Жаңалықтар

4 желтоқсан 2012
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Электровоз құрастыру зауыты" электровоз шығаратын жаңа зауытында және «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС-да болды

Қазақстан Президенті өндірісті іске символды түрде қосқаннан кейін, бұл жоба еліміздің экономикасын дамыту үшін мәні ерекше және маңызды екенін атап өтті.

 

Қазақстан Президенті өндірісті іске символды түрде қосқаннан кейін, бұл жоба еліміздің экономикасын дамыту үшін мәні ерекше және маңызды екенін атап өтті.

- Қазақстан жаңа экономиканы құру және шикізатқа тәуелсіздіктен құтылу үшін индустриялық-инновациялық бағдарламаны табысты іске асыруда. Екі жарым жылда мыңнан аса кәсіпорын құрылды, он мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды. Біз бүгін еліміз үшін өте маңызды жобаға – электровоз өндірісі жөніндегі жаңа зауыттың іске қосылуына куә болдық. Темір жол көлігі – кез келген экономиканың күретамыры, онсыз жүк тасымалданбайды және жеткізілмейді. Сондықтан мемлекет көлік инфрақұрылымын дамытуға үлкен мән беруде және оны жақсартуға әрі жаңғыртуға елеулі қаражат бөліп отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1100 шақырымнан астам темір жол салынды. Біз ұзақтығы мың шақырымнан асатын «Жезқазған-Бейнеу» теміржол тарауы құрылысын бастадық. Дегенмен бізде тепловоз және электровоз парктері ескіре бастаған, жүк және жолаушы вагондарының саны жетіспейді. Осындай жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін біз жаңа зауыттарды іске қосып жатырмыз. Бүгін еңбек өнімділігі жоғары осындай жоғары технологиялық зауыт іске қосылды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.              

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қазақстандық электровоздардың Кеден одағына мүше елдерге және ТМД-ға мүше мемлекеттерге жеткізілуін ұйымдастыру үшін байланыс орнату қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасының инженер-түлектері зауыт жұмысына тартылғанына ризашылығын білдірді. Бұл өзіміздің инженерлік-техникалық кадрлар құрамын қалыптастыруда жақсы үлгі болып саналады.

- Бұл жобаның іске асуы - Қазақстанның ерекше инвестициялық жағдай жасап отырғанының тағы бір дәлелі. Тек биыл ғана біз 18 миллиард долларлық инвестиция тарттық, ал тәуелсіздік жылдарында оның көлемі 170 миллиард долларға жетті. Республикамызда өзара тиімді бизнес болуы үшін шетелдік өз серіктестерімізді шақыруды бұдан кейін де жалғастыратын боламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмысшылар мен іс-шараға қатысушыларды зауыттың іске қосылуымен құттықтап, белгіленген барлық міндет пен жоспарды жүзеге асыруда жетістіктер тіледі.

Рәсімнің ашылуына қатысқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігі жөніндегі кеңесі дирекциясының төрағасы Петр Кучеренко өз сөзінде Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік, Батыс-Шығыс бағыттарында көліктік құрлықтық, трансқұрлықтық жүктерді жеткізу үшін қуатты көлік дәлізі болып саналатынын айтып өтті. Қазақстанда екі жарым жылда үшінші зауыт іске қосылуда және бұл оқиға елдің теміржол саласын дамытуға мықты іргетас қалайды. Ол Кеден одағының құрылуы одан әрі нығая түскен интеграциялық бірлестікке көшуді, еуразиялық өңірде бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуын қамтамасыз ететініне тоқталды.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан Президенті «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ Көліктегі технология орталығында болды. Бұл орталық Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның жаңа теміржол өндірісі мен техникалық желілер үшін білікті мамандар даярлауды жүзеге асыратын  инновациялық жобалар алаңы болып саналады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаны іске асыру барысы туралы баяндады. Бүгінде Қазақстанның Индустрияландыру картасына көлемі 11 миллиард теңгеден астам 780 жоба енгізілген.

«Электовоз құрастыру зауыты» жобалық қуатына орай, жылына 50 екі секциялық электровоз құрастырып шығарады. Локомотивтердің жаңа желісін Францияның «Альстом Транспорт» компаниясы Қазақстан, ТМД және Балтық жағалауы елдерінің табиғатына  бейімдеп жасаған. Жаңа электровоздар пайдалану кезінде экологиялық жүктеме деңгейін барынша төмендетеді,  «жасыл экономика» талаптарына толық жауап береді.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС-да болды, онда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының қарауына ЭКСПО-2017 халықаралық арнаулы көрмесін өткізуге дайындық жасауға байланысты қала құрылысы мен сәулеті саласындағы ұсыныстарын енгізді.

Сондай-ақ мекемені аралау кезінде астананың инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөнінде ұсыныстар қаралды.    

 

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу