National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» деген тақырыппен өткен жалпы отырысына қатысты

2015 жылғы 10 маусым

 

Елбасы өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ізгі идеялары әлемдік қоғамдастықта, діни және саяси топтар арасында кеңінен қолдау тауып жатқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстанда түрлі конфессиялардың қатар қызмет етуінің табысты үлгісі қалыптасқанын атап көрсетті.

 – Қазір елімізде жалпы саны 3312 мешіт, храм, мінажат үйі, синагога және өзге де діни ғимараттар бар. Діни бағыттағы 47 бұқаралық ақпарат құралы жарық көреді.  Елімізде 500-ге жуық шетелдік миссионер жұмыс істейді. Елімізде қызмет ететін барлық діндердің жамағаты – қазақстандықтардың ортақ шаңырағының мүшелері.  Біз бәріміз бірге жаңа ел құрып жатырмыз, онда талас-тартыс пен дау-дамайға орын жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қауіпсіздік пен дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру үшін кең ауқымды диалогтың маңыздылығына назар аударды.

– Теңқұқықтылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүддесін мойындау, ынтымақтастық, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттары оның  негізіне айналуы тиіс. ХХI ғасырда барлық саладағы – саяси, экономикалық, мәдени, рухани диалогқа ештеңе балама бола алмайды. Бүгінде адамзат материалдық, ғылыми-техникалық және зияткерлік тұрғыдан зор әлеуетке ие. Егер жұрт бір-бірімен татулықта және рухани келісімде өмір сүруді үйренбесе, ешқандай ілгерілеу болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті рухани және саяси көшбасшылар бірлесіп, әлемді адамгершілік тұрғыдан мейлінше ізгі әрі толерантты ете алатынына назар аударды.

–  Қарсы тараптардың барлығы келіссөздер үстеліне отырып, зорлықты тыю, азаматтарды қорғау, барлық қайшылықты бейбіт шешу жөнінде келісім әзірлеуі керек. Әрбір елде және мемлекетаралық қатынастарда кез келген саяси қайшылықты күш қолдану арқылы шешу әдісінен бас тарту қажет. Жетекші державалардың саяси көшбасшыларын қазіргі замандағы өзара сенімсіздіктің белең алуына тосқауыл қоюға шақыру маңызды. Осының барлығы қауіпсіз және жарасымды әлемнің жаңа архитектурасының бөлшегіне айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отырған барша саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне сөз арнап, өз мүмкіндіктерін соғыс пен қақтығысты тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалануға шақырды.

Отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия Президенті Саули Ниинисте, Қасиетті Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті, кардинал Жан-Луи Торан, Дүниежүзілік Ислам Лигасы бас хатшысының орынбасары Абдрахман бен Абдаллла аз-Зейд, Франция митрополиті Эммануил Адамакис, Дүниежүзілік Ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Мохсен Мохаммади Араки сөз сөйледі.

Сонымен қатар, Израильдің сефардтық бас раввині Ицхак Йосиф, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Амин Мадани, индологияны және дінаралық диалогты зерттеу институтының төрағасы Самир Шантилал Сомайя, сондай-ақ Дүниежүзілік буддашылар қоғамдастығының бас хатшысы Фаллоп Тайиари және Марокко Корольдігінің ислам істері жөніндегі министрі Тауфик Ахмед күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды.  

 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің