Жаңалықтар

23 қазан 2008
Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясы болып өтті.

big-02.jpg

big-01.jpg

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі таңда Ассамблея мемлекетіміздегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың берік тұғырына айналғанын атап өтті.


- Біз қазір демократиялық қадамдар арқылы Ассамблеяны одан әрі нығайтуға, оның қоғамдық рөлін барынша арттыруға күш салудамыз. Ассамблея мүшелері үшін Парламент Мәжілісінен депутаттық тоғыз орынның белгіленуі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңа Заңның қабылдануы сияқты жағымды жаңалықтар осы бағыттағы жұмыстардың бастамасы деп білем. Осындай ауқымды шаралар арқылы біз әрбір отандасымыздың жүрегіне «Қазақстан» деген қасиетті ұғымды берік ұялатудамыз деп ойлаймын, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында таяудағы жылдары шешімін табуы тиіс бірқатар маңызды міндеттер тұр. Олардың қатарында ұлттық бірлік доктринасын әзірлеу, Ассамблея мен оның аумақтық құрылымдарының қызметін одан әрі күшейту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттік тілді үйренудің қажеттілігін насихаттау мәселелері аталды.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның келесі жылдан бастап ЕҚЫҰ «басқарушы үштігіне» кіруінің, ал 2010 жылы осы беделді ұйымға төрағалық етуінің маңыздылығын атап өтті. 2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етпек.


- Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жұмысқа белсенді атсалысуы тиіс. Нақ осы Ассамблея мәдениетаралық үнқатысуды қалай дамыту керектігін көрсете алады. Біздің этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәжірибеміз көптеген елдер үшін пайдалы болмақ. Оны кең-байтақ еуразиялық кеңістіктегі барлық қақтығыстан кейінгі қоғамда қолдануға болады, - деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға және нығайтуға айрықша құнды үлес қосты. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы.


- Мен әрқашан туған халқымның парасат-пайымына иек артып, даналық мінезіне сүйеніп келемін. Қазақ ұлты қай кезде де жақсылық бастамалардың қозғаушысы, этностарды топтастырушы рөлін атқарып келді және бұдан былай да атқара беретініне сенімдімін. Ендігі кезеңде біз баршамыз болып қазақстандықтардың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыру ісіне қызмет жасауымыз қажет. Сонда ғана біз мемлекет құрушы ұлт екенімізді нықтап, жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын мықты мемлекет болмақпыз, - деді Н.Назарбаев сөзінің соңында.


Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясы барысында оған қатысушылар еліміздің азаматтарына үндеу қабылдады. Құжатта еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған мемлекеттік ұлттық саясаттың негізінде, Қазақстан халқының толеранттығының арқасында Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ішінде этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің бірегей үлгісі қалыптасқаны айтылған. Ол этностардың азаматтық, рухани-мәдени ортақтығына және қазақ халқының топтастырушы рөліне негізделеді.


- Бүгін біз елдің болашағы үшін жауапкершілік барша қазақстандықтарға жүктелетінін түсіне отырып, біртұтас болуға тиіспіз. Қазір бізге қоғамдық келісім саласындағы өзіміздің жетістіктерімізді сақтап қана қоймай, сонымен бірге нығайта беру маңызды. Біз өзіміздің мәңгі құндылықтарымыз, басты ұлттық байлығымыз ретінде, барша қазақстандықтардың игілік негізі ретінде бітім мен өзара түсіністікті сақтауға тиіспіз. Елдің қуаты – халықтың бірлігінде, - делінген Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясына қатысушылардың ел азаматтарына үндеуінде.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар