Жаңалықтар

30 маусым 2013
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон мұнай мен газды кешенді дайындайтын «Болашақ» зауытының ашылу рәсіміне қатысты

Рәсім барысында Қазақстан Президенті жиналғандардың баршасын Солтүстік Каспий жобасының негізгі өндірістік нысанының бірі – «Болашақ» зауытының іске қосылуымен құттықтады.

– Біз 8 жыл бұрын кешенді бірегей қондырғы құрылысының алғашқы кірпішін қалаған едік. Мен сол кезде зауытқа «Болашақ» деп ат қою арқылы ерекше маңыз берген болатынмын. Біз оның болашақ Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символына айналатынына зор сенім арттық. Бүгін бұл мақсатты орындау жолындағы елеулі белеске қол жетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» зауытының ірі өнеркәсіп нысаны болып саналатынын атап өтті.

– Оның мұнай бойынша жобалық өнімділігі тәулігіне 450 мың баррельді, ал газ өңдеу бойынша өнімділігі тәулігіне 8,8 миллион шаршы метрді құрайды. Зауытты іске қосу екі жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қашағанды игеру Қазақстанның мұнай-газ индустриясының жаңа дәуірін ашады. Солтүстік Каспий жобасы – тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қашаған ортақ мақсаттар жолында әлемнің ірі мұнай компанияларының басын біріктірді. Олар елімізге өздерінің бай тәжірибесі мен жинақталған білімдерін әкелді. Жақында ғана өткен шетелдік инвесторлармен кездесуде мен инновацияны енгізгісі келетіндер үшін мемлекет тарапынан ерекше басымдық берілетінін және қолдау көрсетілетінін атап өткен едім. Сол айтқанымды бүгін тағы да қайталағым келеді, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы жаңа технологиялық серпіліс екі елдің қазіргі және болашақ ұрпағының әл-ауқатын арттыруға негіз қалайтынын атап өтті.

– Қазақстан экономикасы қазірдің өзінде Қашағанды игеруден айтарлықтай пайда тауып отыр. Бүгінгі күні 2600-ден астам отандық компания жобаға қатысуда алдын ала біліктіліктен өтті. Тек өткен жылы ғана Солтүстік Каспий жобасы аясында қазақстандық өндірушілерге төленген қаржы бір жарым миллиардқа жуық долларды құрады. Бұл жұмысты үдемелі түрде жалғастырып, жетілдіріп отыру қажет. Солтүстік Каспий жобасы бойынша барлық кен орындарын игерудің экологиялық жағын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде Каспий әлемдегі ірі мұнайлы өңірдің бірі ретінде көптеген инвесторлар назарын өзіне аударып отыр. Біз Каспий теңізінің таңқаларлықтай сан алуан жануарлар мен өсімдік әлемі бар ерекше табиғи аймақ екенін ұмытпауға тиіспіз. Оның нәзік экожүйесіне қамқорлықпен қарау – жер қойнауын пайдаланушының әрқайсының міндеті. Өткен жылдарда қоршаған ортаны қорғау саласында көптеген бағдарлама орындалды. Бірақ әлі атқарылатын жұмыстар бұдан да көп, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.                 

Қазақстан Президенті күн тәртібіндегі негізгі мәселе қатарына экологиялық таза технологиялар мен баламалы энергия көздерін енгізудің шығып отырғанын да атап өтті.

– Жақында біз Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуі жөніндегі тұжырымдаманы бекіттік. Ол тіршіліктің барлық саласында табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға бағытталған. Біз Консорциум мүшелерінен табиғатты қорғау іс-шараларын белсене жалғастыруды күтеміз. Қоршаған ортаға әсер ететін жағымсыз ықпалды азайтып, мұнайдың бейберекет төгілуіне жол бермеу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспийді игеруді бастау туралы шешімнің бұдан жиырма жыл бұрын бекерге қабылданбағанын атап өтті.

– Бүгін оның бірден-бір дұрыс шешім болғанын батыл мәлімдей аламын. Қашағанды игеру елдің экономикалық өсуіне қуатты серпін берді. Сондай-ақ, ол жас мемлекеттің халықаралық беделінің нығаюына септігін тигізді. Осынау бірегей алып кен орнын игеру республикамыздың әлемдік геосаяси кеңістіктегі ұстанымының беки түсуіне көмектесті. Қазақстанның болашақ дамуы үшін баға жеткісіз мәнге ие бола отырып, Солтүстік Каспий жобасы жаhандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады. Біздің бірлескен еңбегіміз бен серіктестігіміздің тегеуріні осы мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретініне сенемін, – деді Қазақстан Президенті.     

Соңында Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерге, инженерлерге және осы ауқымды жобаны іске асыруға қатысқандардың баршасына алғысын айтты.

Өз кезегінде Д.Кэмерон «Қашаған» жобасы Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуының символы болып саналатынын атап өтті.

– Оның таңғаларлықтай ауқымы ел әлеуетінің тағы бір көрсеткішіне айналды. Мен британдық «Шелл» компаниясының жобаны іске асыруға атсалысқанын қуанышпен айтқым келеді. Біріккен Корольдік компаниялары күрделі экологиялық жағдайлардағы әзірлемелер жөнінде озық технологияларға ие. Сондай-ақ, мәселен, Солтүстік теңіздегі бірлескен жұмыстар үшін олар әрқашан жергілікті серіктестер табуға талпыныс жасайды, – деді Ұлыбритания Премьер-Министрі.        

Д.Кэмерон екі елдің инвестиция ағынын қамтамасыз ете отырып, бизнесті және сауда-экономикалық байланыстарды белсене дамыта алатынына сенім білдірді.

– Ядролық қарудан бас тарту, қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы, экономиканы әртараптандыру – осының бәрі Қазақстанның нақты жетістіктері. Біз мұнай-газ саласында өзара ықпалдастық орнатып қана қоймай, білім беру, мәдениет және Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие өзге де бағыттардағы ынтымақтастықты дамытатын серіктес болғымыз келеді, – деді Ұлыбритания Премьер-Министрі.         

Солтүстік Каспий жобасы (NCOC) бірыңғай операторының басқарушы директоры П.Оффант Қашаған жобасы ең ауқымды жобаның бірі ғана емес, сонымен қатар технологиялық және экологиялық сипаты жөнінен өте күрделі жоба екенін де атап өтті. Ол Мемлекет басшысына жобаға жіті көңіл бөліп келгені және оның көптеген мәселелерін шешуге көмектескені үшін алғысын білдірді.

«Eni» компаниясының бас өндірістік директоры К.Дескальци «Қашағанның» Қазақстан халқы үшін жасалған жоба екенін атап өтті, сондай-ақ жобаны іске асыру барлық серіктестердің бірлесе күш-жігер жұмсауының арқасында жүзеге асырылғанына тоқталды.         

Атырау қаласынан шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан «Болашақ» зауытында Қашаған кен орнынан алынатын мұнай мен газды дайындау жүзеге асырылатын болады.

Зауыт тауарлық сападағы мұнайдың тәулігіне 450 мың баррелін дайындау жөніндегі өндірістік қуатын кезең-кезеңмен арттыруға есептелінген.

Сонымен қатар, екі ел көшбасшылары бүгін іскер топтар өкілдерімен өткен кездесуге қатысып, онда қазақстан-британ өзара іс-қимылының аясын одан әрі кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары