Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

9 мамыр 2014
Мемлекет басшысы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты

Шараға соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік органдар басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтардың рухына тағзым етуге жиналған елорда тұрғындары қатысты

 

Шараға соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік органдар басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтардың рухына тағзым етуге жиналған елорда тұрғындары қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мәңгілік алау жанына Даңқ гүл тізбегін әкеліп қойды, содан соң бір минут үнсіздік жарияланды.

Қазақстан Президенті – ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының және ардагерлердің алдынан Мемлекеттік күзет қызметінің Құрметті қарауыл ротасы салтанатты маршпен шеру тартып өтті.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тігілген шатырлар қалашығында ардагерлермен әңгімелесті. Мемлекет басшысы оларды және барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

– Жеңіс күні – Ұлы мереке. Әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз. Қасиетті топырағымыздың бір миллион сегіз жүз мыңнан астам ұлдары мен қыздары шайқасты. Миллиондаған адам бәрін де майдан үшін, бәрін де жеңіс үшін беріп, бел шешпей еңбек етті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ардагерлердің тек жауынгерлік ерлігімен ғана емес, өмірлік өнегесімен де қымбат екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғымдармен байланысты Жеңіс күнін әрдайым есте сақтауға шақырды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттің қажетті жағдайды жасап, әлеуметтік қолдау көрсетіп отырғанына да назар аударды.

– Бағалап, құрметтей отырып, олардан ерлік, еңбексүйгіштік және бірлікке бекемдікті үйренген жөн. Келесі жылы Жеңістің 70 жылдығын бірлесе атап өту үшін олар қасымызда аман-сау жүрсін, – деді Қазақстан Президенті

Соңында Мемлекет басшысы ардагерлерге зор денсаулық, мол бақыт және еліміздің аспаны ашық болуын тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу