Жаңалықтар

31 наурыз 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты қабылдады.

Министр Президентті министрліктің 2007 жылы атқарған жұмысының негізгі қорытындылары жөнінде хабардар етті және ағымдағы жылғы міндеттері туралы әңгімеледі.


Бүгінгі таңда Қазақстан сауаттылық деңгейі бойынша әлемдегі 177 елдің ішінен 14 орында, республикада 4,5 миллион адам білім алуда. Білім және ғылым жүйесі мемлекет халқының 30 пайызын қамтиды.


- Соңғы 10 жылда білімді қаржыландыру 7 есеге артты. Тек биылғы жылдың өзінде бұл саланы қаржыландыру 10 миллиард теңгеге көбейді, - деді Ж.Түймебаев журналистерге арналған брифингте.


2007 жылы балалар бақшасының саны 226-ға артты, бұл көрсеткіш 2000-2006 жылдар кезеңіндегі мектепке дейінгі мекемелердің сандық өсіміне сәйкес келеді.


Ж.Түймебаев Мемлекет басшысына орта білім беру жүйесінің ахуалы жөнінде әңгімеледі. Есеп беру кезеңінде Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның 1600 мектебі интерактивтік тақтамен қамтамасыз етілген, ағымдағы жылы тағы мың мектеп интерактивтік тақтамен және бағдарламамен қамтылатын болады.


Кәсіби-техникалық білім беруде айтарлықтай ілгерілеулер бар. 2007 жылы 21 кәсіби оқу орыны құрылды, тағы 45 кәсіби лицейдің құрылысына 56 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.


- Жоғары білім берудің сапасына қатысты айтатын болсақ, біз шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыта түсеміз, екі дипломдық білім беру тәжірибесі жалғасатын болады. Өткен жылы Еуразия ұлттық университеті Нью-Мексико университетімен бірлесіп магистранттарды даярлады. Мұндай тәжірибе басқа да жоғары оқу орындарында жалғасын табады, - деп атап өтті Ж.Түймебаев.


Бүкіләлемдік банкпен бірлесе отырып, «Технологияларды коммерциялау» жобасы басталды, аталған жобаның арқасында ғылымның өндіріспен байланысы күшейіп, қазақстандық ғалымдардың еңбектері шетелдік деңгейге шығатын болады. Сонымен қатар, ғылыми бағдарламаларға бірыңғай әкімшілікті бекітетін, жоғары рейтингі үшін жалақысына коэффициент қосу арқылы ғылыми қызметкердің мәртебесін көтеретін «Ғылым туралы» жаңа Заң әзірленеді. Жеке сектор ғылымды қаржыландыруға салықтық жеңілдіктер енгізу арқылы тартылатын болады.


Министр сондай-ақ министрліктің биылғы жылғы жұмысының негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Алдағы уақытта балалар бақшасы жүйесін кеңейту, талантты балалар үшін Тұңғыш Президенттің 20 мектебін, оның ішінде екі мектепті Астанадан ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірлердегі 15 гуманитарлық колледж техникалық колледжге айналатын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар