Жаңалықтар

20 маусым 2017
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен бірге Финляндияның ұлттық павильонын аралап көрді
«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені

Екі елдің президенттері Финляндияның ұлттық павильонындағы экспозициялармен танысып, «Нұр Әлем» кешенінде орналасқан Қазақстанның көрме павильонын аралап көрді.

Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары көрме кешенінің Конгресс-орталығында екіжақты келіссөз жүргізді.

Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинистёге елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты.

С.Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.

– Сіздің екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге жаһандық проблемаларға қатысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда өтіп жатқан келіссөздерге көз тігіп отыр. Бұл – Астанадағы Сирияға қатысты келіссөздер, – деді Финляндия Президенті.

С.Ниинистё Мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу