Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 маусым 2008
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті.

Комиссия мәжілісін аша отырып, Қ. Саудабаев «отандық сапалы білімді дамыту мен реформалау жолында «Болашақ» президенттік стипендиясын тиімді іске асыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттағы маңызды басымдықтардың бірі екендігін» атап өтті. Бұл туралы «болашақтықтардың» «Интеллектуалды ұлт - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі тірек болу керектігіне Елбасы «Болашақ» түлектерінің жуырда өткен форумында ерекше тоқталған еді. Сонымен қатар, мемлекет Басшысы «болашақтықтардың» елдегі мемлекеттік қызметті реформалау үрдісіне белсенді қатысу қажеттілігін жуырда өткен мәслихатта тілге тиек еткен болатын.


Мемлекеттік хатшысы атап өткендей: «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесін бекіту Президенттің тапсырмаларын орындау жөніндегі біздің бірлескен жұмыстарымыздың нәтижесі болып табылады». Бұдан былай ауылдық елді мекендердің тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен ғылыми және педагог қызметкерлер үшін мақсатты квота көзделіп отыр. Бұл - ауылдық мектептердің үздік түлектерінің, мемлекеттік қызметте, ғылыми және педагогика қызметінде өзін жақсы жағынан көрсеткен адамдардың сапалы шетелдік білімге қол жетімділігі болады деген сөз. Осылайша, «Болашақ» стипендиясын тағайындауға кандидаттарды іріктеу өлшемдерін арттырумен қатар көрсетілген жаңа енгізулер осы бағдарлама қатысушыларының әлеуметтік базасын кеңейтуге бағытталып отыр. Комиссия мен Білім және ғылым министрлігінің міндеті – квоталардың неғұрлым тиісті кандидаттармен толықтай толығуын қамтамасыз ету. Жоғарыда аталғандар президенттік «Болашақ» стипендиясының таңдаулылардың артықшылығы емес, үздік оқып, елі үшін еңбек етіп жатқан адамдар үшін шетелде сапалы білім алудың нақты мүмкіншілігі болып табылады».


Жоғарыда аталған Ережеге сәйкес, конкурсқа қатысу үшін негізінде мынадай санаттағы тұлғалар үшін қосымша мақсатты квоталар бөлу көзделген:


- ауылдық елдi мекендерде орналасқан білім беру ұйымдарында кемінде 9 жыл оқыған арнаулы жоғары білім, бакалавр дәрежесін алуға үміткерлер;


- конкурсқа қатысу сәтінде соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметте үзіліссіз жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметкер болып табылатын магистр дәрежесін алуға, клиникалық ординатурада оқуға үміткерлер;


- конкурсқа қатысу сәтінде мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының, мемлекеттік білім беру ұйымдарында соңғы 3 жылда ғылыми немесе педагогикалық жұмыс өтілі бар ғылыми немесе педагог қызметкерлер болып табылатын магистр дәрежесін алуға, клиникалық ординатурада оқуға үміткерлер;


- конкурсқа қатысу сәтінде мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және жоғары білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлері болып табылатын, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырған сәттегі соңғы жылды қоса алғанда, көрсетілген мекемелерде ғылыми қызметкер ретінде кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлер.


Сонымен қатар, үміткерлердің мемлекеттік тілді білуі конкурс талаптарының бірі болып енгізілген.


Осы комиссия мәжілісінің қарауына 149 үміткердің жеке ісі шығарылды. Оның ішіндегі алтауы конкурстық іріктеуге шетелдік жоғары оқу орнына өз бетімен түскендер ретінде, ал 143 үміткер іріктеуге жалпы конкурс негізінде қатысып отыр. Олардың ішінен 51 үміткер магистратура бағдарламасымен оқуға өтініш берсе, 98 үміткер бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға өтініш берген.


Үміткерлердің көпшілігі оқуға құжаттарын АҚШ (55 адам), Ұлыбритания (45 адам), Ресей (14 адам) мемлекеттерінің білім ордаларында оқу үшін тапсырған. Үміткерлердің негізгі бөлігі келесі мамандықтар бойынша оқуға ниет білдірген: «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер» (31 адам), «Экономика» (18 адам), «Телекоммуникация» (12 адам), «Өнеркәсіп саласындағы инженерлік ғылымдар» (11 адам). 12 адам медициналық мамандықтар бойынша оқуға конкурстық іріктеуден өткен.


Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия мәжілісінің қорытындысында хаттамалық шешім қабылданды.



Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар