Жаңалықтар

7 ақпан 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, онда Қазақстан халқына Жолдауды іс жүзіне асырудың жай-жапсарлары талқыланды.

Ұлттық банк басқармасының төрағасы Әнуар Сәйденовпен кездесу барысында Президент Жолдауын жүзеге асыруда Ұлттық банк пен еліміздің қаржы жүйесі алдында тұрған міндеттер талқыланды.


– Ұлттық банктің негізгі міндеттері – бағаны бақылау және инфляциямен күрес. Біз жыл соңында инфляция көрсеткіші 10 пайыздан аспайды деген бағдар ұстанып отырмыз. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен қызметі осы мақсатқа жетуге жәрдемдеседі ғой деп ойлаймын, – деді журналистерге арналған брифингте Ұлттық банк басқармасының төрағасы.


Ә.Сәйденов Ұлттық банктің өткен жылы айналымға ақшаның көп көлемде түсуіне жол бермегенін, сондықтан бағаға ол тараптан қысым болмайтынын атады.


Кездесу кезінде қаржы тұрақтылығын сақтау, халықаралық қаржы рыноктарындағы жағдайдың теріс ықпалын болдырмау жайы да талқыланды.


Мемлекет басшысы ерте ескерту жүйесін жасау міндетін қойды. Қазіргі кезде бұл жұмыспен ҚБА Халықаралық валюта қорымен бірлесіп айналысуда. Мұндай индикаторларды жасауда ең озық әлемдік тәжірибе пайдаланылатын болады. Осыған байланысты дамыған елдердегі қаржы рыноктарының жағдайына мониторингті жүзеге асыру, алғашқы алдын алу шараларын жүргізу маңызды.


– Сондай-ақ қазақстандық банктердің жұмысы, олардың осы жылғы сыртқы міндеттемелері талқыланды. Бұл сан айтарлықтай үлкен, бірақ біз банктер қолда бар ресурстарды қоса алғанда, бұл міндеттемелер үдесінен шығады ғой деп есептейміз. Дефолттарға жол берілмейді, – деп атап көрсетті Ә.Сәйденов.


“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ президенті Жақсыбек Құлекеев Мемлекет басшысын үстіміздегі жылы компания Көлік және коммуникациялар министрлігімен бірлесе отырып, бірнеше жаңа темір жол құрылысын бастайтынынан хабардар етті.


Үстіміздегі жылы локомотив құрастыру зауытының құрылысы басталады. Ол 2009 жылдың өзінде-ақ тұңғыш қазақстандық локомотивті пайдалануға беріп үлгереді. Компания сондай-ақ жүк вагондарын жинау жөніндегі өндірісті жолға қою ниетінде.


– Теміржолшылардың көпмыңдық ұжымы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер үдесінен шығуға қабілетті. Біз компанияның 5 жылдық даму жоспарын жасадық. Оған сәйкес, инвестициялық қызметке шамамен 890 миллиард теңге жұмсау көзделіп отыр. Бұл қаржының белгілі бір бөлігін өзіміз табатын боламыз. 200 миллиард теңге шамасындағы ақша қарызға алынады. Осылайша, таяудағы жылдарда компания темір жол саласын дамытуға доллар эквивалентінде шамамен 8 миллиард доллар инвестиция салмақшы, – деп атап көрсетті Ж.Құлекеев.


Қазіргі кезде ұлттық компания жұмысының келесі бір басым бағыты корпоративтік басқарудың жаңа элементтерін енгізу болып табылады. Қазірдің өзінде “Қазақстан темір жолының” еншілес құрылымдарына енгізіле бастаған корпоративтік кодекс жасалған.


Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұловпен кездесу кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауды жүзеге асыру жөнінде заң шығарушылық қызметтің нақты механизмдерін жасау қажеттігін нұсқады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар