Жаңалықтар

12 мамыр 2008
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық комиссияның жоспардағы мәжілісі болып өтті.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан жұмыстарының басты бағыты болып табылады, – деді. Мемлекеттік хатшы. – Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының және Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте құқық қорғау органдарының қызметін нақты және түбегейлі жақсарту жөнінде қатаң талап қойды. Сонымен қатар Президент “Нұр Отан” партиясының алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қоғамдық қозғалыстың еліміздегі ең басты қозғаушы күші ретінде қызмет атқару міндетін көлденең тартты. Енді құқық қорғау органдары мен қоғамдық орта арасында барынша тығыз қарым-қатынас орнату және әріптестік стратегияның жедел тетіктерін орнықтыру міндеті тұр.


Комиссия төрағасы бұдан кейін осы сала бойынша ұзақ мерзімді стратегия мен нақты іс-әрекетті ұштастыра тиянақты жүргізу қажет екенін, бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жаңа кезеңге көтеріп, әрбір сыбайлас қылмысқа қатаң да өзгермес талапты орнықтырып, бұл жөніндегі жұрт пікірінің толық сенімге ұласуына негіз қалап, мемлекеттің қарапайым халықтың құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғайтындығына көздерін жеткізу керектігін атап өтті. Заң алдында барлық адамның тең құқығын қамтамасыз етуді де назарға салды. Әңгіме құқық қорғау органдарының сапалы қызметінде ғана емес, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлықпен күресті толық бақылауында ұстау болып отырғанын, бұған құқық қорғау органдарымен бірге мемлекетіміздің әрбір азаматы өз үлесін қосу арқылы да жат қылықтан арылуға болатынын жеткізді. Бұл шараға ақпарат құралдары да атсалысуды өрістете беруі тиіс.


Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оң қадамдардың барын атап өткен Мемлекеттік хатшы жақында ел Парламенті “Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы” Заңды қабылдағанын тілге тиек етіп, бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңындағы үлкен қадам болғанын назарға салды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң талабы науқандық шара емес, жалғаса беретін пәрменді іс, деген Комиссия төрағасы ендігі жерде бұған жүрдім-бардым қараған мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары тәртіпке шақырылатынын алға тартты. Тіпті ондайларды қызметтен босату жөнінде Елбасының алдына мәселе қойылатынын да жеткізді.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы жөнінде Бас прокурор Рашид Түсіпбеков, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев, Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Александр Савченко есеп берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар