Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 маусым 2014
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті

 

Кездесу барысында Елбасы Ақтөбе облысының қарқынды дамып келе жатқанын және алдыңғы қатардағы өңірдің бірі болып саналатынын айтты.

– Соңғы үш жылда ішкі өңірлік өнім бір жарым есе өсіп, 1,8 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі 1,4 есе ұлғайды. Индустрияландыру бағдарламасы барысында жалпы сомасы 577 миллиард теңге болатын 78 нысан іске қосылды. Облыс бюджетіне түсімдер бір жарым есе көбейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақтөбе облысы үшін шекаралық облыс ретінде еуразиялық экономикалық интеграция қосымша мүмкіндіктер жолын ашып отыр.

Қазақстан Президенті экономикалық дамумен қатар әлеуметтік салаға зор көңіл бөлініп отырғанын, бұл халық үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– 31 мектеп салынды, 144 балабақша ашылды, мектепке дейінгі ұйымдармен облыс 85 пайыз қамтамасыз етілген. Мемлекет денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуде, соның арқасында соңғы 10 жылда ақтөбеліктердің өмір сүру жасы 6 жылға ұлғайды. Біздің бүкіл жұмысымыздың басты көрсеткіші – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымдардың белсенді дамуына да назар аударды.
– Облыс газбен қамтамасыз етілген, оның аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің бір бөлігі өтеді. Жезқазған – Бейнеу теміржолы салынып, жаңа стансалар мен қызмет көрсету кәсіпорындары пайда болады. Республиканың барлық өңіріндегі секілді облыста тұрғын үй құрылысы дамып жатыр. Осының бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бірқатар түйткілді тұстарға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, ол өндіруші саламен салыстырғанда өнеркәсіптің өңдеуші салаларындағы қарқынның жеткіліксіз екендігін айтты. Индустриялық бағдарлама аясында салынған бірқатар нысандар тоқтап тұр немесе толық қуатында жұмыс істемейді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті инвестициялық және әлеуметтік жобалардың көп бөлігі Ақтөбе қаласына тиесілі болғандықтан өңірдің дамуы біркелкі еместігіне назар аударды. Бұл ретте бірқатар аудандарда тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы жүргізілмеген, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер әлі де бар.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешені ішкі нарықтың қажеттілігін жеткілікті қамтамасыз етіп отырған жоқ.

– Соңғы үш жылда облыс 800 миллион доллардың азық-түлігін импорттапты. Тек осы жылдың өзінде 94 миллион доллардың ет және сүт өнімдері әкелінген. Ақтөбе төңірегінде азық-түлік белдеуін қалыптастыра отырып, өңірдің өз қуатын арттыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жыл басынан бері облыс экономикасына салынған инвестиция іс жүзінде көбеймегеніне, соған байланысты инвесторларға, шағын және орта бизнеске ұсынылатын қолдаудың барлық тетіктерін пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Сыртқы нарықтардағы қолайсыз жағдайда бұл ерекше өзекті бола түсуде.

– Жалпы сыртқы экономикалық ахуал күрделі күйде қалып отыр, бағалар конъюнктурасы әлсіз, сондықтан әрбір облыс және бүкіл ел нарықтық экономика үшін табиғи жайт болып саналатын дағдарыс құбылыстарына әзірленуге тиіс. Осы мақсатта біз алға озып кетіп, қарқынды түрде әртараптандыруды жүзеге асырудамыз. Индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жеті жүзге жуық нысан іске қосылып, 160 мың жұмыс орны ашылды, ал екінші бесжылдық аясында инновациялық жобаларға басымдық берілетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті республиканың өндіріс саласына Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдерден тікелей инвестициялар тартып жатқанын, Дүниежүзілік банкпен, Азиялық банкпен, Европа қайта құру және даму банкімен келісімдер жасалғанын, бұл халықаралық серіктестердің Қазақстанға деген сенімін көрсететін атап өтті.

Мемлекет басшысы өңір басшылығына жүктелетін жауапкершілікті атай отырып, бар мүмкіндіктерді пайдалануға және қойылған міндеттерді жүзеге  асыру үшін табанды түрде жұмыс істеуге шақырды.

Кездесу барысында Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады.  

Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші кезегінің құрылыс жұмыстары аяқталғандығы баян етілді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары