Жаңалықтар

22 қараша 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында «ҚазФосфат» ЖШС күкірт қышқылы зауытында болып, Жамбыл облысының жұртшылығы өкілдерімен кездесті

Жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аралық нәтижелерін атап өтті.

 

Жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аралық нәтижелерін атап өтті.

– Индустриялық бағдарлама аясында үш жыл ішінде – 600, биыл 150 кәсіпорын іске қосылды. 250 мың жұмыс орны ашылды, бұл біздің тұрғындар санын ескергенде өте жақсы нәтиже болып саналады. Біз бұл кәсіпорындарды іске қосу үшін 2,2 трлн. теңге жұмсадық. Бүгіннің өзінде олар 2,5 трлн. теңгенің өнімдерін беруде, яғни, іс жүзінде өзін-өзі ақтады. Индустрияландыру жай ғана аясы тар мақсат емес, оның басты міндеті – Қазақстанда, Кеден одағы елдерінде және оның аумағынан тыс жерлерде сұранысқа ие болатын өнімдер шығару. Индустрияландырудың екінші «бесжылдығы» өндіретін өнімдері нарықта сұранысқа ие болатын инновациялық нысандар, жаңа кәсіпорындар құруды қарастыратын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.       

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде барлық негізгі салалық бағдарламалар әзірленгеніне тоқталды.

– Шағын және орта бизнес үшін түрлі жеңілдіктер ұсынылады. Мемлекеттің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мол қаражат бөлуге мүмкіндігі бар. Бүгінде біз шамамен жартысының пайыздық мөлшерлемесіне субсидия бөлеміз. Осының барлығын пайдалану керек. Сондай-ақ, мемлекет «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша азаматтардың жаңа мамандыққа ие болып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау және білім беру жөніндегі салалық бағдарламалар қабылданды. Республикада мектептер мен ауруханалар құрылысы жалғасуда, өйткені, бірінші кезектегі мақсат – азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жеңілдік арқылы жекеменшік тұрғын үй сатып алу үшін жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.         

Нұрсұлтан Назарбаев облыста жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтіп, әкімдіктің өңірді дамыту жөніндегі қызметіне оң бағасын берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қарқынды іске асыруды жалғастыру қажеттігіне назар аударып, зор келешегі бар ауыл шаруашылығы мәселелерімен кешенді түрде айналысуды, сондай-ақ жол бойындағы апаттарды азайтуға бағытталған алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оған қатысты көзқарасты қатайтуды тапсырды.        

Кездесуде Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен негізгі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуының барысы жөнінде баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл іске қосылған «ҚазФосфат» ЖШС күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын Германия, Чехия, Ресей Федерациясы, Жапония және Қазақстан шығаратын заманауи жабдықтармен жабдықталған, оның қуаты – жылына 600 мың тонна күкірт қышқылын өндіру. Зауытта 138 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары