Жаңалықтар

6 наурыз 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Виктор Ющенкомен кездесті.

Делегация өкілдерінің қатысуымен достық пен іскерлік сипатта өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде, көкейкесті өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасу болды.


Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Украина Президенті В.Ющенконың Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, онда жүргізілген келіссөздердің негізгі қорытындылары айқындалды.


Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.


Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев келіссөздер барысында тараптар түрлі салалардағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалған «бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ «Қазақстан-Украина 2007-2008 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын толық көлемде жүзеге асыруға деген нық сенімдерін тағы бір дәлелдей түскенін» атап өтті.


Мемлекет басшысы 2007 жылы өткен Украинадағы Қазақстан жылын қорытындылады және оның экономикалық тиімділігін – 2006 жылмен салыстырғанда былтырғы жылғы екіжақты тауар айналымының көлемі 64 пайызға артқанын айрықша атап өтті.


Тараптар Қазақстан-украина экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының жұмысын жандандыруды қолдады.


- Біз сондай-ақ энергетика, Қазақстан мұнайын тасымалдау, мұнай-газ кен орындарын игеру салаларында, бірлесе мұнай-газ жабдықтарын шығаруда бірқатар бірлескен жобалар бойынша жұмыс атқаруды жалғастыруға уағдаластық, - деді Н.Назарбаев.

Келіссөздер барысында ТМД кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістерді дамыту қуатталды.


- Қазақстан-украина қарым-қатынасы оң бағытты ұстанған және жақсы серпінге ие деп есептеймін, - деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.


Сондай-ақ Мемлекет басшылары журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.


Бірлескен мәлімдеменің мәтінін мына жерден қараңыз.


Баспасөз мәслихатының стенограммасын мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар