Жаңалықтар

25 тамыз 2010
Бүгін Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.
04

Мемлекет басшысы Р.Миннихановты Татарстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісуімен құттықтады және Қазақстанның Ресей Федерациясының Татарстан тәрізді ірі өңірімен достық пен сенімге негізделген дәстүрлі ынтымақтастығы қазіргі қарқынын жоғалтпастан, одан әрі табысты дами беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Әріптестіктің перспективалы бағыттары ретінде машина жасау, мұнай және мұнайхимия салалары, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық және өзге де салалары атап өтілді. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты инновация саласы болып табылады. Тараптар жол құрылысы және мұнайхимия саласындағы бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырады.

Сонымен қатар, Татарстан басшылығы қазақстандық астықты сатып алу ниетін білдірді.

Қазақстанда «КАМАЗ», «Қазан тікұшақ зауыты» бойынша бірнеше бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылуда. 2008 жылы «КАМАЗ-Инжиниринг» бірлескен кәсіпорны 10,5 миллиард теңгенің өнімін шығарып, Қазақстанның жүк көліктері рыногының 75 пайызын қамтамасыз етті.

Қазақстан Республикаымен «Татнефть» ААҚ, «Нижнекамскнефтехим» ААҚ, «Нижнекамскшина» ААҚ, «КАМА» сауда үйі» ААҚ, «Казаньоргсинтез» ААҚ, «Альметьевский труба зауыты» ААҚ және Татарстанның өзге де кәсіпорындары ынтымақтастық жасап келеді.

Журналистерге арналған брифингте Татарстан Республикасының Президенті Астана құрылысының қарқынына таңданысын білдірді.

- Мұнда жасалғанның бәрі де жоғары әлемдік деңгейде атқарылған. Көптеген нысандардың әлемде баламасы жоқ. Біз мұнда келген сайын үйреніп қайтамыз, - деді Р.Минниханов.

Татарстан Президенті Қазақстан экономикасын дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне жоғары бағасын берді.

- Нұрсұлтан Назарбаев – біз үшін үлгі-өнеге. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі Ұлт Лидерінің жарқын мысалы, соның арқасында Республика гүлденіп, дағдарыстың барлық салдарларын табысты еңсере білді. Нұрсұлтан Әбішұлы – бұл тұлға, мемлекетті осындай лидердің басқарып отырғаны Қазақстан үшін бақыт, - деп атап көрсетті Р.Минниханов.       


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар