Жаңалықтар

18 қаңтар 2010
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен кеңес өтіп, онда Үкіметтің есебі тыңдалды.

 

Кеңес жұмысына Премьер-Министр К. Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Мусин, Премьер-Министрдің орынбасарлары, Үкімет мүшелері қатысты.

 

Кеңес барысында Премьер-Министр К. Мәсімов Мемлекет басшысына еліміздің 2009 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2010 жылғы даму жоспары туралы баяндады. Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Е. Орынбаевтың 2010 жылға арналған Үкіметтің жоспары туралы, Индустрия және сауда министрі Ә. Исекешевтің экономиканы индустрияландыруға қатысты баяндамалары тыңдалды. 

 

2009 жылғы ел дамуын қорытындылай келе, Мемлекет басшысы өткен жылы атқарылған жұмыс көлемі аз болмағанын атап өтті. 

 

- Өткен жылы барлық елдер экономикада оң нәтижеге қол жеткізген жоқ. Біз серпінді мемлекеттер деп аталатындардың қатарынан көріндік. Көптеген мемлекетте көп жағдайда сыртқы қарыз өскен, несие көбейген, бюджеттің жетіспеушілігі орасан мөлшерді құрайды, жұмыссыздық артта түскен, жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар саны артқан. Біздің экономика дағдарыстан шығынсыз шықты. Осының арқасында біз жұмыссыздықты қысқарттық, инфляцияны төмендеттік, біздің халқымыз үшін өте қажетті «Жол картасын» жүзеге асыру үшін үлкен жұмыстар атқардық. Жаңа басталған 2010 жылы бізді едәуір мәселелер күтіп тұр. 2010 жыл біз үшін 2020 жылға дейінгі біздің стратегиялық даму бағдарламамызды жүзеге асырудың негізінде үдемелі дамудың орнықты траекториясына Қазақстанның шығу жолы болуы қажет. 

 

Кеңесте сондай-ақ 2020 жылға дейінгі экономиканы индустрияландыру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы елімізді одан әрі индустрияландыру тетіктерін жан-жақты әзірлеу қажеттігін атап өтті. Президент өзіндік шикізат базасы, кадрлары және заманауи технологияларға қол жеткізген салаларды таңдауға назар аударуға шақырды. 

 

Кеңесте сондай-ақ банк секторы және кадр саясаты мәселелері де талқыланды. 

 

Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар