Жаңалықтар

4 сәуір 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Парламенті депутаттарынан, Франция, Испания, Бельгия ұлттық парламенттері депутаттарынан және Италияның бұрынғы депутаты, сонымен қатар, Америка Құрама Штаттары өкілдерінен тұратын тәуелсіз халықаралық байқаушыларды қабылдады.
03

Кездесуді аша келіп Нұрсұлтан Назарбаев меймандарды кезектен тыс президенттік сайлауға халықаралық бай­қау­шы ретінде келгендерге өзінің ризашылығын білдірді.

– Сайлау – бұл сынақ. Атқарылған жұмыстарға баға беру. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың соңында менің өкілеттігімді 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу бойынша бастама көтерілді. Бес жарым миллионнан астам адамның қолы жиналды. Хал­қымыздың осындай шынайы мүд­делілігі мен ерік-жігерін есепке ала келгенде, сондай-ақ демократиялық құндылықтарға сенімділік тұрғысынан келгенде мен кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдадым, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Еуропа Парламентінің депутаты, Еуропа Парламентінің Орталық Азия және Моңғолия бойынша делегациясы басшысының орынбасары Альфред Рубикс сайлау барысын жоғары бағалады.

– Сіздердің елдеріңіз Президентінің саясатын жастардың жоғары деңгейде қолдайтынын көріп, үлкен ризашы­лыққа бөлендім. Қазақстан халқы өзі­нің көшбасшысы үшін дауыс беретіндерін атап көрсетті, – деді А.Рубикс журналистерге арналған брифингте.

Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Лорд Уэйверли сайлаудың халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін атап көрсетті.

– Тұтастай алғанда, мен мынаны атап көрсетер едім, Қазақстан – Ор­талық Азиядағы мойындалған көшбас­шы. Ол өз Тәуелсіздігінің 20 жылында үлкен биіктерді бағындырды, – деді Лорд Уэйверли.

– Мен бұған дейін де Қазақстанда бірнеше мәрте болдым және елде үлкен өзгерістер болып жатқанын анық аң­ғарып отырмын. Қазақстанның өте ма­ңызды шара – ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аса жоғары деңгейде өтті. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі де жыл өткен сайын жоғарылай түсуде. Біз Қазақстанның өз жұмысын осы бағытта жалғастырғанын қалаймыз, – деп атап көрсетті Франция Парламентінің сенаторы Эймери де Монтескью.

Испания Парламенті Сенатының Вице-спикері Хуан Хосе Лукас Хименес президенттік сайлауға жұртшы­лық­тың көптеп келгенін, әсіресе, жас­тар­дың қатары мол болғанын жоғары бағалады.

– Біз байқаушылар үдерісін келесі жылы да ризашылық сезімімен өт­керетін боламыз. Себебі, мұның өзі Қазақстанда демократиялық қағидаттар мен көп­пар­тиялылықтың бұдан арғы да жақсы үдерістері жалғасын табатынына сенімдіміз, – деп атап айтты Х.Лукас Хименес.

– Президенттік сайлаудың өте жақ­сы деңгейде өткеніне ешқандай күмә­нім жоқ. Ең бастысы, сайлау үдерістері Қазақстан халқының көңіл-күй ауаны мен ерік-жігерін айғақтайды. Біз 65 сайлау учаскесінде болып, жүздеген сайлаушылармен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, 9 саяси партия өкілімен кездестік. Және де олардың барлығы сайлауды Қазақстанның болашағымен тікелей байланыстырды, – деді Инвестициялар және салықтар бойынша ха­лықаралық орталықтың президенті Даниел Алан Витт.

«Джеймстаун» қорының аға сарап­шысы Владимир Сокор Қазақстанның демократияны эволюциялық жолмен да­мы­тудың табысты үлгісін көрсет­ке­нін атап өтті. Бұған елдегі тұрақтылық пен мықты президенттік билік оң ық­пал ете алып отыр.

– Біз Президент Назарбаевтың қайта сайлануын сіздердің мемлекеттері­ңіз­дің және сіздердің халықтарыңыздың үлкен табысы ретінде бағалаймыз, – деп мәлімдеді В.Сокор.

Халықаралық байқаушылар Мемлекет басшысына жемісті кездесу үшін ризашылықтарын білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар