Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

7 мамыр 2010
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ соғыс және еңбек ардагерлеріне, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.
03

Рәсімді аша отырып, Президент қазақстандықтар Отанымызды гитлерлік басқыншылардан қорғап қалғандарға, бейбіт уақытта еліміздің тыныштығын күзетіп тұрғандарға құрмет көрсететінін атап өтті. Қазақстандықтар Жеңіске қол жеткізуге зор үлестерін қосты. 500-ден астам жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Біздің халқымыздың Талғат Бигельдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды және өзге де ұл-қыздарының ерліктері ұрпақтар жүрегінде мәңгілік сақталады.
- Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс бізге орны толмас қайғы-қасіретпен, адамдарымыздың өмірін қиған жанкештілігімен келді. Біз оларды қастерлеп еске алатын боламыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент 1945 жылы кеңес әскерлері антигитлерлік коалициямен бірлесе отырып, бүкіл жер шарының тағдырын шешіп, екінші дүние жүзілік соғыстың қара беттерін жапқанын атап өтті. Барлық сұрапыл шайқастарда – Брест қорғанында, Мәскеу және Ленинград, Сталинград және Курс қорғанысында, Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Прибалтика, Шығыс және Орталық Еуропа аумақтарын азат етуде, Берлиндегі рейхстагқа Жеңіс туын қадау үшін болған ұрыстарда біздің жерлестеріміз-қазақстандықтар жанқиярлықпен күресті.
Мемлекет басшысы Жеңіске жету ісіне Тыл еңбеккерлері өз үлестерін қосқанын атап өтті. Жеңісті жақындатудағы үлкен-кішілі барлық іске – колхозшылар, жұмысшылар, қызметшілер, резервистер, әйелдер, қарттар мен балалар атсалысты. Жауға атылған он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалған еді.
- Сіздердің барлықтарыңыз - ардагерлер, майдангерлер, тыл еңбеккерлері, партизан қозғалысына қатысушылар, сондай-ақ, қудалаулар мен жер аударулардың ауыртпалығын көтере білгендер, соғыстан кейін елімізді өркендетуге үлестерін қосқандардың барлығы қашанда құрметке лайық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент қазіргі уақытта өткен соғысқа «баламалы тарих» деген атау пайда болып, фактілер мен оқиғалардың мәні төмендетіліп, фашизм мен оның идеологтарының қауіп-қатері жасанды түрде жоққа шығарылуда екеніне тоқталды.
- Ұлы Жеңіс Азаттық пен Теңдік, Ар мен Намыс, Бейбітшілік пен Бақыт тәрізді мұндай базалық құндылықтардың жаңа түсініктеріне, келешекке деген үміттерді оятты. Бұл барлық халықтар үшін осындай қайтымсыз құндылыққа ұмтылыс әкелді. Ал ең бастысы, әділдіктің, күш-жігерлеріңіздің, ақыл-парасаттарыңыздың пайда болуы дер едім, - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жоғары награда соғыс жылдарында әкелеріміз бен аталарымыз қорғап қалған құндылықтар мен идеалдар рухында тәрбиеленген жеңімпаздардың лайықты буынына тапсырылып отырғанын атап өтті.
Президент соғыс және еңбек ардагерлеріне, еліміздің Қарулы Күштері мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне наградалар тапсырды.
Президенттің Жарлығымен барлығы 356 адам мемлекеттік наградаға ие болды. II дәрежелі «Даңқ» орденімен 1 адам, II дәрежелі «Айбын» орденімен -12 (үшеуі қайтыс болғаннан кейін), III дәрежелі «Айбын» орденімен – 3 (үшеуі қайтыс болғаннан кейін), II дәрежелі «Достық» орденімен - 1, «Құрмет» орденімен – 100, «Ерлігі үшін» медалімен – 10, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 10, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – 85, «Шапағат» медалімен – 2, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен – 143 адам марапатталды.
Рәсімді аяқтай келе, Нұрсұлтан Назарбаев марапатталғандарды құттықтап, оларға бақыт денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар