Жаңалықтар

4 сәуір 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

- Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Баршаңыз білесіздер, кеше Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Оның алдын ала нәтижесі белгілі. Қазақстан сайлаушыларының 90 процентке жақыны сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың 95 процентке таяуы мені қолдап дауыс берді. Ел қалаған сайлау осылайша мәресіне жетті. Қазақстан тағы да төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды деуге болады. Ашық әрі әділ өткен сайлауға жоғары баға беріліп жатыр. Барлығы сіздерге мәлім.

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мен сіздерге қызығушылық танытқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер біздің елімізде биылғы жылдың басында болып өткен оқиғалар туралы жақсы білесіздер. Кеше Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлау үдерісі аяқталды. Тарих мәселесін сіздер жақсы білесіздер. Бүгін сайлаудың алдын ала қорытындылары белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға біздің электораттың шамамен 90 пайызы қатысқанын және олардың 90 пайыздан астамы мені қолдап дауыс бергенін мәлім етті. Бұл үшін мен Қазақстан бойынша барлық менің жақтастарыма, Қазақстан халқына өз алғысымды айтамын. Олар біздің Тәуелсіздігіміздің осы 20 жылы ішінде мен жүргізіп келе жатқан бағытқа тағы да қолдау көрсетті. Көзқарас тұрғысынан алғанда, олар ішкі дамуды, мемлекет құрылысын, нарықтық экономика құрылысы мен бізді қоршаған және өзге мемлекеттермен жүргізілген көпвекторлы саясатты қолдады. Қазақстан жағымды нәтижелермен аяқталған, біздің еліміздің ЕҚЫҰ-на төрағалығы мен Астана саммитінің өткізілуіне көрсетілген сенімді ақтады. Енді сіздердің сауалдарыңызға жауап беруге әзірмін.

Эккард Сэйгер, «CNBC World Business Report»:

- Құрметті Президент мырза, ең алдымен, Сізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Ал­ды­мыздағы бес жылда қан­дай басымдықтарды ұстана­сыз? Қазақстан­ның келешек дамуындағы негізгі элементтер қандай болмақ?

– Бұл жақсы сауал. Президенттік мандат адамға мемлекеттің алдын­да тұрған міндеттерін анық­тау үшін беріледі. Біз­дің елдің дамуындағы эко­но­микалық міндеттерге келетін болсақ, олар анықта­лып, біз 2015 және 2020 жылға дейін орын­да­латын индустриялық-инновация­лық бағдарламаны іске асы­руды қолға алдық. Өзімнің жыл сай­ынғы Жолдауымда мен биыл елді әлеуметтік жаң­ғырту мәселесін алға қойдым. Онда мен азамат­та­рымызды оқытып, маман­дық алу арқылы жұмыспен қамтуды, сон­дай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету проб­лемаларын шешу қа­жет­тігін атап көрсеттім. Бұл бағыттар халық­тың толық қол­дауына ие бол­ды. Өйткені біз білім беру және денсаулық саласына үлкен мән беріп отырмыз. Мәселенің бұл жағы түсінікті. Ал саясат туралы ай­татын болсақ, біз алдағы уа­қытта да ұс­танған бағдары­мыздан ай­ны­майтын бола­мыз. Бола­шақ­та да Ресей Фе­де­рациясымен, Қы­­тай Халық Рес­публикасымен тығыз ын­тымақ­тас­тықты жалғастыра беретін бо­ламыз, Еуроодақ пен Америка Құрама Штат­тары біздің үлкен әріптес­теріміз болып қала береді. Ал аймақтағы басқа елдермен интеграциялық процестер шең­бе­ріндегі ынтымақтастықтарды жал­­ғастыра беретін боламыз. Елді саяси жаңаландыру бағытын біз одан әрі жалғастырамыз. Заң­ның үстемдігін сот жүйесін тәуел­сіздендіре түсу арқылы нығайта беретін боламыз. Біздің мемлекетіміз алып территориялы, уни­тар­лы ел болса да біз билікті ор­талықсыздандыру бағытын одан әрі жүргіземіз. Келесі сайлаудан бастап біздің Парламентіміз Конс­­титуциямыздың талабына сәйкес көппартиялы болады. БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігіне барлық басқа да дамыған елдердегі сияқты ешқандай шек қой­ыл­майды, бұл істе біз өзіміздің батыстық әріптестеріміз бен достарымыздың ұсыныстарын үнемі ескеріп, олармен кеңесіп отыратын боламыз. Сайлау процесі кезінде ұйымдасқан «Қа­зақстан-2020» демократиялық коа­лициясы» ала­ңында біз оп­позициялық партиялар және қо­ғамдық қозғалыс­тармен елімізді экономикалық және саяси тұр­ғыдан одан әрі дамытудың проб­лемаларын тал­қы­лау жөніндегі диалогтарды жал­ғастыруға дай­ын­быз.

Свет­лана Тумакова, «ИТАР-ТАСС» ресейлік агенттігі:

- Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен, «ИТАР-ТАСС» агенттігі және бас директор Виталий Игнатенконың атынан Сізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтауға рұқсат етіңіңіз. Менің сауалым, Сіз сайлау додасында жеңілген қарсылас­та­рыңызға не айтар едіңіз?

- Мен бүгін оларға сайлау до­дасына қатысқандары үшін ризашылығымды білдірдім. Мен бастапқы кезден сайлау үдерістері бойынша белсенді жұмыс жүргізбейтінімді мәлімдедім. Мен күнделікті қызметімде атқаруға тиісті істермен шұғылдандым. Сондықтан опоненттерге, өзге кандидаттарға толық мүмкіндіктер туғыздым. Өздеріңіз көрдіңіздер, олар біздің еліміздің барлық өңірі, ауылдар мен қалалар бойынша еркін аралау мүмкіндігіне ие болды. БАҚ-тарда барлық кандидаттар үшін теңдей мүмкідіктер жасалды. Мен сайлау науқаны барысын қадағалап отырдым. Біріншіден, олар өте маңызды, қызықты ұсыныстар айтты. Олар біздің көптеген азаматтарымызбен кездесті, оларды тыңдады. Алдағы уақытта олар қарсы болмаса, біз өзара ын­ты­мақтаса отырып, құн­ды ұсыныс­тарды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Бірақ нәтижесі сіздерге белгілі. Өкінішке орай, өзге оп­позициялық партиялар президенттік сайлау­ға қатыс­пады. Әрине, бұл әр пар­тияның өзінің қалауы, бірақ біз өз тарапымыздан оларды сай­лау­ға қатысуға шақырдық.

Жақсыбай Самұрат, «Егемен Қазақстан»:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді еліміздегі бас басылым “Егемен Қазақстанның” атынан және оның екі жүз мыңдай оқырманы атынан сайлаудағы үлкен жеңісіңізбен құттықтаймыз. Жеңіс жеңіске жалғаса берсін! Менің сұрағым мынадай: Сіз келешектегі кемел Қазақстанды көзге қалай елестетесіз? Халықтың әл-ауқаты қай деңгейде болады?

- Қазақстанның кемел болашағы 2030 жылға дейінгі  даму Стратегиясында айқын көрсетілген. Менің осы жылдар ішіндегі атқарған барлық қызметім – пешенеме жазылған жаңа Қазақстан мемлекетін құру, оның терезесін өркениетті елдермен тең ету, экономикасын түзеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалғанын өздеріңіз білесіздер.

Сондықтан алдағы жылдарға ұсынып отырған бағдарламамызды орындау барысында халықтың әл-ауқаты бұдан да арта түседі деп ойлаймыз.

Мысалы, ауылдағы кәсіп істеймін деген ағайынға біз шағын несиелер ұсынамыз. Ал ауылда жұмысы жоқ отырған адамдарды мемлекеттің есебінен оқытып, мамандық беріп, жұмысқа орналастыратын боламыз. Ауылдардағы таза ауыз су мәселесін жүйелі шешіп, тұрғын үй құрылысын қайта жандандырып, бұрынғы деңгейге алып келу көзделуде. Осылайша қарапайым халық, әсіресе жастар қиындықсыз баспаналы бола алатындай жағдай жасауды қарастырудамыз.

Сонымен қатар, әрбір қазақстандық отбасының балаларына жақсы балабақшаға баруға, жақсы мектепте оқуға, жайлы ауруханада емделуге жағдай жасайтын боламыз. Осының барлығы бізге халқымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемнің көптеген елінде, өздеріңіз көріп отырсыздар, оқ атылып, қан төгіліп жатыр. Ал біз айнымас ауызбірлік көрсетіп отырмыз. Жалпы, сайлау барысында көптеген мемлекеттерде халық жік-жікке бөлінеді, ал біз керісінше ұйыса түстік, бірлік-берекенің өнегелі үлгісін көрсеттік. Дағдарыс дендеген елдер жұмыс орындарын қысқартып жатыр, ал біз мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Зауыт-фабрикалары жұмысын тоқтатып жатқандар бар, ал біз жаңа зауыт-фабрикалар салып жатырмыз. Бір елдер зейнетақы мен жалақыны төмендетіп жатыр, біз керісінше жоғарылатып келеміз.

Мінеки, біздің ерекшеліктеріміз осындай. Сондықтан да біздің даму моделімізді, біздің дағдарыспен күресу моделімізді дүние жүзі осы күні зерттеп, өздеріне пайдалануда.

Лаура Түсіпбе­кова, «Казахстанская правда»:

- Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгінде шетелдердің көбінде дау-дамай болып, кейде қан тө­гіліп жатқанда Қазақстандағы сайлаудың тыныш өту құпиясы неде деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы елде үнемі жақсы ба­ғыттағы өзгерістердің болып тұрғанын қамтамасыз етуі керек. Бізде ондай өзгерістер көп. Егер біз Қазақстанды постке­ңестік елдермен салыстыратын болсақ, басқа бір елде де біздегідей жақсы көрсеткіштер болған жоқ. Біз ІЖӨ-ні 700 доллардан 9 мыңға дейін жеткізіп, 12 есе өсіре алдық. Еңбекақы 5-6 есеге өсті, экономиканың өсу қарқыны жөнінде мынаны айтар едім: қазір Қазақстан экономикасы ТМД-ға қарайтын барлық Орта­лық Азия мен Қап тауындағы республикалардікін қосқандағы­дан да артық.

Міне, құпиялық осында деп ойлаймын. Біздегі жұмыссыз­дық сол елдермен салыстырғанда ең төмені. Оның үстіне жаңа жұмыс орындары тұрақты түрде ашылып жатыр. Тек қана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы 50 мың адамға жұмыс беріп отыр. 2009 жылы бүкіл әлем­дегі экономикалық дағдарыс шегіне жетіп, жұмыссыздық артып жатқанда, Қазақстан «Жол картасы» бағдарламасы арқылы жаңадан 25 мың жұмыс орнын аша білді. 2014 жылға дейін біз әлі де 160 мың жұмыс орнын ашамыз. 16 миллион тұрғыны бар Қазақстан үшін бұл орасан цифр. Міне, біздегі тұрақтылықтың құпиясы осында.

Ең бастысы, әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Дінаралық соқтығысулар, ұлтаралық соқтығысулар орын алуда. Жазықсыз адамдардың қандары төгілуде. Бұндай оқиғалар Қазақстанда болған емес, біздің халқымыз төзімді халық екені тарихтан белгілі. Оның үстіне, егер елімізде тыныштық, тұрақтылық болатын болса, онда біз оның құнын түсінетін болғанымыз ғой. Тек сонда ғана даму болуы, тек сонда ғана әл-ауқатымыз артуы мүмкін.

Қазір Солтүстік Африканың барлық мемлекеттерінде экономика 10 жылға, мүмкін 20 жылға дейін артта қалмақ. Олар өздеріндегі жағдайға талай өкінетін болар. Міне, сонан қашқан босқындар Еуропаға ағылуда, қарапайым адамдар көз жасына ерік беріп, өлімге ұшырауда. Мен қазақстандықтар осыны ескерген болар деп ойлаймын.

Доган Йылдыз, «Жихан» ақпарат агенттігі:

- Нұрсұлтан Әбішұлы,  Қазақстан – ірі мұнай тасымалдаушы. Шикізаттық тәуелділікті еңсеру үшін индустрияландыру бағдарламасы қабылданды. Ол қаншалықты тиімді іске асырылуда?

- Өзіңіз де білесіз, Қазақстанның индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленді. 2010 жылы алғашқы жылы іске қосылды. Міне, іске қосылған бірінші жылы біз 152 жаңа кәсіпорынды аяғынан тік тұрғыздық. Жай жаңа кәсіпорын ғана емес, өз өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттай алатын кәсіпорындар іске қосылды.

Осының нәтижесінде, мен атап өткендей, біз 25 мың жаңа жұмыс орнын аштық. Біздің экономикамыздың өсімінің жалпы көлемінің 8,5 пайызының 2 пайызы осы жаңа кәсіпорындар үлесіне тиесілі. 2014 жылға дейін біз орталық, үкімет арқылы тағы 300 жаңа кәсіпорындарды тұрғызуды жоспарлаудамыз. Ал 800 кәсіпорын жергілікті, өңірлік билік арқылы салынатын болады.

Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, өңдеуші өнеркәсіп, машина жасау саласы 19 пайызға өсті, ал экономиканың қалған бөлігі 10 пайызға өспек. Міне, біз осыған қол жеткізе алдық.

Екіншіден, индустриалық саясат бойынша біз агарлық елміз, ал қазір азық-түлік проблемасы әлем назарын аударып отыр. Сондықтан біз ауыл шаруашылығына үлкен мән бердік. Біз астық өндірісіне көңіл бөліп келсек, енді мал шаруашылығына көңіл бөлеміз. Сөйтіп, 2014 жылға қарай 60 мың тонна ет өнімдерін елімізден тысқары экспортқа шығаруды қалап отырмыз. Бұл еттің құны 4,5 миллион тонна бидайдың құнымен бірдей. Егер біз 2020 жылға қарай 180 мың тонна етті экспортқа шығаратын болсақ, онда бұл еліміздің экономикасына қосылған сүбелі үлес болған болар еді.

Александр Аксютиц, «Хабар» агенттігі:

- Ең алдымен, Сізді жеңісіңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Президент мырза, Сіз сайлауалды кезеңде айтылған оппози­ция­ның сынына қалай қарайсыз?

- Кез келген Президентті, соның ішінде үлкен табыстарға қол жеткізіп отырған Президенттің жанында әрқашан­да сын да жүреді. Бұл қалыптағы жағдай. Сондықтан мен олардың сынына байыптылықпен қарай­мын.

Сын – біздің қоғамның қозғаушы күші. Оны қабылдауға да немесе қабылдамауға да болады, бірақ онымен санасу керек. Оның үстіне, сын әділ болса, демократиялық үдерістер дами түседі.

Ең бастысы, осы сайлау кезеңінің ерекшелігі, «қара» пиарға жол берілген жоқ. Ешкім де ешкімнің арына кір келтірген жоқ. Мен қазақстандықтадың саяси мәдениеті анағұрлым өскенін сезіндім.

Бүгінгі міндет: «Мен зейнетақыны 10 есе, еңбекақыны 18 есе арттырып, бәріңізді баспанамен қамтимын» деп, популизммен айналысу емес. Адамдарға ақшаны қайдан аласың, нені тұрғызасың, соны айту керек. Өйткені мемлекеттік бюджет – ол даңғарадай қап емес, ал ақшаның да сұрауы бар, ол халықтың, салық төлеушілердің ақшасы.

Яғни, тек қана біз елімізді экономиканы арттыру есебінен дамыта аламыз.

Өз тарапымнан мен оппози­цияға: билікке таласқаннан гөрі, елдің жақсы тұрмысқа жетуіне атсалыс­саңыздар дұрыс болар еді деген ұсыныс айтар едім. Бүгінде барлығы дағдарысты еңсердік деп айтады.

Иә, бүгінде тәжірибе ретінде зерттеліп отырғандай, біз өзіміздің дағдарысқа қарсы іс-қимыл әдісін құрдық. Сондай-ақ тәжірибе ретінде зерттеліп жатқандай, біз өзіміздің экономиканы дамытудың әдісін құрдық. Бірақ мен мұндай дағдарыс қайталануы мүмкін деп сескенемін.

Қазіргі кезде әлемде жасалып жатқандай, мемлекеттік ақшамен экономиканы қалай айналдырып жатқаны, бюджеттік шығындар қалай өсіп отырғаны белгілі. Бұл жақсы іске апармауы мүмкін.

Сол секілді бүгінгі күні мұнай бағасы өсуде, дегенмен өткен жылы орын алғандай, төмендеуіне әкеліп соғуы да мүмкін. Міне, біз айналысатын жұмыстар. Мен барлық саяси партияларды таяуда құрылған демократиялық «2020-Коалиция» аясында келіссөздер үстеліне отырып, бірге жұмыс істеуге шақырамын. Яғни, нақты бағдарламасын, нақты идеяларын ұсынып, халықты сендіретін оппозиция келесі парламенттік сайлауға әзірленетін болады және сенімге ие болады – міне, бұл біз жүретін жол.

Айбек Қобдабай, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы:

- Құрметті Елбасы! Сіздің сайлауалды бағдарламаңызда ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды көркейтуге баса назар аударылатыны айтылған. Осы орайда, нақты қандай бағыттарға басымдық беріледі?

– Жаңа мен айтып кеттім, біз 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөліп келе жатырмыз. 670 миллиард теңгеден астам ақша бөлінді.

Көп жағдайда біз ауыл шаруашылығына субсидия, яғни қайтарылмайтын мемлекет ақшасын беріп отырмыз. Соның арқасында, әсіресе, дәнді дақылдардың өнімі айтарлықтай артты. Былтырғы құрғақшылықтың өзінде біз орташа деңгейде өнім алдық. Осының бәрі мемлекет жасап отырған қамқорлықтың арқасы. Соның арқасында ауыл шаруашылығына жаңа техника келді, жаңа комбайн, машиналар келді. Озық агротехнологияны қолданатын болдық. Қазіргі қолға алып жатқанымыз – ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесі. Атап айтқанда, сүттен басқа өнімдер жасап шығару, еттен басқа өнімдер жасап шығару дегендей.

Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудара бастадық. Мал бордақылайтын 52 пункт ашылатын болады. Оның төңірегінде 2300 шағын фермерлік бизнестер жұмыс істейді. Ауылдағы көптеген адамдарға, миллиондаған адамдарға жұмыс табылып, күнкөріс көзі ашылады.

Дәнді дақылдарды молайтып, ауыл шаруашылығындағы жылыжайларды өркендету ісі де бірге атқарыла беретін болады. Мәселен, оңтүстік өңірлерде – көкөніс, жеміс-жидек салу, солтүстік пен тағы бірқатар өңірлерде – бидай өсіру, далалық жайылымдарымызда мал өсіру жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылатын болады. Мұның барлығы менің сайлауалды бағдарламамда айтылған.

Ирина Мухамадеева, МТРК «МИР»:

-  Сіз Кеден одағының даму қарқынын қалай бағалайсыз? Бұл бірлестік таяу келешекте әлемдік нарықта салмақты ойыншыға айнала ала ма?

- Бұл сауалыңызға рахмет! Мен – үнемі интеграциялық процестердің жақтаушысымын. Бұл менің қандай да бір саяси ұпай жинауды көздегендігімнен емес. Мен интеграцияның болашағы барына сенемін. Әсіресе, Еуразиялық интеграцияны айтамын. Өйткені мемлекеттің дамуы мен экономиканың құрылым логикасы осыған әкеліп саяды, Еуразиялық бірлестік кеңістігінде бұл ұғымдар бірін-бірі толықтыра түседі.

Егер есіңізде болса, 1994 жылы ММУ-нің қабырғасында мен айтқан ұсыныстар, Еуразиялық одақтық модельдік жобасы, Кеден одағында іс жүзіне асырылды.

Сіздерге тек бірінші жылы жүргізілген жұмыс нәтижесінде Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 30 пайызға артқанын хабарлағым келеді. Ресейден Қазақстанға – 35 пайыз. Мұндай ешқашан болмаған.

Ойлап көріңіздерші, қаншама іскер адамдар, қаншама біздің зауыттар, фабрикалар өнімдерін өндірді, сатты және сатып алды. Сондай-ақ, мысалы, Беларусьтың Қазақстанға тауар айналымы бір жылда 2 есеге артты. Яғни, мұның үлкен болашағы бар.

Бұл еш мелекеттің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді. Бұл таза экономикалық іс.

Біздің көз алдымызда - Еуропалық одақ. Барлығы бұдан тиімділік күтеді.

Қазір бірыңғай экономикалық кеңістікке өтудеміз. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап біздің Ресеймен кедендеріміз біржола алынып тасталады. Қажет деп саналатын шекарашылар ғана қалады.

Яғни, меніңше, қазір Астанаға ұшып келгендеріңізде, сіздер басқаларға қарағанда, өзге дәлізбен жүресіздер. Сол сияқты қазақстандықтарға Мәскеуде де сондай жағдай жасалған.

Айтыңыздаршы кәнеки, бұл игілік үшін емес пе. Сондықтан бұл бизнесті дамыту үшін, мұның барлығы дамуымыз үшін жасалып отыр. Біздің бәріміз де бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге әзірленудеміз. Егер біз ішімізде бәсекелестікті дамытпасақ, өз бинесімізді шыңдамасақ, онда ол жаққа өз тауарларымызбен қалай бармақпыз?

Сондықтан барлық жағынан алып қарағанда, бұл пайдалы іс болғандықтан мен толық қолдаймын.

Ярослав Красиенко, «КТК» телеарнасы:

- Өмірлік маңызы бар сауал – тұрғын үй мәселесі болып табылады. Бүгінде тұрғын үй сатып алу бұрынғыша, әсіресе жастар үшін күрделі күйінде қалуда.  Мемлекет бұл проблеманы шешуде қандай көмектер көрсетпек?

- Егер біз ешқандай шара қолданбағанда, тұрғын үй құрылысы жартылай тоқтаған болар еді. Дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстан жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Биылғы жылы біз 3 миллион шаршы метр деңгейіне төмендедік.

Сондықтан мен жаңа идея көтеріп, тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын ұсындым.

Бірінші. Пәтер алғысы келетін адам «Тұрғын­үй­құры­лыс­­жи­нақ­­банкі­не» қаржысының 50 пайызын жинақтау қажет, бұл мемлекеттік банк. Түсінетін боларсыз, егер жас болса, бір бөлмелі пәтер үшін қаржы салады. Салыстырып қарағанда, оның бағасы арзандау. Қалған 50 пайызды банк береді. Қолында ақшасы бар адам еді пәтер сатып ала алады. Ал бұл пәтерлерді қайдан алу керек?

Бұл пәтерлерге ие болу үшін, біз барлық облыстық әкімдіктерге ақша бөлдік. Осы ақшаға олар үй тұрғызады. Адамдар келіп өз ақшаларын береді. Ақша мемлекетке және банкке қайтарылады. Пәтер иесі алған үйінде тұрып, ақшасын төлейді және қарызын белгілі бір мерзімде қайтарады.

Пәтер иесі өз пәтерінің құнын толық қайтарғанда барып, ол жекеменшігіне өтеді. Оған дейін ол пәтер кепілдікте болады. Бұл өте жақсы тәсіл.

Екінші.  Екінші деңгейдегі банктерді қорландыру. Мемлекет, банк және адам. Адамдар пәтер құнының 20 пайызын, мемлекет 40 пайызын, банк 40 пайызын салады. Осылайша тұрғын үй құрылысы үшін ақша жинақталады.

Барлық бюджеттік ұйымдардың еңбекақысын 1 шілдеден бастап 30 пайызға арттыру халықтың мұндай несиені төлеуіне жақсы мүмкіндіктер туғызады.

Үшінші бағдарлама бойынша мемлекет коммуникация, алаң әзірлеп, су тартып, электр желісі мен кәріздерді жүргізеді. Сосын барып: «Үй салыңдар» дейді. Бұл инженерлік коммуникация құрылыстың 30-35 пайызын құрайды. Іс жүзінде біз тұрғын үй құнының 30-35 пайызын өз міндетімізге аламыз. Кез келген инвестор ол жерге тұрғын үй салып, оны сата алады. Немесе жеке меншік иелері тұрғын үй салып, сатуы мүмкін.

Сондықтан мен сіздерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан, халықтың сауатын көтеруге атсалысуларыңызды сұраймын. Әрине, банктер ақшаны оңайлықпен бере салмайды. Сіздер бұл несиені қайтара аласыздар ма, жоқ па, сіздер қайда жұмыс істейсіздер, сіздердің еңбекақылаыңыз қандай, бәрін тексереді. Сондықтан мен үнемі қазақстандықтарды иждивенец бола бермей, жұмыс істеуге шақырамын. Кім жұмыс істейтін болса, сол бәріне ие болады. Бізде қазір жұмыс қолы жетіспейді. Іс жүзінде Қазақстанда жұмыссыздық болмауы тиіс. Бізде адамдар жетіспейді. Көптеген мамандық иелері жетіспейді. Біз жаңа зауыттар тұрғызудамыз. Ол былай қарағанда жұмыссыз жүр, бізде жұмыс орны бар, бірақ оның мамандығы жоқ. Міне, осы себепті бағдарлама әзірленді. Осылайша өзін-өзі қамтыған адамды мемлекет есебінен оқу орындарына жіберіп, оқытып, оған стипендия төлеп, содан кейін мамандық алған соң барып, жаңа зауыттарға жұмысқа орналастыру қажет.

Мен үлкен қызығушылық туғызғандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Бұл Қазақстанның ашықтығын білдіреді. Өздеріңіз білесіздер, әлем елдерінен 1059 бақылаушы, 200-ден астам журналистер келді. Бүгін мен көптеген шетелдік бақылаушыны қабылдадым. Олар жалпы сайлау заңнамасының бұзылғандығы немесе осы сайлау барысында қандай да бір заң бұзушылықтың болғандығы туралы сын айтқан жоқ. Мен бұл бірінші рет осылай болып отыр деп санаймын. Біз өткен жылы ЕҚЫҰ төрағасы ретінде, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізген мемлекет ретінде әлемнен көптеген достар таптық, біз оларды ұятқа қалдырмағанымызды көрсеттік. Біз алға, елімізді экономикалық және саяси жаңғыртуға қадам бастық.

Бағлан Майлыбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді журналистер атынан сенімді жеңісіңізбен тағы да құттықтауға рұқсат етіңіз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар