Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 қараша 2009
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың төрағалығымен еліміздің қаржы секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.
08_big-16.11

Кеңес жұмысына Премьер-Министр К. Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Мусин, Ұлттық Банктің төрағасы Г. Марченко, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Ә. Арыстанов, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы Е. Бахмутова, Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы С. Аханов, екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты.

Кеңес барысында еліміздің қаржы жүйесін одан әрі дамыту мәселесі, сондай-ақ Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы секторының даму тұжырымдамасы талқыланды.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың 9 айдағы қаржы саласындағы қызметінің қорытындыларын шығарып, осы мерзім аралығында көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті:

– Біз инфляцияны тежей алдық және оның тиісінше жылдық деңгейінің төмендеуі 5,8 пайызға дейін жетті. Төлем баланстары бойынша елімізде сауда балансы артты және капиталдың ағыны ұлғайды. Банкілік секторда депозиттік база айтарлықтай 34 пайызға өскенін, соның ішінде халықтың салымы өсіп, жылдың басынан бері 23 пайызды құрағанын атап өтуге болады.

Кеңесте сондай-ақ Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы секторының даму тұжырымдамасы талқыланды. Аталған тұжырымдама тиімді, бәсекеге қабілетті қаржылық жүйені, экономиканың әртүрлі секторының талаптарын және халықтың қаржы қызметін кең көлемде қанағаттандыруға мүмкіндіктер береді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа қаржылық архитектура проблемаларды жүйелі шешуді қамтамасыз ететін және мүмкін боларлық қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің алдын алу шараларына байланысты барлық тәсілге бейім болуы тиіс.

Қаржы секторының жаңа тұжырымдамасының аясында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуші және макропруденциалдық реттеуді жүзеге асырушы орталық орган ретінде Ұлттық Банктің рөлін күшейту көзделінген.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ұлттық Банкке нақты рынктар мен қаржылық активтерде туындаған, жинақталып қалған дисбалантың алдын алу және бұрынғсын табудың оңтайлы тетіктерін қарастыруды, сондай-ақ экономиканың қаржы секторының тәуекелді жүйесін азайтуды тапсырды.

Тұжырымдама дағдарыстан кейінгі кезеңді қалай қаржыландыру жөніндегі мәселеге нақты жауап табуы керек, деп атап өтті еліміздің Президенті.

– Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі міндет экономиканың басым секторларын жеткілікті ресурстармен қамтамасыз ететін қаржылық жүйенің бағытын айқындауы тиіс. Бұл индустриалдық-инновациялық сектор, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым. Мемлекет жекеменшік капиталдың ағынын еліміздің ішінде де, аталған сала бойынша шетелде де ынталандыру үшін барлық жағдайды жасауы тиіс. Мейлінше тиімділікке жетудің барлық механизмдері пайдалануы керек. Мысалы, мемлекет тарапынан салынған 1 теңге қаражат арқылы 5-6 теңге жекеменшік инвестиция тартылуы керек. Осыған байланысты Үкіметке мемлекетпен тәуекелділікті бөлу жолымен, тиісті ынталандыруды қарастыру арқылы экономиканың басым секторына қосымша жекеменшік инвестиция тарту механизмдерін әзірлеуді тапсырамын,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жалпы алғанда, Президент Н. Назарбаев дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы секторының даму тұжырымдамасын мақұлдады.

– Ағымдағы қиындықты біз келешекте табысты дамуымыз үшін баға жеткізгісіз тәжірибе ретінде пайдаланатынымызға сенемін. Қазір көптеген қаржылық институттар осы жағдайдан сабақ алуда. Мен нақ осы жағдайда күштілер және анағұрлым бәсекеге қабілеттілер өзін-өзі көрсете алады деп білемін,- деп Мемлекет басшысы кеңесті қорытындылады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар