Жаңалықтар

4 тамыз 2010
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың құқын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.
совещание по правам граждан_4.08

Кеңес жұмысына Премьер-министр К. Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев, Президент Әкімшілігінің басшысы А. Мусин, Бас прокурор Қ. Мәми, Жоғарғы Сот  төрағасы М. Әлімбеков, ішкі істер министрі С. Баймағанбетов, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қ. Қожамжаров және құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Кеңес барысында өз қаражатын үлестік құрлысқа салған азаматтардың проблемаларын шешуге, қылмыспен күрестің ахуалына, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметтегі азаматтардың құқын қорғауға байланысты мәселелер жөнінде сөз қозғалды.

 Елбасы үлескерлердің құқын қорғау бойынша мемлекет жеткілікті шаралар қабылдап отырғанын айтты. Үлестік құрылысты қолдауға бюджеттен 518,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінге дейін 353 тұрғын үй кешені салынып, 45 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешімін тапты.

– Біз көптеген елдер секілді бұл проблемадан сырт қалуымызға да болар еді, бірақ біз өз азаматтарымызға қолдау көрсетпей тұра алмадық және бұл мәселені шешуге қаражат таптық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының жауапсыз құрылыс компаниялары активтерін іздестіру, талап ету және қайтару, сондай-ақ олардың үлескерлер мен мемлекетке келтірген залалын мәжбүрлеп өтету бойынша жұмысты күшейту керек екенін қадап айтты. Соның ішінде, соттар үлескерлердің құрылыс ұйымдарының үстінен берген өтініштерін жылдам әрі әділ қарауды қамтамасыз етуге, үлескерлердің орынды талаптарын қанағаттандыруға барлық заңды амалдарды қолдануға тиіс.

Мемлекет басшысы  бұл мәселелерді заңнамалық деңгейде де, іс жүзінде де сапалы түрде талқылау қажет екенін атап өтті. Үлескерлердің құқын қорғау мәселесінде Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына жауапсыз құрылыс компаниялары жымқырған мүліктерді, соның ішінде шет ел асып кеткендерін іздестірудің және олардың қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырып алуына жол бермеу әрекеттерінің тиімділігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік органдармен бірлесіп үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамаларды жетілдіру, оның ішінде жауапсыз құрылыс компанияларынан ақшалай қаражатты, басқа да мүліктерді өндіріп алуға байланысты сот шешімдерінің тиімді әрі толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданып, бөлінген қаржыны қайтару тетігін жасауды тапсырды.

Елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстың қорытындысы бойынша, ілгерлеушіліктер байқалады. Аса ауыр және ауыр қылмыстар саны төмендеген, жасөспірімдер арасындағы және экономикалық қылмыстар азайған. Қылмыстың ашылуы артқан.

Президент Үкіметке құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, маскүнемдікпен күрес, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар санының өсуін тежеу, қылмыстық істерді тергеу кезіндегі кемшіліктерді жою, заңды тұлғалар мен азаматтардың арыздарын құқық қорғау органдарының кешіктірмей және сапалы қарауын жолға қою мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кеңеске қатысушылардың назарын жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне, көп адамдар құрбан болған жол-көлік оқиғаларына аударды және жуықта Жамбыл облысында 21 адамның өмірін қиған ауыр көлік апаты орын алғанын еске салды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына қылмыспен күресті, азаматтардың конституциялық құқын қорғауды  күшейту бойынша маңызы жоғары шаралар қабылдауға тапсырма берді. Атап айтқанда, Бас прокуратура құқық қорғау органдарын қадағалауды күшейтуге, олардың қызметін үйлестіру деңгейін жақсартуға, қылмысты тергеу мен ашу, қылмыстық істерді соттарда қарау және жазаны бас бостандығынан айыру орындарында  өтеу кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Ішкі істер министрлігіне пайдакүнемдік, күш көрсету қылмыстарының жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуды күшейту; жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жақсартуға қосымша шаралар қабылдау; заңсыз есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, оның ішінде есірткі заттарын қолдануды жасыру және олардың білім беру ұйымдары мен ойын-сауық орындарында таратылуы деректерін анықтау және жою; тұрғындардың нашақорлыққа барынша тез тартылуы мүмкін тобын нақтылап, сақтандыруды күшейту қатарлы бағыттар бойынша шаралар кешенін қабылдау жүктелді.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жалған кәсіпкерлік пен жалған банкроттыққа қарсы күресті күшейту, банк саласындағы қылмыстың жолын кесу, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыруға және шетелге кеткен қаражаттың қайтпай қалуына қарсы күресті күшейту; сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыс салдарынан келген залалды барынша толық өтету бойынша қосымша шаралар қабылдауға тиіс.

Қаржы министрлігі Кедендік одақтың сыртқы кедендік шекарасына бақылауды күшейтуі; халық тұтынатын тауарлар контрабандасын, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз тасымалын анықтап, жолын кесу бойынша шаралар жасау және жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс болды.

Әділет министрлігіне түзету мекемелерінде тәртіп орнатуға жеткілікті түрде шара қолданып, бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды бақылауда ұстауды жақсарту қажет.

Сот саласы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірнеше бағыттағы жұмысты күшейтуге тиіс. Соттар өз қызметінде Конституция мен заңдардың қалқысыз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Іс әділ қаралумен ғана шектелмеуге тиіс, сонымен қатар жедел болуы қажет. Сотқа шағымданған кез-келген адам өз талабының әділ ғана емес жедел шешілгенін де қалайды. Судьялар жұмысында жіберілген қателіктерге де, өзінің жеке әрекеттеріне де ең қатаң жауапкершілікпен қарауы керек.

– Судьяның бір ғана лайықсыз қылығы қоғамның сотқа деген сенімін төмендетіп, сот жүйесінде қол жеткізілген бүкіл жетістіктерді желге ұшыруы мүмкін, – деп ескертті Елбасы.

Соттарда қабылданған шешімдер нақтылы орындалуға тиіс. Азамат немесе ұйым үшін соттың әділ шешім шығаруы – түпкілікті мақсат емес. Олар үшін ең бастысы – бұзылған құқының қалпына келгені. Сондықтан сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылған болуға тиіс. Сот тұрғындар үшін барынша ашық және жария болуы керек.

– Жалпы алғанда, сіздердің алдарыңызда тұрған міндеттер қолжетімді және құқық қорғау органдарында бұған қажетті әлеует бар. Қойылған міндеттерді сіздердің атқарып шыға алатындарыңызға сенемін, алайда, құқық қорғау құрылымдарының жетекшілері қажетті қорытынды шығаруы және тиімді әрі нақты шаралар қабылдауы қажет, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпкерлік қызметтегі азаматтардың құқын қамтамасыз ету саласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «www.akorda.kz» ресми сайтында ашылған «Президенттің бизнесті қорғауы» атты арнайы бөлімнің маңызды рөлі аталып өтілді. Өткен бес айға жуық мерзімнің ішінде сайтқа кәсіпкерлерден 800 хат түскен. Олардың 247-сі қадағалау-бақылау және құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкер құқы мен мүддесінің бұзылуына қатысты шағымдар.

– Мен қашан да шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мәселелеріне, оның дамуына тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді жоюға айрықша назар аударып келемін, аудара бермін де. Менің тапсырмам бойынша сайттағы шағымдар Президент Әкімшілігінің қатаң бақылауына алынды және  қабылданған тәртіпке сай тиісті органдар қарап жатыр. Біз кәсіпкерлікті қолдауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарудамыз,  – деді Нұрсұлтан Назараев.

Президент құрылған сайттың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы азаматтардың құқын қорғаудың тағы бір маңызды тетігі болып табылатынын атап өтті, сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың қорытындысына сараптама жасау керектігін айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар