Жаңалықтар

25 қыркүйек 2007
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясының отырысына қатысу аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның штаб-пәтерінде бірқатар мемлекет және халықаралық ұйымдар басшыларымен кездесті.

Жалпы отырыстың басталуына дейін Қазақстан басшысының таяуда сайланған Франция Президенті Николя Саркозимен кездесуі болып өтті. Қазақстан Президенті алуан түрлі салалардағы ынтымақтастық табысты дамып отырған Франция Қазақстанның ЕО-дағы аса маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті.


Н.Саркози екіжақты қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруге мүдделі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және екі ел арасындағы тауар айналымын екі есеге арттыру қажеттігін атап өтті. Франция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетіне қолдау білдіреді.


Мемлекет басшысы Австрияның Федералды Канцлері Альфред Гузенбауэрмен кездесуінде екіжақты қарым-қатынастарды дамыту перспективасын талқылады. Тараптар ынтымақтастықтың бүгінгі деңгейі тиісті әлеуетке сай келмейтінін атап өтті және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілікті қуаттады. Мемлекет басшылары Вена мен Алматы арасында әуе қатынастың ашылуын алғашқы қадам ретінде қанағаттанарлық сезіммен атап өтті.


Қазақстан Президенті сондай-ақ ЕО Кеңесінің Бас хатшысы, жалпы сыртқы саясат пен қауіпсіздік жөніндегі мәртебелі өкілі Хавьер Соланамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, энергетика, жаппай қырып-жою қаруын таратпау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударылды.


Хавьер Солана Қазақстанға сапармен келуге ниет білдірді, оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларына қатысты мәселелер талқыланады деп жоспарланып отыр.


Нұрсұлтан Назарбаев Босния мен Герцеговина Төралқасының төрағасы Желько Комшичпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың құқықтық базасын қалыптастыру, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


Сондай-ақ БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан басшысы осы жылғы қазан айының басында Қазақстанға сапармен келетін Италия Премьер-Министрі Романо Продимен кездесті. Кездесуде әңгіме алдағы келіссөздердің маңыздылығы туралы өрбіді. Қашаған кен орнына қатысты жәйттерді қозғаған тараптар бұл мәселеге тек бизнес тұрғысынан қарап, оған саяси астар берудің қажет еместігін атап өтті.


Нұрсұлтан Назарбаев Литва Президенті В.Адамкуспен энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Бас Хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Бұл Елбасының Пан Ги Мунмен оның осы қызметке сайланғаннан кейінгі алғашқы кездесуі.


БҰҰ Бас Хатшысымен болған әңгімеде Нұрсұлтан Назарбаев таңертеңгі БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөйлеген сөзінде баяндалған Қазақстанның бастамаларына баса назар аударды.


Пан Ги Мун біздің еліміздің жаһандық қауіпсіздікті нығайту мен мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды насихаттау саласындағы бастамаларын жоғары бағалайтынын әрі барынша қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанға сапармен келуді жоспарлағанын мәлімдеді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар