бойынша  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Азия даму банкі арасында экономикалық әртараптандыруға, дамуға және Қазақстан Республикасының жалпы өсіміне атсалысу мақсатындағы ынтымақтастықты күшейту жөніндегі серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу